Үкімет • 21 Ақпан, 2018

Үкіметте су тасқыны ке­зең­і­не дайындық талқыланды

472 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қыстың қаһары қайтып, көк­тем иісі сезіле бастағаннан елді ме­кен­дегі жұртты су тас­қыны ерек­ше алаңдатады. Мәсе­лен, қазірдің өзінде еліміздегі бір­қатар өңірлердің 160 елді мекенін еріген қар суы басу қаупі бар екен.

Үкіметте су тасқыны ке­зең­і­не дайындық талқыланды

Ал табиғи апатқа қарсы тұрудың қаншама шара­сын қарастырып жатырмыз деп Үкіметте жылда есеп беріл­генімен, ауыл-аймақтарды түгел­дей аман алып қалудың амалы болмай отырғаны белгілі. Қар көбесі сөгілді дегенше жағадағы жұрттың жаны шүберекке түюлі. Бірақ тасқын суға табиғи апат екен деп қарап оты­руға болмайды. Бар жағдайды қарастырып, жұмысты жандандырып, тиісті шараларды уақтылы орындаса қауіптің алдын алып, тұрғындарды құтқарудың мүмкін екен­дігіне Үкімет тағы үміт біл­дірді. Отырыста су тасқыны ке­зең­і­не дайындықты әбден талқы­лап, Премьер-Министр жауапты органдарға тас-түйін болуды тапсырды. 

Ішкі істер министрі Қ.Қа­сы­­мовтың айтуынша, нақты жұ­мыстар жүргізілгенімен өңір­лер көктемгі су тасқынына толықтай дайын деп айтуға келмейді. Ше­шуді қажет ететін бірқатар проб­лемалар бар. Біріншісі, су қой­маларының барлығы бірдей тасқын суды қабылдауға дайын емес. Мәселен, Су кодексіне сәй­кес су шаруашылығы ұйымдары су­дың зиянды әсерінен елді мекен­дерді, өнеркәсіптік нысан­дарды, ауылшаруашылық жер­лерін қорғауды жоспарлап, ес­керту шараларын жүргізуі тиіс. Дегенмен, бұл жергілікті жерлерде атқарылып отырған жоқ. Мәселен, министрдің мәлі­ме­тін­ше, Ақтөбе облысында гидро­тех­никалық құрылғылар бойынша ескерту жоспары әзірленбеген. Ақмола облысында алдын алу шаралары респуб­ликалық мен­шіктегі 15 гидро­техникалық құ­рыл­ғыларда ғана жоспарланған.

Ал комму­нал­дық меншіктегі 68 нысанға қатысты еш жос­пар жоқ. Дәл осындай жағдай Сол­түстік Қазақ­стан облысында да орын алуда. Коммуналдық мен­шік­тегі 17 гидротехникалық құрылғыны қорғау шаралары ұйымдастырылмаған. «Қазірдің өзінде Қарағанды облысындағы Самарқанд пен Ынтымақ су қоймаларында жинақталған судың көлемі 2017 жылғы көр­сеткіштен асып түседі. Қар күрт еріп, су қарқынды келе бас­та­ған жағдайда суды апатты жағ­дайда ағызуға тура келеді. Ал бұл өзеннің төменгі сағасында ор­на­ласқан 44 елді мекенді су астында қалдыру қаупін тудырады», деді Қ.Қасымов. Екіншіден, елді мекендерді даланың еріген қар суынан қор­ғауда да мәселелер бар. «Тек соңғы жылда ғана еріген қар суынан 57 елді мекен зардап шекті. Қазіргі уақытта Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Ба­тыс Қазақстан, Қарағанды, Пав­лодар, Солтүстік Қазақстан облыс­тарындағы 160 елді мекенді еріген қар суының басу қаупі сақталып отыр. Жергілікті атқарушы органдар бұл проблеманы шешу үшін кешенді шаралар қарастыруы тиіс», деді Ішкі істер министрі. Сондай-ақ министрлік жергілікті ат­қарушы органдармен бірге көк­темгі су тас­қыны қатерін азайту үшін кешенді шаралар атқарғанын атап өтті. 

