Қап-қараңғы түнде алыстан жарқыраған жеті түрлі жарықты көрген кемедегі жолаушылар жағасын ұстап: «Апыр-ай, бұл қандай керемет?!» деп таңғалатынға ұқсайды.
Әне, сол кезде оны бұрыннан білетіндер:
«Е-е, бұл – Бакыдегі мұнара ғой! Апыр-ай, елге де жетіп қалған екенбіз!» деп қуанады.
Ал білмейтін кісілер:
«Мұнара дейсіз бе? Ол неге жеті түрлі жарық шашып тұр?» деп сұрайтын көрінеді.
«Өйткені оның жеті қабатынан жеті түрлі сәуле тарайды.»
«Қызық екен!..»
«Е-е, ел-жұрт оны баяғыдан «Гыз галасы», яғни «Қыз мұнарасы» деп атайды. Қаласаңыз, мен сізге оның тарихын айтып берейін...»
Әрине, біз әлгі жолаушының қай аңызды тілге тиек ететінін, өкінішке қарай тап басып біле қоймаймыз. Өйткені әзербайжан елінің астанасы Баку қаласындағы Қыз мұнарасы хақында бірнеше аңыз бар. Олардың ішіндегі ең көнесі зороастризм дәуірінде туған деседі.
Оның қысқаша мазмұны былай: ерте, ерте, ертеде бір патшаның сүйікті жары қайтыс болып, қатты қайғыға батады. Содан соң, елдегі басқа аруларға көңілі толмай, бақилық сапарға аттанған зайыбына ұқсас жанды іздейді. Сөйтсе... Бөтен емес, бөгде емес, өз қызы марқұм анасынан аумайды екен ғой!..
Есі ауысқан патша енді теңіз жағасынан биік мұнара салдырып, ұлан-асыр той жасап, туған қызымен қосылмаққа бел байлайды. Бірақ, той бітіп, жиналған жұрт тарқап, екеуі оңаша қалған сәтте жантүршігерлік қорлыққа төзе алмаған байғұс қыз әлгі мұнараның биігінен секіріп, жантәсілім етеді...
Кешегі, бүгінгі тарихшылардың жазуына қарағанда, бұл аңыздың көне дәуірдегі шындықтармен сабақтасып жататын жерлері бар көрінеді. Айталық б.д. 439-457 жылдары билік құрған сасанидтер әміршісі Иездигерд шын мәнінде ежелгі зороастрииліктердің жабайы дәстүрін жаңғыртып, ағасы қарындасына, әкесі қызына үйленуге болады деген заң шығарған екен.
Әйткенмен, бұл аңыз – айтушының да, тыңдаушының да көңіліне кірбің ұялатары хақ.
Сондықтан Қыз мұнарасы жайындағы екінші аңызды тезірек тыңдауға іштей құмбыл боларыңыз анық.
Ол енді, былай; баяғыда әзербайжан халқы бұл қаланы Бакы деп те, қазіргідей Баку деп те атамай, Багуан деп атайтын көрінеді.
Міне, сол Багуанды атақты Нұриддин шаһ қалың әскерімен үш ай бойы қоршап, тас қорғанын әне-міне қиратуға айналғанда ел ішіндегі бір данышпан, көріпкел кісі: «Бізді бұл зұламаттан қаршадай ғана батыр қыз құтқарады!» деп жаһанға жар салыпты.
Айтса айтқандай-ақ, келесі күні қолында от шашқан алмас қылышы бар жап-жас қыз таң шұғыласымен бірге пайда болып, атағы жер жарған даңқты қолбасшы Нұриддин шаһтың жүрегін ойып алады.
Бірақ тілге келмей жан тапсырған Нұридиннің жап-жас, келбетті жігіт екенін көріп, ес-түссіз ғашық боп қалады. Сөйтіп, өзегі өртеніп, қайғыдан қан жұтып, өз жүрегіне өзі қанжар салады.
Сонда жеті күн, жеті түн бойы бұл өлкеде сұмдық жел көтеріліп, алапат дауыл соққан деседі...
Бұл аңыз да, тарихшылардың айтуына қарағанда, тарихи шындықтан алыстап кетпейді. Себебі б.д.д. VI-VII ғасырларда Нұриддин шаһ қаһарын төгіп, қалың әскерімен келіп қаланы қоршауға алған кезде бұл өлкеде, расында да, өте қатты жер сілкінісі болып, көп ел қырылған көрінеді.
Міне, сондықтан да аталмыш аңыздардың қай-қайсысы болмасын ілгергі замандардағы тарихи оқиғалардың негізінде туып, кейінгі ұрпаққа жеткенше құбылып, түрленіп, көркемдік сипат алып отыратынына тағы да бір көз жеткізгендей боласыз.
Әзербайжанның белгілі ақыны әрі драматургы Жафа Жаббарлы 1923 жылы осынау аңыздың желісі бойынша «Қыз мұнарасы» атты поэма жазған. Және 1924 жылы аталмыш поэманың негізінде көркем фильм де түсірілген. Ал 1940 жылы Әзербайжанның халық әртісі, композитор Афрасияб Бадалбейли «Қыз мұнарасы» атты алғашқы әзербайжан балетінің музыкасын жазды.
* * *
Жалпы, Бакудегі Қыз мұнарасының қашан, қай заманда бой көтергені туралы әртүрлі талас-тартысқа толы пікірлер бар. Солардың бірі – мұнараның кіреберісіндегі қабырғаға ілінген: «Масуд ибн Дәуіт губбесі» деген жазуға қатысты өрбиді.
Араб өрнегімен жазылған осы бір тақтаға байланысты деректерді алға тарта отырып, көптеген ғалымдар күні кешеге дейін Қыз мұнарасы ХІІ ғасырда салынған деген болжам жасап келді. Әйткенмен, «губбе» деген сөздің мұсылман әлемінде кәдімгі «күмбез» деген мағынаны білдіретінін еске алған жұрт бұған күмәндана бастады. Себебі мұнда ешқандай құлпытас та, қабір де жоқ. Оның үстіне, әлгі тақтайшаның сылағы мұнара құрылысына қолданылған сылақтан мүлде басқа көрінеді.
Демек, бұл тақтайша кейін, ислам дәуірі басталған шақта қойылған болса керек. Былайша айтқанда, ХІІ ғасырда мұнараны күрделі жөндеуден өткізген мұсылман қауым әлгі қабырғаның осы тұсындағы тесікті жауып, арабша жазуы бар тақтайша орнатқан деген болжам шындыққа жақындайтын сияқты.
Міне, өстіп, мұнара тарихын зерттеушілердің пікірі екіге жарылады. Алғашқысы Қыз мұнарасы ХІІ ғасырда салынған деген әуелгі болжамды ұсынса, кейінгілері ислам дәуіріне дейін бой көтерген деген пікірге тоқтайды. Бір анығы, бұл мұнараның ХІІ ғасырда Ширваншаһтар әулетінің қамалы болғандығы және Бакы қаласының қорғаныс жүйесіндегі басты нысандардың бірі болып келгендігі ғана.
Одан соң, XVII-XIX ғасырларда Қыз мұнарасы теңіздегі кемелерге бағыт көрсететін биік әрі сәулетті маяктың қызметін атқарғандығы да анық.
Ал 1907 жылы теңізшілер бұл маякты мұнарадан алып, Наргин аралына көшіреді. Себебі күн өткен сайын аумағы үлкейіп, қанатын кеңге жайып келе жатқан Баку қаласының шамдары мұнарадағы маякпен шағылысып, теңіздегілерді алған бағытынан жаңылыстыра беретін болған.
Ғасырлар көшінде Қыз мұнарасының әлденеше рет күрделі жөндеуден өткені белгілі.
Ондай жұмыстардың соңғысы 1960 жылы жүргізілген екен. Сонсоң, арада төрт жыл өткенде ол тарихи мұражайға айналған. 2000 жылдан бастап ЮНЕСКО-дағы Бүкіләлемдік мұралар тізіміне еніпті.
Дегенмен, «Бұл мұнара әу баста не үшін, қандай мақсатпен салынған?» деген сұрақтың туындайтыны заңды.
Бұл ретте бүгінгі күнге дейінгі зерттеуші ғалымдардың басым көпшілігінің пікірі – діни мақсатта салынған деген болжамға келіп тіреледі. Себебі түрік тіліндегі «гала», «кала» деген сөздердің «мұнара», «қамал» деген мағыналарынан бөлек тағы да бір төркіні барға ұқсайды. Ол «от тұтату», «шырақ жағу» деген ұғымды білдіреді екен.
Сондықтан да Қыз мұнарасының қабырғаларындағы ысқа, күйеге қарап, ғалымдар осындай болжам жасайды. Оның үстіне б.д. бесінші ғасырда хатқа түскен тарихи, рухани мұра – Моисей Хоресскийдің жазбаларындағы «оның төбесінде ылғи да жеті шам жанып тұратын» деген жолдар осы болжамды қуаттай түседі. Тағы да бір маңызды жайт, көнеден жеткен деректерге қарағанда, мұнараның жеті қабатынан жеті түрлі сәуле шашырайтын болған.
Жалпы, «Қыз мұнарасы» деп аталатын мұндай тарихи құрылыстар дүниежүзіндегі көптеген қалаларда, атап айтқанда, Ыстанбұлда, Қырымда, Таллинде, Белгородта т.б. бар. Бұлардың барлығы дерлік ежелгі жаугершілік замандарда қорғаныс мақсатында қолданылған берік әрі күрделі құрылыстар болып табылады. Сондықтан да еуропалықтардың көзқарасы, талғам-танымы бойынша «Қыз мұнарасы» – ешкімге бас имеген, жат жұртқа тәуелді болмаған, асқақ, сұлу, таза құрылыс деген мағынаны да білдіреді.
Әйтсе де, қыз тағдыры – ел тағдыры секілді ілкі заманалардан бері адамзат қиялын тербеп, әртүрлі аңыздарға арқау болып келеді. Және ондай аңыздарға қазақ жері де кенде емес.
Айталық еліміздің оңтүстік қиырында жатқан Өгем тауларының биігіндегі мәңгілік мұзарттар мен қарлы шыңдардың көз жасындай мөлдіреген Мақпалкөлді еске алайықшы. Міне, осынау көлдің атауына байланысты да бір қызықты аңыз бар.
... Бесікте жатқанда атастырып, құда болып қойған жерден бас тартып, өз теңіне қосылуды армандаған Мақпал қыз әке-шешесі мен ағайын-туыстың қарсылығына тап болғанда өзін-өзі биік құздан тастап, таудағы көлге батып өледі.
Рас, кейде қыз тағдырына дүние-байлық, тамыр-таныстық, ішкі және сыртқы есептер ғана емес, ел тағдыры, жер тағдыры да араласатын шақтар болады.
Ондай кездерде жазмыштың басқа салғанына амалсыз көніп, әке-шеше, ағайын-туыстың қамын ойлап, қай-қайдағы бір қаба сақал, дәулетті кісілердің жетегіне еріп жүре берген арулар қаншама десеңізші. Әйткенмен... Адамзат баласы өз еркіндігін жоғары қойып, әзиз басын құрбан еткен Мақпал қыздарының ерлігін аңыз етіп шертіп, ғасырдан ғасырға мұра етіп қалдырып отырады.
Мына мазасыз тіршіліктің оты мен суына, ыстығы мен суығына қарамай, тынымсыз алға жылжи беретін бір ғана нәрсе бар. Ол – уақыт.
Таң атады, күн батады. Ай өтеді, жыл өтеді. Бірте-бірте бәрі де ұмытылып, адамзат тарихындағы қадау-қадау оқиғалар ғана аңызға айналып қалады.
...Бір кездері теңіздің асау толқындары басын иіп, маңдайын тигізіп, тәу етіп жататын Қыз мұнарасынан бұл күнде Каспий әлдеқайда алыстап, шегініп кеткен. Себебі су тартылған, тау шөккен, шаһар өскен.
Ал қала орталығындағы ескі мұнара көненің көзіндей болып, кешегіні бүгінге, бүгінгіні ертеңге сыр етіп шертіп, қасқайып тұрар тарихи құнды ескерткіш есебінде қала бермек.
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»