Айналасы жарқабақ болып біткен сор жағасында бір топ киік жайылып жүр. Шеткерірек тұрған кәрі теке айналаға көз салып, делдиген қос танауын жусанның жұпар иісіне бөленген таң самалы аялап, қауіптің жоқтығын сездіргендей. Енді ғана оянып, аналарының уыз сүтіне тойған лақтар бір-бірімен сүзісіп, ойнақтай шауып жүр.
Кенет жарасымды табиғат тіршілігін гүрілдеген мотор үні мен алыстан көтерілген шаң бұзды. Спидометр тілі 160-ты көрсеткен «Джип» көлігі таңғы тыныштықты жаңғырта жүйткіп келеді.
Жынды суға бөгіп, қызара бөрткен екі жас жігіт магнитофон дауысын барынша шығарып, көлікті еліре айдай түсті. Қауіпті сезген кәрі текенің белгісімен қашқан бөкендерді қуа жөнелген көлік жылдамдығын үдете түсті. Бір кезде көлік терезесінен қос ауыз мылтық көрінді. Айналасына ажал оғын сеуіп, атқылап келеді. Мылтықтың шүріппесін басып отырған жас жігіттің түрі адам шошырлық. Атқан сайын ақсия күліп, тойымсыз көздері қызарып кеткен. Бар қауіпті бір өзіне бұрғысы келгендей кәрі теке көліктің алдынан кетер емес. Оқ та дарымайды. Атқан сайын оғы далаға кеткен жас жігіт ызалана түсті. Оптикалық көздеуіші бар мылтықты қолына алды. Асықпай көздеп, тынысын тежеді. Жүрегінің соғысы жиілей түскендей сезілді. Атып келе жатқан күннің алтын шапағымен шағылысқан қос мүйіздің ортасынан көздеді. Гүрс еткен мылтықтың үнімен бірге кәрі теке де аспанға шапши секіріп, омақаса құлады. Осы кезде рульде отырған серігінің жан ұшыра айқайлағаны құлағына келіп, дүние астан-кестен болып жүре берді. Бір қараңғылыққа сүңгіп кеткендей...
Қанша жатқаны белгісіз, ұйқыдан оянғандай күй кешкен Асылхан көзін әрең ашты. Әбден қара түнекке батқан қос жанары жарық сәулеге үйренер емес. Жаман түс көргендей, денесі суық терге малшына терлепті. Төсекте жатқанын енді сезді. Жарыққа енді көзі үйренгендей айналасына көз жіберді. Аурухананың жан сақтау бөлімінде жалғыз өзі жатыр. Шөл қысқан еріндері кезеріп, тілі таңдайына жабысып қалған. Тек қос жанарынан парлай аққан жастың ащы дәмі тіліне білінді. Жылап жатыр екен. Орнынан тұрғысы келіп талпынып еді, аяқ-қолы өзіне бағынбайды. Бағынбақ түгілі қозғалмайтын сияқты. Таспен бастырып тастағандай.
Асылхан ауруханада ұзақ жатты. Дәрігерлер көлік апаты салдарынан бел омыртқасына зақым келген деген диагноз қойды. Алла сәтін салып, ажал тырнағынан аман қалған еді. Тек бір өкініштісі, жиырма беске енді ғана аяқ басқан жас жігіт қол арбаға таңылмақ. Кеудесінен төмен жан жоқ. Қасында болған досы Әлібек өмірден озыпты. Жақында қырық күндік асы берілмек. Бұл жағдайды ауруханаға келген анасынан естіді.
Жан дүниесі өртеніп кеткендей, жылап жатыр. Бұл – өкініштің көз жасы. – Неге бұлай болды? – деген сұрақ көкейінен кетер емес.
Үйдегі төсегінде жатқан Асылханның қазіргі жағдайы еш өзгеріссіз. Бір жылдан асса да ауруына шипа табылмады. Ата-анасы шырылдап жүріп Қытайға дейін алып барды. Бірақ еш нәтиже жоқ. Алдына қойған асқа да тәбеті шаппай, асты-үстіне түсіп жүрген ата-анасына да, бауырларына да тіс жарып сөйлеген емес. Өзінің тұңғиық ойына бата береді...
Көзін жұмса болды кәрі киіктің бейнесі көз алдынан кетпейді. Көзіне елестеген сайын бар дүние астан-кестен болып, қара түнек басқандай.
– Киіктің киесі деген осы шығар, осы шығар?! – деп күбірлей берді...
Қайрат ЖАҚЫП
Батыс Қазақстан облысы,
Қазталов ауданы