09 Ақпан, 2010

КӘСІПОДАҚ ЕЛ БІРЛІГІН САҚТАУҒА ҮЛЕС ҚОСАДЫ

1338 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
“Еліміздің еңбекшілері мен кәсіподақтары Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауыңызды республи­камыз­дың көп ұлтты халқы үшін саяси ма­ңы­зы зор оқиға ретінде қабыл­дайды. Шығар биігін 10 жыл бұрын бол­жаған мемлекеттің бүгіні сенімді, болашағы зор. Бүкіләлемдік дағдарыстың дауы­­лы әлі де өз күшінде тұрған у­а­қытта елімізде әлеуметтік-эко­номикалық көптеген кепілдіктер орындалуда. Тәуелсіз елдің ше­шуші тұтқалары білім, денсаулық, мәде­ниет, әлеуметтік салаларға бай­­ланысты екенін бағалап, олар­дың жалақы­ларын 25 пайызға сәуір айынан бастап көтергеніңізді барлық бюджет қызметкерлерімен бірге бүкіл Қазақстанның еңбек­шілері де ыстық ықыласпен қарсы алды. Құрамында екі миллионнан ас­там мүшесі бар кәсіподақ ұйым­да­ры­ның атынан Сіздің Жол­дауыңызды әрбір еңбек адамына жеткізіп, олар ел бірлігі мен ты­ныштығын сақтауға өз үлестерін қосады деп сенім білдіреміз”, — делінген хатта. ЕЛ АЛҒЫСЫ ШЕКСІЗ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Президенттің Қазақстан халқына Жолдауына байланысты пікір білдірген хаттар мен жеделхаттар көптеп келіп түсуде. “Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы” республикалық қоғамдық бірлес­тігінің жалпы жиналысында қабылданған хатта еліміздің мың­­даған ғылыми-инженерлік корпусы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кін­дік­те­рі” атты Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын зор ынтамен қабыл алғаны баяндалған. “Біздер, ғалымдар мен ин­же­нерлер үшін, экономиканы әрта­рап­тандыруға, прогрестік техно­ло­гияны игеру есебінен еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға, дағдарыстан кейінгі кезеңдегі еліміздің жедел индустриялық-инновациялық дамуына арналған Сіздің бағытыңыз ерекше мәнге ие. Біз Сізді еліміздің инженерлік ғылымы мен өнертапқыштар қыз­меті жоғары технологиялық өн­дірісті жаңғырту және индус­трия­ландыру мақ­саттары мен қар­қынына сәйкес келеді, ал ға­лым­дар мен инженерлер жаңа өн­дірістік қуат пен отан­дық өнім­дер ғылымға негізделген әрі бәсе­кеге қабілетті болуы үшін бар күш-жігерін салады деп сендіреміз”, – делінген ұжымдық хатта. * * * Д.Серікбаев атындағы Шы­ғыс Қазақстан мемлекеттік тех­ни­калық университетінің ректо­ры Ғ.Мүтәнов жоғары оқу ор­ны­ның студенттері мен педаго­ги­ка­лық ұжымы Президенттің Жол­дауымен үлкен ыждаһаттылықпен танысып шыққанын айта келе, бұл құжатта экономиканы әрта­раптандыруда ғылымның маңыз­ды рөл атқаратыны атап көрсе­тілген, деп жазады. “Бүгінде біздің университет өңірлік инновациялық жүйенің белсенді әрекет етуші буыны бо­лып табылады. Өйткені, “Алтай” технопаркі базасында кен-ме­таллургия саласы үшін құрыла­тын құрастыру бюросы, метал­лур­гия орталығы базалық негіз бо­лып қалмақ. Білім беру үдері­сінде инновациялық қызметпен өзара байланысты осы субъек­ті­лер Қазақстанның инновациялық экономикасы үшін сапалы жаңа толқын мамандарды әзірлеуді қам­тамасыз етуге мүмкіндік береді. Университет ұжымы Сіз жүр­гізіп отырған бейбітшілік пен ке­лісім саясатына қызу қолдау біл­діреді”, – деп атап өтілген жеделхатта. * * * Солтүстік Қазақстан облы­сындағы “Зенченко және К” командиттік серіктестіктің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко өз же­дел­хатында қаңтар­дағы Жолдау Қазақстан Президентінің сали­қалы саясатының және біздің еліміздің даму стратегиясының дұрыс таңдалғанының тағы бір мәрте дәлелі екенін атап көр­сеткен. Г.