Қазақстан • 20 Ақпан, 2018

Берік Әбдіғалиұлы: әліпбидің ұлттық сана-сезімге, мәдениетке ықпалы өте зор

702 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Берік Әбдіғалиұлы әліпбидің жаңа нұсқасына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Берік Әбдіғалиұлы: әліпбидің ұлттық сана-сезімге, мәдениетке ықпалы өте зор

«Жалпы, әліпбидің ұлттық сана-сезімге, ұлттық мәдениетке ықпалы өте зор. Бұл бұрыннан бері дәлелденген. Сондықтан, латын әліпбиінің бүгінгі нұсқасы халықпен бірге ақылдасып, ойын ескеріп, қабылданып жатқан нұсқа деп есептеймін. Сондықтан, бұл қадам бір жағынан саяси маңызды деп айта аламын», - дейді ол.

Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, талқылау басталғалы бері көптеген ұсыныстар қабылданған.

«Сондықтан, (бұл нұсқаны - авт.) жалпыхалықтық деп айтуға болатын шығар. Әрине, көбіне әлі түсініксіз болар. Уақытына байланысты айтар болсам, ережесі жасалғанша  әлі біршама ауқымды жұмыс бар. Қазіргі жастарға, үлкендерге мұның қажеті қанша деген сұрақ туындауы мүмкін. Кеңес кезінде әліпби әдейі кириллге ауыстырылған. Осыны ескере отырып, қазіргі қадамды тарихи шешім деп қабылдаймын», - дейді Берік Әбдіғалиұлы.

Сонымен бірге, ол қоғамда әртүрлі пікірлер болатынын да айтып өтті.

«Әлбетте, мың адам болғаннан кейін мың түрлі пікір болады. Ереже қабылданады. Ендігі қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігі, тіл институттары осыған байланысты қазақ тілінде жазудың ережелерін шығару керек. Яғни, дыбыстар толық зерттеледі. Оның өзіне 5 жылдай уақыт кетуі мүмкін. Соның барысында, менің ойымша, айтарлықтай өзгеріс болмайды», - деп түйді Берік Әбдіғалиұлы.