Тарих • 23 Ақпан, 2018

«Қазақтың ірілері». Жақсылардың айбары мен дидары

936 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдағы қазақтың дархан даласындай маңдайына біткен айбары мен дидары, яғни ұлттың ұлылығын таныған керемет кемеңгерлер аз болмағаны анық. Төрт құбыланы түгендеп жіберетін билік қолдарында болмаса да, жолынан жығылмай, жұмылып келгенде жұлқынған талайдың мысын басып, аларым кетеді-ау демей, қайыс ноқтаны жұлып тастап айтарын айтқан, сөйтіп қазақтың қадірін арттырған сол алыптардың көзін көріп, ісін жалғағандар туралы «Қазақтың ірілері» атты кітап жақында жарық көріп, қолға тиген еді. 

«Қазақтың ірілері». Жақсылардың айбары мен дидары

Парақтап отырғанда ұлтымыздың небір жақсысы мен жайсаңдары мұхит толқынындай ілек-ілек болып көзге шалынады. Тәңірім талант пен дарынды халқымызға аямай-ақ берген екен. Өнер мен ғылым, әдебиет пен білім саласының сол бір шоқ жұлдыздары кейінгі жасқа аңыз бейнедей болуы мүмкін. Бірақ олардың ұлтқа еткен қызметі аңыз емес, ақиқат еді. Иә, кітапқа кірген асылдардың көбі о дүниелік болып кеткен. Барының өзі біраз белеске қол артқан. 

Ұлтым, жұртым дегендердің өмірін сөзбен өрнектеп, түрлі-түсті суреттермен көмкеріп, әдемі безендірген, сапалы қағазға басылған кітап авторы – теледраматург, режиссер, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Ғайнижамал Әбілдина. 

Өткен ғасырдың 30-шы жылдары ұлт өнерінің «қолбасшысы болған» (Қ.Байсейітов), «...тілді де тісті, жігерлі де іскер» (Ғ.Мүсірепов) Темірбек Жүргеновтің қазақ руханиятына қосқан үлесінен басталған кітап, Саратов жұрты сенім артып оқытса да, Қазақ елі – атажұртым деп Павлодар облысынан бірақ шыққан, «...кітап оқымайтын, хат жаза алмайтын, тек бастық болуды көздейтін Шіренбайлар көбейіп кетті», деп кейіген Кәкім (Михаил) Есенәлиев, қазақ киносының туын көтерген қайраткер, жампоз журналист, парасат иесі Камал Смайылов, Желтоқсан көтерілісінен кейін ықпай, бұқпай ұлтым, тілім деген білімдар сыншы Сағат Әшімбаев, қай кезде де ұлт мүддесіне шырақшы болған Ғайникен Бибатыровамен бір қайырып тастап, өнер саңлақтарының өмір жолына, шығармашылығына үңіліпті. Көш басында тұрған өнер асқары, жүздеген шәкірт тәрбиелеген Асқар Тоқпанов, тасқа тіл бітірген Хакімжан Наурызбаев, сурет сақиы Сахи Романов, ағаштан да, темірден де түйін түйген Дәркембай Шоқпарұлы, текті тұқымнан шыққан актер Кәукен Кенжетаев, қазақ киносының өрен жүйріктері Мәжит Бегалин, Ораз Әбішев, күні кеше арамыздан бақиға аттанған режиссер Маман Байсеркеұлы,  бітімі бөлек, болмысы ерен Әмина Өмірзақова – осылай жалғасып кете береді. 

Ал ғылым әлемінің өрендері туралы сөз қозғағанда академиктер Төрегелді Шарманов, Манаш Қозыбаев, Мейірхан Әбділдин, Өмірзақ Сұлтанғазин, Сағындық Сатыбалдин, журналистер ұстазы Тауман Амандосов, басқа да мықтылар туралы сыр шертеді. Жыр мен ән, сөз  дүлдүлдеріне келгенде, өрт болып лаулаған Баубек Бұлқышев, ақын Сырбай Мәуленов, жазушы Мұқан Иманжанов жезтаңдай әнші Роза Бағланова, әуені әрлі Нұрғали Нүсіпжанов, композитор Шәмші Қалдаяқов, өзге де бір шоғыр қайраткерлер туралы танымды әңгіме өрбітеді.

Кітап ішіндегі суреттер де өткен тарихтан мол дерек беріп, нағыз қайраткер тұлғалардың дидарына қарағанда олардың бүкіл болмысы көз алдыңнан өте береді. Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан мұндай асылдарды әркез осылай еске түсіріп, кітап бетінен орын беріп отырсақ, бұл кейінгі ұрпаққа сабақ болар еді. Халқына қалтқысыз қызмет еткен бұл арыстар өзінен басқа мықты жоқтай көретіндерді ойға қалдырып, танып білуіне септігі тиіп, санасына сәуле түсірері де сөзсіз деп білеміз. 

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»