Қазақстан • 26 Ақпан, 2018

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы жаңа жобаларды ұсынды

781 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Қазмедиа орталығының 5-ші студиясында «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин ұлттық арнаның көктемгі телевизиялық маусымымен таныстырып, 2017 жылдың негізгі жетістіктерін атап өтті. 

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы жаңа жобаларды ұсынды

Алдымен Басқарма төрағасы арнаның өткен жылдағы толағай табыстары мен жемісті жетістіктерін сөз етті. Айталық, қазақтың төл өнерін дәріптейтін «Мен қазақпын» халықаралық музыкалық жобасы мен 8 мемлекетте тікелей трансляция арқылы көрсетілген «SilkWayStar» мегажобасы көрермендер арасында жоғары бағаланып, өткен маусымның басты жаңалығы болғандығын айтты. Сондай-ақ, 2017 жылы «Парасат майданы», «1студия», «Басты тақырып», «Мәселе», «Елден хабар» сияқты қоғамдық-саяси және ақпараттық-сараптамалық жобалардың саны артып, көрерменге жол тартқан.

«Өткен жылы контентті жаңарту барысында әлеуметтік жобалардың саны артты, ақпараттық-сараптамалық бағдарламалардың форматы өзгерді. Ең бастысы, өзіміздің ішкі телеөнімнің үлесі 80 пайызға өсті, яғни бұл сырттан сатып алынбаған контент. Біз әрі қарай да контентті жаңарту жұмыстарын жалғастырып, сапалы туындылардың санын арттыруға атсалысамыз», деді Ерлан Қарин.

Мәслихатта мәлім болғандай, ұлттық телеарнада жаңа телевизиялық маусым дәстүр бойынша, наурыз айының басынан басталмақ. «Qazaqstan» телеарнасынан бірнеше жаңа жобалар мен телехикаялар көрерменге жол тартпақ. Алдағы уақытта еліміздің тарихынан сыр шертетін «Алаш ақиқаты» бағдарламасы мен «Бала көңілі» атты балалар тәрбиесін қозғайтын гуманитарлық-ағартушылық жоба шығатын болады. Олардың қатарында көктемгі маусымның басты тұсаукесері «Жүрсіннің жүйріктері» атты ақындар сайысы да бар.

Жоғарыда айтылғандай, ұлттық арна өздерінің тұрақты көрермендерін жаңа маусым аясында бірқатар жаңа отандық телехикаялармен қуантпақ. Атап айта кетсек, ағымдағы жылдың 26 наурызда Алаш зиялыларының ХХ ғасырдың басында Тәуелсіздік жолындағы тағдырын баяндайтын «Тар заман» телехикаясы эфирге шықпақ. Сонымен бірге көрермендер «Туған жер», «Сүйе білсең-2», «Жараланған жүректер», «Іңкәр жүрек-3» сынды телехикаяларды тамашалайтын болады.

«Ұлттық арнада әр жылдары көптеген танымал тұлғалар, зиялы қауым өкілдері еңбек етіп, Қазақ телевизиясының дамуына үлкен үлесін қосты. Олардың атқарған орасан еңбектерін ұмытпау – біздің парызымыз. Ақпанның басынан бастап, әр жексенбі сайын ұлттық арнаның «Алтын қорында» сақталған, кезінде көрерменнің көңілінен шыққан бұрынғы бағдарламаларды эфирге шығаруды ұйғардық. Сондай-ақ, ұлттық арнаның «Таңшолпан», «Дара жол», «Келбет» және басқа да бағдарламаларында отандық телевизия ардагерлерінің қатысуымен арнайы шығарылымдар жарық көреді. Мұнымен қоса, көрермендерге тосын сый ретінде, бұрынғы тележурналистер мен дикторлар жүргізуші боп эфирге шығатын болады», деді Басқарма төрағасы Ерлан Қарин.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»