Әлем • 22 Ақпан, 2018

Шетелдік ЖОО-лардың қазақстандық студенттерге қызығушылығы жоғары

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Жанболат Мелдешовтің айтуынша, шетелдік жоғары оқу орындарының қазақстандық студенттерді оқуға қабылдауға деген ықыласы өте жоғары. Бұл туралы Мелдешов forbes.kz-ке берген сұқбатында айтты.

Шетелдік ЖОО-лардың қазақстандық студенттерге қызығушылығы жоғары

– Асырып айтты демеңіздер, қазақстандық студенттер үшін шетелдік жоғары оқу орындарының ректорлары кезекте тұр! 2018 жылы біз шетелдік гранттардың санын 10 мыңға дейін жеткіздік, басты міндетіміз білімге құштар студент табу болатын. Бұдан кейін бұл сан тек көбеймек,– дейді ол.

Жанболат Мелдешовтің айтуынша, ХБО Малайзияның тәжірибесіне негізделген қазақстандық білім беруді интернационалдандыру бойынша жұмыс жүргізуді бастапты. Бұл туралы ол: 

– Мәселен, Манчестер университеті Малайзияда өз кампусын ашады немесе Малайзияның кейбір университеті әлемдегі үздік университеттің франшизасын сатып алады. Бұндағы оқыту осы университеттің бағдарламасына сәйкес, сол университет мұғалімдерінің қатысуымен жүргізіледі, бірақ құны 10 есе төмен. Сондықтан Малайзияға британдық жоғары оқу орындарының дипломы үшін оқуға түсу бүгінгі таңда кең етек алған, ал Малайзия үшін бұл «білім беру туризмін дамыту» тұрғысынан тиімді. Бізге де сол жолмен жүрсе болады, яғни әлемнің жетекші университеттері үшін Қазақстанда оқу орындарын ашу мүмкіндігін беру. Соның нәтижесінде Үндістан, Қытай, Өзбекстан, Иран және басқа елдерден келген студенттерді Қазақстанда оқытып, Орталық Азиядағы ірі білім беру орталығына айналар едік. Бірақ бұндай даму үшін мен тілге тиек еткен академиялық еркіндік қажет, яғни жоғары оқу орындары қаржылық, академиялық және әкімшілік шешімдерді өздері дербес жүзеге асыра алуы керек. Сәйкес заң жобасын ҚР БжҒМ Парламентке ұсынған, қазір талқыланып жатыр,– деді.