Зенченко Президент алдыға қойған индустриялық даму мен агроөнеркәсіп кешенінде еңбек өнімділігін арттыру міндеті орындалатынына сенім білдіреді. Өйткені, мемлекет АӨК-ті дамы­туға, оған субсидия бөлуге, жаңа жоғары өндірістік техникамен жарақтандыруға, жанар-жағар­май­мен және тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп отыр. Өз кезегінде аграр­лықтар мол астық алу үшін бар күш-жігерлерін салып, өндіріс көлемін арттыратын болады. * * * Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, “Нұр Отан” ХДП мүшесі Ә.Дайрабайұлы Қазақстанның Тұңғыш Прези­дентінің басшылығымен қазақ халқы дүние жүзіне танылды, деп жазады. Түркістан қаласының арда­гер­лері қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған салиқалы саясаты үшін Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаевқа алғыс­тарын білдіреді. “Баршамыздың бағдарымыз­ды айқындай­тын осы бір ма­ңыз­ды құжатты қуаттап, жас­тардың арасында қазақстандық патрио­тизмді көтеруге өз үлесімізді қо­самыз деп сендіреміз”, – деп жазады Ә.Дайрабайұлы Түркістан қаласы ардагерлерінің атынан. * * * Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Г.Әлі­кенова нарық заңы қатал болса да, қа­зір­гідей қаржы тұрақсыздығы ке­зінде де мемлекеттің елі­міздің әлеу­меттік жағынан аз қамтыл­ған топ­тарына көмек көрсетіп отырғанын атап өткен. “Мемлекеттің атаулы жәр­дем­ақысы, үйде бала тәрбиелеп отырған аналарға қамқорлық қай кез­де де үзілген емес. Мемлекет басшысы­ның дәс­түрлі Жолдауын халықтың, соның ішінде, өмір­ге перзент әкелетін аналарымыз­дың асыға күте­тіндігі осы себептен. Бұл – үлкен қолдау және хал­қы­мыздың демогра­фия­лық өсімін қам­та­масыз етуге сенімді қадам деп білеміз. Жыл сай­ын табиғи өсім есебінен халық саны өсуде. Тек аналар емес, мүгедектерге, асы­раушысы жоқ аза­маттарға, мұқ­таж отбасы­лар мен зейнет­кер­лер­ге берілетін көмек жыл­ма-жыл өсіп келеді. Әуелі ел эко­но­ми­касын түзеп алып, оның игі­лік­­ті жемісін халқына молынан беріп отырған Елбасына елдің ал­ғысы шексіз”, делінген жеделхатта. БАТЫР ТУРАЛЫ КІТАП Жуырда Қазақстан Республи­касының Ресей Федерациясындағы елшілігінде халқымыздың даңқты ұлы, Кеңес Одағының Батыры Бауыр­жан Момышұлы туралы “Аңызға айналған батыр” атты орыс тіліндегі кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Біртуар тұлғаның туғанына 100 жыл толуына орай әзірленген бұл жинақтың жарық көруіне Қазақстанның Ресейдегі елшілігімен қатар “Бауыржантану” ғылыми-зерттеу орталығының “Ескерткіш қоры” коммерциялық емес ұйымының да қолдауы себеп болды. Кітаптың басты ерекшелігі ­– мұнда бұрын-соңды жарық көрмеген тың ақпараттар бар. Бұл еңбекте сондай-ақ батырмен майдан даласында бірге жүріп, оның ерліктерін өз көзімен көріп, жүрегіне мәңгі сақтай білген майдандас достарының Б.Момышұлы жөнінде берген сұхбаттары мен сирек фотолары жарияланған. Сонымен бірге Мәскеудегі әскери мұрағаттарда сақталған біраз жаңа деректер алғаш рет жарық көріп отыр. Жинақтың тұсаукесерінде сөз сөйлеген еліміздің Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков бұл кітап Баукең мұрасының бүгінгі ұрпаққа қалдырған алтын қоры екенін атай келе, кітапты құрастырушы­лар­ға өз ризашылығын жеткізді. Осыдан кейін жиында батырдың туған жерінен шақырылған халық жазушысы Шерхан Мұртаза, Парламент депутаттары Сатыбалды Ибрагимов, Орынбай Рахманбердиев, Амангелді Момышев сөз алды. Өз кезегінде Мәскеу қалалық соғыс және еңбек ардагерлері төрағасының бірінші орынбасары, генерал-лейтенант В.И.Прохоров, Баукеңнің осы қалада тұратын қызы Елена Коркина және аты аңызға айналған 8-ші гвардиялық дивизия командирі И.В.Панфиловтың қызы Майя Панфилова да ойларын ортаға салып, кітаптың жас буынды тәрбиелеу мен екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуда өз септігін тигізетін туынды екендігіне тоқталды. Бұл басқосуға сондай-ақ қазақстандық және ресейлік ғалымдар, ардагерлер және қазақ диаспорасы өкілдері де қатысты, деп хабарлады Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің баспасөз қызметі. АЗИЯ КЕҢЕСІ – ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ПЕН БІРЛІК ЖОЛЫНДА Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Қазірде АӨСШК континенттегі 20 елдің басын біріктіріп отыр. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, Кеңес жұмысында қабылданған құжаттар дәйектілікпен жүзеге асырылып, ынты­мақтастық аясы кеңейе түсуде. Әрине, қандай жетістік болса да іскерліктің, қажырлылық пен ұйымшылдықтың нәтижесінде ке­ле­тіндігі ақиқат. Ал, бұл саладағы толымды табысқа Қазақстанның, яғни осы ұйымға төрағалық етіп отыр­ған елдің жүйелі түрдегі игі ықпалының арқа­сында қол жетіп келе жатқандығы сөзсіз. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Жоғары лауазымды тұлғалар комитетінің мәжілісіне қатысып, өз ойын ортаға салған шетелдік өкілдер кеңес қызметін жоғары бағалады. Түркияның Ыстамбұл қаласында маусым айында өткізілетін саммит, сала мамандарының пікірінше, тарихи маңыздылығы жоғары оқиға болмақ. Оның өзіндік себептері де бар. Ең бастысы, бұл жүздесу Еуропа мен Азия арасындағы ынтымақтастықтың артып, бірліктің нығаюын көздейді. Алматы қаласында өткен мәжілісте сондай-ақ Азияда ғана емес, тұтастай Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік пен сенімді нығайтуға бағытталған әскери-саяси және экономикалық іс-шаралар кеңінен сөз болды. Кездесу барысында АӨСШК артықшылықтары мен иммунитеттері жөніндегі конвенция жобасын одан әрі жетілдіріп, АӨСШК-ге мүше мемлекет­тердің энергетикалық қауіпсіздік және ақпараттық технологиялар салаларындағы ынтымақтастығы жөнін­дегі тұжырымдамалары мен іс-әрекеттерін ілгері жылжыту жайы да қарастырылды. Сонымен қатар, жиында қаралған мәселелер негізінде бір­қатар жобалар бекітілді. Жоғары лауазымды тұлғалар комитетінің келесі жиыны биылғы жылдың наурыз айында Баку қаласында өткізілмек. Бақыт БАЛҒАРИНА,  Алматы. ЗАҢ ОРЫНДАЛМАСА, СЫБАЙЛАСТЫҚ БАС КӨТЕРЕДІ Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Қостанай облысы бойынша департаменті жанындағы тәртіптік кеңес мүшелері биылғы жылдың алғашқы отырысын өткізді. Онда оншақты іс қаралды, оншақты адам қызарып жауап берді. Қаралған істің қайсысы болсын, заң орындалмаса сыбайластық бас көтеретінін байқатты. Мысалы, “Арқалық азық-түлік компаниясы” МКП ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін өткен жылдың 7 қыркүйегінде мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, ол сол айдың 17-сінде өткізілді. Оған Арқалық қаласындағы құрылыспен айналысатын “Скацкий А.А.” және “Бейсенов М.О.” жекеменшік кәсіпорындары қатысты. “Арқалық азық-түлік компаниясы” МКП директоры С.Байтұров пен конкурста жеңген “Скацкий А.А.” кәсіпорнының иесі арасында келісім-шартқа қол қойылды. Бірақ жөндеу жұмыстарын “Скацкий А.А.” жеке кәсіпорны өткен жылдың шілде айында-ақ бітіріп қойған болатын. Сонда конкурс не үшін өтті? “Мем­лекет­тік сатып алулар туралы” заңды екі жақ та белден басты, қағазбастылыққа ұрынды. Тәртіптік кеңес мүшелері қараған өзге істер де осыған үқсас дер едік. Бюджет қаржысы үнемделуі үшін материалға да, қызмет түрлеріне де конкурссыз тиын жұмсалмайтыны белгілі. Өткен жылғы 27 наурыз бен 2 сәуір аралығында Қостанай ауданындағы Затобол поселкесі әкімінің аппараты 300 литр дизель отынын сатып алуға конкурс жариялайды. Оған “Мери­диан” және “Қостанай мұнай өнімдері” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қатысады. Алайда Затобол поселкесі әкімі аппаратының қызметкерлері Ермаған­бетова мен Кремнева істі “Мемлекеттік сатып алулар туралы” заң бойынша емес, өздерінше жүргізеді. “Қостанай мұнай өнімдері” ЖШС конкурсқа таза бланкі ұсынады, таза қағазға ол ұсынған бағаны, сататын тауар мөлшерін, түрін конкурсты ұйымдастырушылар өздері толтырады. Олар дизель отынына “Меридиан” ұсына­тын бағаның қарсыласынан бір теңгеге, яғни литріне 70 теңге емес, 69 теңге екенін алдын ала біліп алған. Міне, заң орындалмаған жерде сыбайластыққа жол осылай салынады. Мұның барлығы да тексерулер кезінде судың бетіне қалқып шыққан май сияқты бірден анықталды. Ал мемлекеттік қызметкерлер мен лауазым иелерінің республика заңдары мен бекітілген ережелерге, жарлықтарға салдыр-салақ қарауы сыбайластықтың бас көтеруіне түрткі болады. Мысалы, “Балық шаруашылығының облысаралық Тобыл-Торғай бассейні инспекциясы” мемлекет­тік басқармасының бастығы А.Иманбеков “Забота” кооперативіне Ақтөбе облысын­дағы Сазды көлінен шортан, алабұға, мөңке және ақбалықты аулаудың бекітіл­ген мөлшеріне сәйкес рұқсат береді. Ал “Жабайы жануарлар әлемін пайдалануға рұқсат беру” ережесі бойынша ақ балықты қанша аулау лимиті көрсетілмеген. Әрине, ақ балық көбейіп кетсе судағы өзге балық­тардың уылдырығын жеп қоятындықтан, олардың өсімі азайып кететіндігін басшы білуі де керек еді. Оның үстіне, ең бас­тысы, А.