Шарада Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браун сөз сөйледі.
Е.Біртанов өз сөзінде атап өткендей, денсаулық сақтаудың қызмет көрсету жүйесіндегі тиімділігін арттыруға бағытталған аталмыш жоба Қазақстанның денсаулық сақтау саласында жасалып жатқан жүйелі және институттық өзгерістердің жалғасы.
Денсаулық сақтау министрі жаңа жобадағы басым міндеттердің қатарында МӘМС-пен (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) қатар Бірыңғай денсаулық сақтау инфрақұрылымы жоспарын жүзеге асыруды, қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің қалыптасуына көмектесуді, медициналық-санитарлық алғашқы көмекті күшейтуді, жедел медициналық жәрдем, медициналық білім беруді, денсаулық сақтау саласын цифрландыруды жетілдіру бар екенін атап өтті.
«Денсаулықты әлеуметтік сақтандыру жобасы Қазақстан Үкіметіне медициналық қызметтердің қолжетімділігін, сапасы мен тиімділігін арттыруға және денсаулығы нашар адамдар үшін қаржылық тәуекелдерін азайтуға қолдау көрсетуге бағытталған», деді Ато Браун. Ол өз сөзінде атап өткендей, мұндай ірі реформалар басқа секторлардың қатысуынсыз сәтті жүзеге аспайды, сондықтан басқа да министрліктер мен азаматтардың қолдауы қажет.
Осылайша, әлеуметтік медициналық сақтандырудың ұлттық жүйесін нығайту бойынша бірінші компонент аясында Медициналық сақтандыру қорына кірісті болжау мен тәуекелді басқаруда, тариф саясатын жетілдіруде, ТМККМ (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) және медициналық көмектің сақтандыру пакетінің мөлшерін, ақпараттық жүйелерді біріктіру және көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін бақылау тетіктерін енгізуде қолдау көрсету жоспарлануда.
Екінші компонент қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің (ҚДҚ) қалыптасуына көмектесуді, қолданыстағы емханалар негізінде 16 алдыңғы қатарлы орталық құру мен жабдықтауды және медициналық алғашқы көмек мамандарын халықаралық талаптарға сәйкес оқытуды көздейді. Сондай-ақ жоба қорының есебінен стационарлық және амбулаторлық-емханалық қызметті реструктуризациялау, медициналық ұйымдарды (стационарлардың қабылдау бөлімдері, емханалар) клиникалық хаттамалардың ұсыныстарына сай медициналық құрылғылармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қайта жабдықтау жоспарлануда.
Жоба міндеттерінің бірі – Қазақстанның барлық өңірлеріне Сырқатты басқару бағдарламасын (СББ) енгізу, сонымен қатар СББ емделушілерін қадағалау бойынша 200 емхананы медициналық және зертханалық құрылғылармен жабдықтау болмақ.
Шетел медициналық жоғары оқу орындары және колледждерімен стратегиялық әріптестіктің есебінен саланың кадрлық әлеуетін күшейту мәселесін шешу жоспарлануда. Мұнда ең негізгі жаңалық – университеттік емхананың жаңа үлгісі мен барлық деңгейлі білім беру бағдарламасын қалыптастыру, дәлірек айтқанда, мейіргер ісі мамандарын дайындау бойынша және бакалавр мен магистратураның қос дипломды қазақ-фин үлгісін енгізу.
Сонымен қатар медициналық сала мамандарын бірыңғай есепке алу мақсатында мамандарға деген қажеттілікті анықтап қана қоймай, ұзақ мерзімді келешегін болжау үшін денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіби тіркелімін жасау жоспарлануда.
Осылайша, жобаны жүзеге асыру нәтижесінде үй шаруашылықтарының медициналық қызмет үшін жеке төлемдерінің үлесін азайту, медициналық көмек пакетінің нақты құрамын анықтау, алғашқы бөлім өсімі бойынша стационарлы қызметтің шектен тыс қолданысын қысқарту, халықты алдын алу шаралары мен сырқаттың бастапқы белгілерін анықтауға тарту нәтижелері күтілуде.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»