Бірақ өткен ғасырдың бір нәубеті байталау (кәмпеске) науқаны Ерқараны айналып өтпеді. Осындай зауалдың жақындап келе жатқанын аңдаған бай бірнеше жылдың алдында сенімді адамдар арқылы үйір-үйір жылқысын Атбасарға саттырып, ол ақшаны алтын-күміс бұйымдарға айналдырып тығып тастаған болатын.
Байдың малын талауға келген белсенділер «жылқыларыңды қайда жасырдың деп әлек салады». Бай айтады:
– Малымның қалғаны осы, сенбесең мына жұрттан сұра, – деп қамшының ұшымен талауға түскен малды қосақтап мәз-мәйрам болып жатқан тобырды нұсқайды.
Белсенділер «дүниесін жасырды» деген желеумен Есқара мен баласы Қабдолданы айдап кетеді. Сол кеткеннен әкелі-балалы екеуі итжекеннен бір-ақ шығыпты.
Тұманға тұншыққан жыныс орман, бесатарын кезенген солдат, дәмі су татыған сұйық көже. Кешікпей ауру меңдеген ақсақал дүниеден өтер болады. Қал үстінде жатқан әке ұлына айтады:
– Балам, бұл жерден аман шықсаң елге барарсың, сен Бұқар кеткенде мен жылқыларды затқа айналдырып, күзеуліктегі көң қораның сыртындағы жықпылды беткейге жасырып едім. Бұл мүлікті сен табасың. Оған ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені мен Алланың үкімін қалт еткізбей ықыласпен атқарған адаммын. Мал-мүлкімнің зекетін берерде, ішіндегі жақсысын, сапалысын таңдадым. Жиған дүниеме бір мысқал арам араластырған жоқпын. Мұндай дүние ұрпағыма бұйырмауы мүмкін емес, − деп аманаттайды. − Бірақ − дейді Есқара ата: – сол дүниені сен де адал жұмса!
Қабдолда әкесінің мүрдесін арулап, өзі жаназасын шығарып, татар зиратына жерлейді. Күндердің күнінде бостандық алып еліне келеді. Заман өзгерген, халық колхоздасқан, ескі көздердің көбі жер ауып кеткен... Әділ дейтін жамағайыны колхоздың қойын бағады екен. Соның үйінде көмекші шопан атанып жүріп жатады. Бір-екі жыл өткен соң, елдің жай-жапсарына қанығып, қолына құжатын алып, өзі білетін Бұқар жаққа кетуді ойлайды. Бірақ әкесінің қал үстінде жатып айтқан «мал-дүниеме бір мысқал арам араластырған жоқпын. Оның ұрпағыма бұйырмауы мүмкін емес...» дегені көкейінде жаңғырып тұрды да қойды.
Содан бір күні таңнан тұрып, дұға-тілегін жасап, әкесі аманаттаған дүниені іздеп шығады. Күн көтеріле көң қораны табады. Жайылып жатқан жықпыл тастар. Мұның қай жерінен іздемек. Дағдарып тұрғанда қарсы алдына кішкентай торғай келіп қона қалмасы бар ма. Шырылдаған даусы жылаған балаға ұқсай ма қалай...
Бір аттап еді торғай ұшып барып әудем жердегі тастың үстіне қонады. Қабдолда таяп барса тағы ұшады. Бірақ ұзап кетпейді. Осылай торғай ұшады, қонады, Қабдолда қалмай ереді... Мұнда бір хикмет барын Қабаң да түсіне қояды. Торғай ұшып барып жалпақ тастың үстіне қонады да, «мен міндетімді атқардым» дегендей, аспанға шаншыла көтеріліп, жоқ болып кетеді.
Қабдолда жалпақ тасты қопарып қалса, астында құрым киізге ораған әкесінің дүниесі жатыр. «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді», деген осы екен-ау. Кешікпей Қабдолда Есқараұлы елімен қоштасып Бұқар жаққа көшеді. Сонда жүріп үйленеді, тұрмысы жаман болған жоқ, 1970 жылдары дүниеден өткен екен, ұрпағы тәуелсіздіктен кейін елге оралды. Қазір бәрі үлкен кәсіп иелері.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»