Иманбеков Үкімет қаулысын қарамаған немесе оған мән бермеген. Сонымен қатар балық аулауға сұраныс берген әуесқойлардың құжаттары тіркелмеген. Заң бойынша балықшы­лардың балықты немен аулайтыны, аудың, басқа да құралдардың нақты аты жазылып, сұраныспен бірге тапсырылуы керек. Түптеп келгенде басшының заңды сақтауға деген салақтығын иненің көзіндей пайда­ланған сыбайластық табиғаттың орасан зиян шегуіне соқтырмауына кім кепіл. Тәртіптік кеңесте қызарғандардың барлығы да бұл жолы сөгіс және ескерту алумен шектелді. Заңда қадап айтылған баптарды байқамай аттап кеткендер келесі жолы ықтият болар. Ал заңды біліп тұрып бұзғандар сыбайластық пен жемқорлыққа даңғыл жол салары сөзсіз. Бірақ ондай даңғыл жолда өздері де көп ұзамас... Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай. Жеңіс – 65 100 ЖАСТАҒЫ БАТЫР П.Ф.Кольцовты Елбасы құттықтап, темір тұлпарды сыйға тартты Алтайда Павел Федо­рович Коль­цов деген аңыз адам тұрады. Шы­­нында да оның өмірі жас ұр­паққа үлкен үлгі-өнеге. Таяуда 100-ге толған бұл қария кешегі сұ­рапыл соғыста көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры ата­ғын алған адам. Павел Федо­ровичтің туған күнінде бір ғасырлық мерейтойымен Елбасы Н.Назарбаев арнайы құттық­тап, темір тұлпарды сыйға тартқан еді. Өткен жұ­мада Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапар­баев Мемлекет басшысының сол сәлемдемесін тапсыру үшін ардагер тұратын Зырян қаласына келді. Батырдың үш бөлмелі жеке тұр­ғын үйі ықшам, таза, жылы. Облыс әкімін бұл үйде қарияның туыс­та­ры, қарулас достары, облыстық қор­ғаныс істер жөніндегі депар­та­мент бастығы полковник Айдын Сәрсенбинов пен Зырян қаласы­ның қорғаныс жөніндегі басқарма бастығы С.Б.Честак күтір отыр екен. Бердібек Мәшбекұлы соғыс ардагерлерімен аман­дас­қан соң Елба­сы­ның тапсыр­ма­сымен өмірі өнеге Павел Федоровичті арнайы құттықтады. “Сіз­ді көп адам біле­ді, өмірлік тәжі­ри­бе­ңізді жас­тарға үйретіп келесіз. Елбасы соғыс және еңбек ардагерлеріне үнемі қамқорлық жасап отырады. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қар­са­ңын­да үйге зәру ардагерлерге пәтер беруді әкімдерге тапсырды. Соны­мен бірге, тегін дәрі-дәрмек, басқа да әлеуметтік жағдайларды жасай­мыз. Сізге ұзақ ғұмыр, бақыт тілеймін”, — деді облыс әкімі. Бұдан кейін жиналғандар есік алдына шықты. Бұл жерде облыс әкімі Б.Сапарбаев тағы да құт­тық­тау сөз айтып, темір тұлпардың кіл­тін П.Ф.Кольцовқа табыс етті. Аудан әкімі Р.Мусин де батыр жер­лесіне құрмет көрсетті. Полковник А.Сәр­сенбинов батыр баба Б.Мо­мыш­ұлы атындағы “Батырдың ша­пағаты” медалі мен облыстық арда­герлер кеңесінің құттықтауын тап­сырды. Салтанатты рәсім аяқталған соң қария жайлап келіп көлігіне отырды да, моторын іске қосып, ризашы­лы­ғын білдірді. “Қазақстан халқы, Президентіміз Н.Назарбаев мені сырттай болса да танып, құр­мет көр­сетіп жатыр. Елбасына, бар­ша қазақ­стандықтарға шуақты күн­дер мен бақыт тілеймін. Сіздерге менің жа­сым­ды берсін”,– деп көзіне жас алды. Иә, “көздің жасы, көңілдің хошы” деген рас болса ке­рек. Зырян ауданының әкімі Рымхан Мусин қоштасарда бізге былай деген еді. “Ерлік ешқашан да ұмы­тылмайды. П.Кольцов біздің ғана емес, барша қазақстандықтардың мақтаны­шы. Оның өмірі өнеге”. Ра­сында да солай. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.