Биыл мамандардың айтуынша қар былтырғыға қарағанда екі-үш еседей кем. «Қазгидромет» облыстық филиалының директоры Лариса Кузьминаның мәліметінше, облыста қыстай жауған қардағы су қоры былтырғының 40 пайызын ғана құрайды екен. Ал су қоймаларындағы су оның 68 пайызын толтырып тұр, 449 млн текше метр су сиятын орын бар.
Биыл қар былтырғыға қарағанда 2 еседей аз жауған. Қардың қалыңдығы ең көп жауған аудандарда 22 см-ге жетеді. Ал өткен жылы 32 см-ден асып кеткен еді. Алайда, су тасқыны ылғи қардың көптігінен бола бермейді. Су өткізгіштердің бітеліп, қаралмағанынан кептелген су ойдағы ауылдарды табатын. Облыстағы Төтенше жағдай жөніндегі департамент бастығы Талғат Кәкімов дамбалар мен бөгеттердің жағдайы қарауды қажетсінетінін, өңірдегі 103 гидротехникалық құрылыстың 24-нің жағдайы нашарлығын мәлімдеді. Олардың жөнделгені туралы арнайы комиссия наурыз айында тексеретін болады.
Нәзира Жәрімбет
«Егемен Қазақстан»
Қостанай