Қазгидрометтің болжамды мәліметтері бойынша, жалпы елі­мізде қар көлемі нормадан төмен. Дегенмен, су тасқыны қаупі жердің көктемгі ылғалдану деңгейінің жоғары болуымен күрделеніп отыр. Қазіргі уақытта тоңның қа­лыңдығы 60 сантиметрден 1,5 ме­трге дейін жетеді. «Бұл өткен жылғы көрсеткіштен біршама жо­ғары.

Бірақ қардың жиналуы да жалғасып жатыр», деді министр. Оның дерегінше, ең күрделі жағдай мұздың еріп, Сырдария өзені суының деңгейі артуына бай­ланыс­ты Оңтүстік Қазақстан мен Қы­зылорда облыс­тарында болуы ықтимал. «Көктемгі су тас­­қыны кезінде жағдайдың алдын алу мақсатында арнайы топ­тар құрылды. 49 мыңнан ас­там адамнан тұратын бөлімдер жа­сақталды. 16800 техника бар. Су тасқыны болған жағдайда халық­ты қауіпсіз жерге көшіруге арнал­ған бекеттер анықталып, бағ­дар­лары белгіленген. Қажетті көлік құралдарымен де қамта­масыз етілген. Ұлттық гвардия мен Ішкі істер министрлігінің әс­кери жасақтары да дайын», деді Қ.Қасымов. Министрдің де­регінше, жергілікті атқарушы органдар елді мекендерден 3,5 млн тонна текше метр қар шығарған. 8,5 мың тонна жанармай, 125 мың тонна қажетті материалдар бар. Әкімдіктер төтенше жағдайлар болған жағдайға 24,7 млрд теңге дайындап отыр.

Үкімет отырысында бұдан әрі жалпы су тасқыны қаупіне қа­­тыс­ты тағы қандай шаралар қолға алынып жатқаны жө­нін­­де Энергетика министрі Қ.Бо­зым­баев, Инвестиция­лар және даму министр Ж.Қа­сымбек, Ауыл ша­руашылығы вице-министрі Е.Нысанбаев та есеп берді. Мә­селен, Инвестициялар және даму министрі ведомстволық ба­ғы­нысты ұйымдарда ағымдағы жылғы Су тасқыны кезеңіне арналған іс-шаралар жоспарлары бекітілгенін және Су тасқынына қарсы комиссияның жұмысы ұйымдастырылғанын жеткізді. Жалпы, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 1 284 автожол көпірі, 14 686 су өткізу құбыры бар. «Қазіргі уа­қытта тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік қызмет ұйым­дастырылды және автомобиль жолдарына күзет қойылып, ұзақ­тығы 316 шақырымдық 476 қауіп­ті учаске, 942 құбыр және 101 көпір бақылауға алынды. Бекітілген жоспарға сәйкес, су тасқыны кезеңінде жұмыстарды уақтылы ұйымдастыру үшін құм, қиыршық тас, цемент, су өткізу құбырлары, ыдыс-қаптар, жанар-жағармай сынды құрылыс материалдары мен конструкциялар, өзге де техникалар дайындалды», деді Ж.Қасымбек. Министрдің атап өтуінше, іс-шараларды орындау кезінде өңірлердің ауа райы мен климаттық жағдайы, сондай-ақ 2017 жылғы көк­темдегі мұз еру және су тасқыны кезеңіндегі оқи­ға­лар ескерілді. Ал Энергетика министрі Қ.Бо­зымбаев «Қаз­гид­ромет» қызметінің күшей­ге­нін тілге тиек етті. Иә, өт­кен жылы әсіресе жергілікті атқа­рушы органдар тарапынан «Қаз­гидромет» қызметіне сын өте көп болған еді.

Содан кейін қо­сымша құрал-жабдық сатып алуға ақша бөлінген. Енді, міне, қазіргі уақытта «Қазгидромет» бол­жау жүйесіне өзгертулер енгізген. Мәселен, бұған дейін гидро­логиялық болжам үш ай бұрын жасалып келген. Ал 1 нау­рыздан бастап синоптиктер 7 күн бұрын болжам жасап отыратын болады. «Оның дәлдігі 90 пайыздан асып түседі және әрбір үш күн сайын түзетіліп отырады. Яғни, бар­лық мемлекеттік органдар орын алатын климаттық және бас­қа да өзгерістер жайында ақпа­рат­тарды үлкен дәлдікпен алады. Сондықтан ақпарат толыққанды бо­лады деп ойлаймын. Жалпы, «Қаз­гирометті» жабдықтау 5 жыл­ға арналған бағдарлама әрі оны жалғастыру қажет», деді министр.

Өз кезегінде Ауыл шаруа­шы­лығы вице-министрі Е.Нысанбаев тасқын суларды сақтау, жинақтау және тарату жұмыстары туралы баяндады. Сондай-ақ селекторлық жиында Астанамен онлайн байланыста отырған облыс әкім­дері – Ақмола облысының әкі­мі М.Мырзалин, Қызылорда облы­сының әкімі – Қ.Көшербаев, Сол­түстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов, Алматы об­лы­сы­ның әкімі А. Баталов, Шы­ғыс Қазақстан облысының әкі­мі Д.Ах­метов, Қарағанды об­лы­сы­ның әкімі Е.Қошанов, Қос­та­най облысының әкімі А.Мұ­хам­­бетов, Оңтүстік Қазақ­стан об­лы­сының әкімі Ж.Түй­ме­баев өңір­лердегі жағдайды жет­кіз­ді. Әрине, әкімдердің бәрі да­йын­дық жұ­мыстары жүріп жат­қанын, көптеген шара қолға алын­ғанын айтты. Премьер-Ми­нистр өңір әкімдерін көктемгі су тас­қыны қаупіне барынша жа­уап­кершілікпен қарауға шақырды.

Айтқандай, Ақмола облысының әкімі есеп берген кезде Үкімет басшысы жылда тасқыннан зардап шегетін Атбасардың ахуалын арнайы сұрады. Үкімет басшысы «Атбасардың жағдайы қалай болмақ? Не күтеміз? Үйінді топырақ суды ұстай ала ма? Жылда ақша бөлеміз. Бұрын ақша құмға кетті десек, енді суға кетіп жатыр. Тұрғындардың үндеуін оқыдым. Олар қаржыны дамба салғанша су бармайтын басқа жерден үй салып беріңдер» дейді. Миллиардтаған қаржыны несіне жұмсап жатырсыз?», деді Үкімет басшысы. Ақ­мола облысының әкімі М.Мыр­залин Б.Сағынтаевтың сынымен толықтай келісетіндігін жеткізді. «Бұл дұрыс пікір. 9 шақырымдық дамба салуға 10 млрд теңге қаржы кетеді. Ал 1830 адам тұратын 530 үйді басқа жаққа көшіріп, үй­лерді салуға 3-5 млрд теңге ке­теді. Шығынның мөлшері төмен бо­лады», деді әкім.

Осы ретте Б.Са­ғынтаев бір рет дұрыс шешім қабылдап, бұл мәселені түбе­гейлі жабу қажеттігін қатаң ес­кертті. Жыл сайын оның салдарын жоюға миллиардтаған қаржы жұмсағаннан гөрі дұрыс бағдарлама қабылдау қажеттігін айтты. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Маминге жол картасын жалпы үйлестіруді және іске асыруды, Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеевке тасқын су мен еріген қар суын жинау және бөлу бойынша жоспардың орындалуын бақылауда ұстау қажеттігін қадап айтты. Мемлекет басшысының жаңа су қоймаларын салу бойынша тапсырмаларын орындау, сондай-ақ су тасқыны қаупін жою бойынша үлкен жұмыс күтіп тұрғанын атап өтті. Бұдан өзге, су басу қаупі бар аймақтардан тұрғындарды көшіру бағдарламасының жобасын әзірлеуді тапсырды. 

АХҚО – ел үшін аса маңызды жоба 

Үкімет отырысында қа­рал­ған келесі мәселе «Астана» ха­лық­­аралық қаржы орталығы­ның қызметі туралы АХҚО бас­қарушысы Қ.Келімбетов айтып берді. Қ.Келімбетов хабар­лағандай, елорданың 20 жылдығын мерекелеуге арналған «Астана» халықаралық қаржы орталығын ресми таныстыру рәсімі биыл 5 шілдеде ЭКСПО Конгресс ор­талығының ғимаратында өтеді. Салтанатты іс-шараға қатысуға ірі халықаралық компаниялардың, даму институттарының, қаржы ұйымдарының басшылары шақырылған. Ресми ашылудың қарсаңында АХҚО дамуының стратегиялық бағыттары бойын­ша пленарлық сессиялар өтеді. Айтулы оқиғалардың қатарын­да 13-ші Дүниежүзілік ислам эко­номикалық форумын өткізу жос­парланған. Сонымен қатар Назарбаев Орталығында құқық­тық мәселелер бойынша АХҚО-ның алғашқы халықаралық конференциясы өтеді.

«Қазіргі уақытта барлық қа­жет­ті инфрақұрылым мен АХҚО органдары құрылды», деді Қ.Келімбетов. Айтуынша, АХҚО әлеуетті инвесторлардың ара­сында белсенді қызығушылық туды­рып отыр. АХҚО тікелей, сон­дай-ақ шетелдік қоржындық инвес­тицияларды тарту үшін бар­лық қажетті шарттарды ұсы­на­тын жағымды сипаттары бар заман­ауи жоғары технологиялы ин­фрақұрылым ретінде қалып­тасқан. Мәселені қарау қоры­тын­дысында Премьер-Министр Б.Сағынтаев АХҚО Қазақстан үшін өте маңызды жоба екенін жә­не оның негізгі мақсаттары ин­вестициялар тарту және ин­вес­тициялық қызметті ынталандыру үшін сәйкес жағдайлар жасау болып табылатынын атап өтті және министрліктерге барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.

Ұлттық баяндама мақұлданды 

Кеше Үкімет отырысында Қа­зақстандағы мемлекеттік қыз­меттің жай-күйі туралы ұлттық баяндама мақұлданды. Жиында ұлттық баяндаманы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі төрағасының орынба­сары А.Шайымова таныс­тыр­ды. Ол агенттік мемлекеттік қыз­меттің жай-күйі туралы ұлт­тық баяндаманың жобасын ал­ғаш рет дайындағанын атап өтті. Баяндама жобасы еліміздің мем­ле­кеттік қызметінің даму кезең­дерін, жүйенің ағымдағы жағ­дайын талдауды, халықаралық сарапшыларды бағалауды, сон­дай-ақ осы саланы одан әрі же­тіл­діру жөніндегі мәселелерді қамтиды. Атап айтқанда, бірінші бөлімде еліміздің стратегиялық құжаттарын іске асыру призмасы арқылы мемлекеттік қызметті дамыту кезеңдері келтірілген. Екінші бөлімде жалпы тәуелсіздік кезеңіндегі мемлекеттік қызметтің жай-күйін талдау қарастырылған. Ал соңғы бөлімінде мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту ке­ле­шегі және еліміздің әлемнің үздік отыз елінің қатарына енуін қам­­тамасыз етуге бағытталған мін­деттер қамтылған. Жалпы, құ­жат кәсіби мемлекеттік аппарат­ты одан әрі қалыптастырудың негіз­гі бағыттарын айқындауға мүм­кіндік бермек.

Қорытындысында Б.Са­ғын­­таев Үкімет Қазақстандағы мемле­кеттік қызметтің жай-күйі ту­ралы ұлттық баяндаманы ма­құл­дайтынын атап өтіп, Мемле­кеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігіне 1 наурызға дейін Премьер-Министр Кеңсесіне есеп бе­руді тапсырды. Кейін ол Пре­зидент Әкімшілігіне жіберіледі.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»