23 Ақпан, 2018

Мәселе заманда емес, адамда...

710 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

 

Адамның азаматтығы, жауап­кер­шілігі туралы қай кезде де кеңі­нен сөз болады емес пе? Сондай әңгіме барысында кейбіреулер әңгі­ме арқауына айналған жандарға ая­ныш білдіріп, «олар сатқындық жа­с­айын деді дейсің бе, амалдың жоқтығынан жасады ғой, бәріне заман кінәлі» дегені бар-тын. Сонда Ұшыға апам былай деген еді: «Күн де орнында, сол баяғыша шығады, сол қалпында батады. Ай да орнында сол бұрынғыша туады. Өзгерсе адамның пейілі, ниеті өзгерген. Заманға жауапкершілік жүктеудің жөні жоқ...».

Мәселе заманда емес, адамда...

Рас-ау, сатқындықты заманға сайып ақтап алу мүмкін бе? Заман болған күннің өзінде бәріне ортақ жүйе, ортақ заман емес пе? Әлихан, Ахмет, Міржақып, Халел, Мұстафа, Мағжан, Шәкәрім өмір сүрген заманда Әбділда, Мұхамеджан, Қарасартовтар та өмір сүрді емес пе? Алғашқылары алаш үшін құрбан болады да, соңғылары кеңестік идеологияның қолшоқпарына айналды. Сонда кейінгілеріне «заман солай болды» деп түсіністікпен қарауға тиістіміз бе?

Айтпақшы, отарсыздану кезеңін бастан кешпей, өткен тарихтағы келең­сіз­діктен, сатқындықтан арылмайын­ша, жаман қасиет жалғаса беретін тәрізді. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» дегені де осы ғой. Ұлттың, халықтың мүддесін аяқасты еткен, елдің игілігін ысырапсыз жұмсаған әрекет кертартпа емей, немене? «Ұлттың дамуына кедергі болатын» осындай жа­ғым­сыз қасиеттерден арылмайынша, сат­қын­дық сериясы, тоғышарлық жаңа ғасырда да өз арнасын табатыны сөзсіз. 

Заман демекші, атақ десе атағы бар, ірі қызметтің тізгінін ұстаған, кеңес өкіметінің шапағатын бір адамдай көрген Жұбан Молдағалиевтің кеңес билігіне қарсы үн қатуына не түрткі болды? КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы, Жоғарғы Кеңестің депутаты. Кеңес идеологиясының айтқанына көніп, айдауынан шықпайтын нағыз советшіл болуы керек еді ғой. Жоқ. Қайсар Жұбанның ішкі «мені», азаматтық позициясы «өлмеген» екен. Кеңестік идеологияның батпағына былғанбапты. «Тірі» болмаса төмендегідей сөз төр­кінін тарқатар ма еді: ««...көзімен көр­гендердің айтқанындай, 17-18 жас­тағы қыздардың шашынан сүйреп сабаған солар емес пе екен? Ақырында, сонан кейінгі күндері қалалық транспортта, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда тіл тигізу мен қоқан-лоқы жасау солардан шығып отырған жоқ па... Мен сондай ұят оқиғаға және артынша не болғанын естігенде, жасырып қайтейін, осы күнге дейін өмір сүргеніме өкіндім. Иә, мен кез келген қоғамға қарсы бой көрсетулерді түбірінен қиып отыруды толық жақтаймын, өйткені демократия – анархия емес! Солай болғанмен де, тіпті кінәлілерді де оған деген сенімінен айырмау керек. Біз олардың жасағанына ғана емес, сондай-ақ олардың азаматтық болашағы үшін жауаптымыз...».

Қазақстан Республикасы Мемле­кет­тік сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Баққожа Мұқаи ақынның азаматтығы туралы естелігінде де айтады осыны. «Жұбан Молдағалиев маған әрқашан аса үлкен мәселелермен айналысып жүргендей болып көрінетін. Шынында да, солай еді. Ол ірілігін, үлкен тұлға екендігін жер басып жүрген жылдарында сан мәрте дәлелдеді. Соның бірі – 1986 жылдың 31 желтоқсанында Жазушылар одағында болған жиында жасаған ерлігі. Қазақстанның жаңа басшысы Г.Колбин сол күні бүкіл нөкерлерін ертіп, Жазушылар одағына келген. Сол жолы «мың өліп, мың тірілген» ұлтының намысын жыртып, ешкім айта алмаған сөзді Жұбан Молдағалиев айтты. Баршамыз басқаға тәуелді етіп қойған тағдырға налып, іштей егіліп отырдық. Халқы үшін басын оққа байлап, тәуекел деп тас жұтатын нағыз ердің, қандай қиын жағдайда да қазағының намысын жыртатын абзал ағамыздың барына тәубе деп, арқаланып отырдық. Ол ешқандай үлкен лауазымның алдында бас имейтінін, туған халқының тағдырын бәрінен жоғары қоятынын танытты. Ол сондай еді. Сондай болып туған тұлға еді...».

Азаматтық ұстанымның асқақтығы ғана Елбасы айтқан рухани жаңғырудың темірқазығы болмақшы. Ол темірқазық ұлттық, елдік мүддеге деген принциптен бастау алатыны айқын. Кез келген мемлекеттік мәселе әуелі осы принциптермен астасуы тиіс қой. Әйтпесе аталған мәселеде ұлт ұтылыс табады. Қазіргі Парламент депутаттарының «қазақтың жанды жері» – жер мәселесіне қатысты қабылдаған шешімі ұлт мүддесімен үйлесім таба ма? Замана сауалына адам қалай жауап беретіні – азаматтық ұстанымға байланысты екендігі сөзсіз.

Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»