Бұдан бөлек жаңа автотұрақтар салынып, фельдшерлік пункт ашылып, саябақ пен автовокзал пайдалануға берілген-ді. Бір қуаныштысы, көл жағасын абаттандыру жұмыстары биыл да жалғасын таппақ. Ең бастысы, ағымдағы жылы Өскемен мен Семей қалаларынан «Жалаңашкөл» стансасына дейін темір жол қатынасы жолға қойылып, облыстық бюджет есебінен аталған темір жол бекетінен Қабанбай ауылына дейінгі (Алакөл) автокөлік жолы жөнделмек. Мұндай жағымды жаңалықты облыс тұрғындары алдындағы есептік кездесуде аймақ басшысы Даниал Ахметовтің өзі жеткізді. «Алакөл – еліміздің мақтанышы. Біз Алакөлді Түркия мен өзге де елдердегі демалыс орындарының деңгейіне жеткізуге күш салып жатырмыз. Соңғы екі жылда жалпы сомасы 4,3 миллиард теңгеге облыстағы негізгі туристік орындарға апаратын автокөлік жолдарын жөндеуден өткіздік. Сонымен қатар өңірдің киелі орындар тізіміне енген Абай ауданындағы Қоңыр әулие үңгірінің және Тарбағатай ауданындағы Ырғызбай әулие кесенесінің туристік инфрақұрылымы жақсартылды», деді облыс әкімі.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы