Шығыс дәстүрі бойынша екі жас тойға дейін бір-бірлерін көрмей, үлкендердің айтуымен үйленетін болған. Бас кейіпкер Әскер қалыптасқан дәстүрге қарамастан өз сүйгеніне қосылғысы келеді. Досы Сүлейманның кеңесімен саудагер болып киініп, әр үйге бас сұғып, өзіне қалыңдық іздейді. Қала аралап, мата сатып жүріп өзі саудагер, өзі бек Сұлтанбектің қызы Гүлчахраға жолығады, ғашық болады. Осы жолда біршама қиындық пен кедергілерді еңсеріп, соңында сүйгеніне қосылады. Мюзиклдің оқиға желісі осындай.
Махаббат тақырыбын өзек еткен, ән мен биге құрылған, екі бөлімнен тұратын қойылымды сахналау үшін Грузиядан режиссер келіпті. «Мені Өскеменге театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ұлпан Тоқаева шақырды. Қоңырау шалып, «бірлесе жұмыс істесек қайтеді?» дегенде, «команда қандай?» деген сауал қойдым. Ылғи жастар екенін айтқанда, қуана-қуана келістім. Жалпы, мюзиклді көріп қана қоймайсың, жаның рахаттанады, демаласың. «Аршын мал алан» әзірбайжан драматургінің дүниесі болғанымен, көптеген халықтарға ортақ тұстары да көп. Әрі бұл мюзикл арқылы жас актерлердің қарым-қабілеті жан-жақты ашыла түседі. Меніңше, мюзикл көрермендерге ұнаған секілді. Актерлер өз рөлдерін сәтімен алып шықты», - дейді қойылым режиссері Гоча Хвичиа.
Жастар театрының актерлері Өскемендегі театрлар арасында мюзикл жанрында алғаш рет сахналанған қойылымға бар болғаны бір ай әзірленгенін, аз уақыт мұғдарында шет елдік режиссерден көп нәрсені үйренгендерін айтады. «Ең әуелі еңбекқорлықты үйрендік. Күніне 12-13 сағаттан тынбай жұмыс істедік», - дейді мюзиклдің бас кейіпкері Әскердің рөлінде ойнаған Айдос Нұрмағамбетов. «Бұл – біздің шет ел режисссерімен алғаш рет қоян-қолтық жұмыс істеуіміз. Мүлде бөлек режиссура, мүлде бөлек техника деуге болады. Гоча Хвичиа өзге де мемлекеттерде жұмыс істеген тәжірибелі режиссер екен. Барлық білген, түйгенін бізге үйретуге тырысты. Өзім жас болсам да бас кейіпкер Әскер ғашық болатын Гүлчахраның әкесінің рөлінде ойнадым. Көрермен қауым өз бағасын бере жатар», - дейді қыздың әкесі Сұлтанбек саудагердің рөлін сомдаған театр актері Едіге Ақылбеков. Әскердің ғашығы рөлінде сахнаға шыққан Динара Жұлдызқызы мюзиклде ойнауды бұрыннан армандап жүргенін жеткізіп: «Бұл спектаклді студенттік кезден жақсы көретінмін. Арманым орындалды» деп лебізін білдірді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН