Қазақстан • 20 Ақпан, 2018

Жаһаншаның кілемі

513 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауылында орналасқан Алаш мұражайы бүгінде «Алаш арыстарының үйі» деген атаумен Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандарының тізіміне енгізілген. 1917-1918 жылдары Күнбатыс Алашорда үкіметі орналасқан екі қабатты тарихи ғимараттың ең құнды жәдігерлерінің бірі – Жаһанша Досмұхамедұлының Мәскеудегі үйінен әкелінген қалы кілем. 

Жаһаншаның кілемі

Жаһанша Досмұхамедұлы өмірінің соңғы жылдары Мәскеуде өткені мәлім. 1938 жылы 1 маусымда соңғы рет тұтқындалған кезде Жаһаншаның отбасы құрамында әйелі Ольга Константиновна Досмұхамедова, енесі Ольга Федоровна Пушкарева, немере інісі Қадес Досмұхамедов болған екен. Қадес – Жаһаншаның немере туысы Өлдәннің баласы, өз баласы болмаған соң Ольга мен Жаһанша Қадесті бауырына басқан.

– Кілемнің тарихына келетін болсақ, оны Ольга Константиновна 1964 жылы Қанипа Шәріпқызына өз қолымен сыйлапты. Шежіреге көз салсақ, Сұлтан атамыздан екі ұл – Досмұхамед пен Ізмұхамбет тараған. Досмұхамедтен Қабас пен Жаһанша туса, Ізмұхамбеттен Өлдән мен Шәріп тараған. Шәріптен туған Қанипа апамыз да Жаһаншаның тәрбиесінде болып, қарындасы саналып кеткен, – дейді Жымпитыдағы Сырым Датұлы атындағы музей меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева.

Жаһанша Досмұхамедұлы тағы бір қазақтың марғасқа тұлғасы Тұрар Рысқұловпен туған бажа болған. Жаһаншаның Мәскеуде пәтерлі болуына да осы Тұрардың ықпалы болса керек. Айнагүл Ойшыбаеваның айтуына қарағанда, Жаһаншаның Мәскеудегі пәтерінде қазақтың талай-талай айтулы тұлғалары жиі бас қосып отырған екен. Ендеше бұл кілемде талай тұлғаның табанының табы қалған десек қате болмас.

Айта кетейік, Ольга Константиновна ұзақ өмір сүріп, 1986 жылы желтоқсанда қайтыс болған. Өле-өлгенше Жымпитымен қатынасы үзілмеген, ерінің туыстарымен араласып тұрған. Жаһаншаның көптеген отбасылық суреттері дәл осы Ольга анамыздың сақтауы­мен бүгінге жетті.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы