Фото: Самат ҚҰСАЙЫНОВ
Алдымен әкім қаланың белсенді тұрғындарына алғыс білдірді. Өйткені қала тұрғындары әлеуметтік желілер, Опен Алматы порталы арқылы қала билігіне 120 мың өтініш білдірген. Әрине мұның әрқайсысының астарында маңызды мәселелер жатыр.
Бұл өтініштердің барлығы дерлік аудан әкімдіктерінің жиындарында талқыланады. Әсіресе Фейсбук желісінде «Жаяу жүргіншілерге арналған қала» тобында азаматтар белсенді болды. Игілік Қаңтарбаева, Алексей Щеглов, Асқар Төлеев заңсыз салынған ғимараттар, ағашты заңсыз отау мәселелерін, люктердің жоқтығын хабарлап отырды. Думан Қапасов есімді азаматтың көмегімен Брусиловский көшесіндегі жазғы дәмхана сүрілді. Елена Лысенконың арқасында жерасты жолдарындағы жарықтандыру қалпына келтірілді. Сәкен Жүсіпбеков деген азамат 30 мәселенің шешілуіне көмек берді. Мүмкін кейбір жұмысын атқара алмайтын органдардағы адамдардың орнына Сәкен Жүсіпбековті жұмысқа қабылдау керек шығар? Оның жұмысы нәтижелі екені көрініп тұр, деді әкім.
Қала әкімі экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштерін тілге тиек ете отырып, тәуелсіздік бедерінде Алматыда экономика 100 есе, тұрғын үй қоры 2 есе, жеке көліктер 10 есе артты деді. Бүгінде бір Алматының экономикасы ел экономикасының ¼ бөлігін құрайды.
Үш сағатқа созылған есепті жиында қала әкімі әрбір сала бойынша атқарылған жұмыстар мен жұмсалған қаражатқа жеке-жеке тоқталып өтті. Дегенмен қала халқы үшін өзекті жайттарға тоқталсақ, қоғамдық көліктердің жолақысы көтеріледі деген қауесетке қатысты нүкте қойып кетті.
Б.Байбектің айтуынша, биыл жаңа автобус алған тасымалдаушыларға 15 млрд теңге көлемінде демеу қаржы бөлінбек. Бұл қаржы 255 мың адамның жеңілдікпен жүруін қамтамасыз етеді.
«Қазір Алматыда автобус паркі 30 пайызға жаңарған. Бірақ кейбір тасымалдаушылар 80 теңгені аз көріп, 150 теңгеге көтеру керек деп жатыр. Олар жолақыны көтермекші, бірақ тасымалдау сапасын арттыруға ниетті емес. Ондай тасымалдаушылармен жеке жұмыс жасаймыз. Сапаны көтермейінше, жолақы қымбаттамайды», деді Б.Байбек.
Қала әкімі «шығынға батып жатырмыз» деген тасымалдаушылар керісінше ақшаны күреп тауып келді дей келе, «Сонда сіздердің қызметкерлеріңіз 5 жыл бойы шығынға жұмыс жасап келген бе? Ақылға сыймайды. Нарықтың көлемі 20 млрд теңге екенін білдік. Енді кез келген тасымалдаушы несие ала алады. Жол жүру ақысы қазір Алматыда метро үшін 71,3 теңге, ал автобустарда 80 теңге. Қалған айырманы 4 млрд теңге көлемінде демеу қаржы жабады», деді.
Әкім коммуналдық төлемдер бағасына қатысты мәселені түсіндіріп өтті. «Соңғы 5 жылда жылу берушілер тарифті көтеру туралы монополияға қарсы комитетке 8 рет өтініш берген. Тек соның 3 өтінішінде ғана бағаны көтеруге рұқсат алды. Ал қалған баға айырмашылығын әкімдік демеу қаржымен жауып келеді. 2015 жылдан бері тарифті тұрақты ұстап тұру үшін қала бюджетінен 3 млрд теңге бөлінді. Ал жылу жүйелерін жаңғыртуға 100 млрд теңге берілді. Былтыр Алматы мен Алматы облысы тұрғындарына қатысты газ тарифы бойынша мәселе қарастырылды. Алматы мұны қолдамады. Әйтпесе баға алматылықтар үшін 16 пайызға қымбаттап кетер еді. 1,5миллионға жуық адам қазір біз ұстап тұрған баға бойынша коммуналдық төлемдерді төлеп отыр. Ал бұл алматылықтардың 80 пайызы. Егер әкімдік сол демеу қаржыны бермегенде тұрғындар жылу жүйесі үшін қазіргіден 35 пайыз қымбат төлер еді», деді Б.Байбек.
Әкімнің айтуынша, бүгінгі таңда 40 пайыз үйлерде жалпы есеп құрылғысы орнатылмаған. Сондықтан олар есептегіші барлармен салыстырғанда 36 пайыз қымбат төлейді. Алматы әкімі коммуналдық төлемдер жеке адамның жалпы табысынан 10 пайыз жоғары болса, жергілікті бюджеттен көмек берілетінін айтты. Ол үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына жеке куәлік, мекенжай анықтамасы, коммуналдық қызметке төлемінің түбіртегі мен жұмыс орнынан анықтама тапсыру қажет.
Енді Алматыда қарт адамдарды қолдауға бағытталған карта қабылданбақ. Қазір қала тұрғындарының 12 пайызы 60-тан асып тұр. Егде жастағыларды қолдауға бағытталған бағдарлама негізінен денсаулық, өмір сапасын арттыру, барлық қызметтердің қолжетімділігін қамтиды. Бүгінде алматылықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы республика бойынша бірінші орында – 74,3 жас.
Есептік кездесуде Б.Байбек Елбасының тапсырмасына сәйкес қала жастарын қолдау бағытында 2020 жылға дейінгі жол картасы қабылданғанын айтты. Былтырдың өзінде осы бағытта 4 млрд теңге жұмсалған.
«Қазір Алматы тұрғындарының шамамен жартысы – жастар. Олардың орта жасы 33,5 жас. 200 мыңға жуық студент білім алады. Мұның артықшылығымен қатар қиыншылықтары да бар. Республика бойынша жастар жұмыссыздығының ең жоғары көрсеткіші – 6,5 пайыз. Бұл көрсеткіш Алматыға тиесілі. «Алматы жастарын қолдау-2020» жол картасы қабылданды. Былтыр 4 млрд теңге бөлінді. «Алматы жастары» бағдарламасы аясында алдын ала үй құнының 5 пайызын ғана төлеп, несие алу мүмкіндігіне ие болды. 6 мың адам өтініш білдірді. Балдық жүйемен 100 өтініш қабылданды. Сұраныстың көптігіне байланысты биыл да бұл бағдарлама өз жалғасын табады. Былтыр 1 млрд теңге бөлінсе, биыл 2 млрд теңге қарастырылған», деді қала әкімі.
Сол сияқты қала басшысы бұрынғыдай тегін баспана беру болмайды деді. «Егер сізге пәтер керек болса, кезекке тұрыңыз, төмен жалақы алатыныңызды немесе мүгедектігіңізді дәлелдейтін құжат көрсетіңіз. Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы 15 жылға пайызсыз несиемен былтыр 5 мың отбасы пәтер алды, 175 жетімге пәтер берілді», деді.
Қала басшысы ескі үйлерін бұлдап, мемлекетке қазіргі бағаммен беруге келіспей отырған үй иелерін де тілге тиек етті.
Әкім баядамасынан кейін есепті кездесуге қатысқан Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Елбасы Жолдауындағы басым бағыттарға тоқталып өтті. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмаларынан тұратын Жолдау жолдары алматылықтардың да өмірін айналып өтпейді.
Д.Абаевтың айтуынша, қазір Алматыда Жолдаудың «Құрылыс пен коммуналды секторға заманауи технологияларды енгізу» атты 5-тармағы жүзеге асырылып келеді. «Алматы әкімі өз есебінде құрылыс саласына толық тоқталды. Сонымен қатар қалада smart-city жобасы жүзеге асырылып келеді. Қала құрылысына қажетті заманауи элементтер пайдаланылып жатыр. Құрылысы басталған немесе бұрыннан бар инфрақұрылымдар интеллектуалды басқару тетігімен басқарылып отырады. Бұл қаланың жайлылығын арттырып, электр энергиясын, су, жылу ресурстарын тұтынуды қысқартуға бағытталған.
Бүгінде Елбасы тапсырмасымен біздің министрлік smart-city тұжырымдамасының стандартын жасаумен айналысуда. Осыған байланысты 1,5 жыл бұрын ақпараттың қолжетімділігі туралы заң қабылданған еді. Осы заңға сәйкес барлық мемлекеттік органдар «Ашық үкімет» порталында мәліметтерді бүкпесіз жариялауы тиіс. Бұл өз кезегінде smart-city бойынша көбірек технология енгізуге мүмкіндік береді. Алматы билігі көлік жүйесі бойынша автобустардың маршруттары туралы ақпаратты да жариялап отыр. Арнайы қосымшалар жасалды. Адамдар қай автобус қай уақытта келетінін, қай автобуста адам аз екенін алдын ала біліп отырады», деді министр.
Д.Абаев Елбасының денсаулық сақтау саласындағы стационарлық емдеуден профилактикаға көшу туралы, саламатты өмір салтын насихаттау туралы міндеттерін де тілге тиек етті.
Кездесу соңы тұрғындардың сауалдарына ұласты. Сұрақтардың көпшілігі Алматыға Алматы облысынан ауысқан Наурызбай ауданынан түсті. Қала орталығында тұратындар көбінесе тазалық, аулаларды абаттандыру, түнгі клубтар, интернет клубтар, ПИК-тердің қызметі, жүрісін тоқтатқан трамвай, автопаркингтер мен паркоматтарға қатысты түйткілдерді ортаға салса, қала шетіндегілер жарықтандыру, газ тарту, балалардың бос уақытында баратын секциялары өте алыс болғандықтан сандалып жүретінін алға тартып, әкімнен осы мәселелерді шешіп беруін сұрады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