Театр • 27 Ақпан, 2018

Қайраткерлерді ұлықтаған қойылым

548 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астанадағы Қ.Қуаныш­ба­ев атындағы акаде­мия­­лық қазақ музыкалық драма театры­ның сахнасынан «Елім деп өт­кен Ер Жалау» деген спек­такльді көргеннен кейін алаш ру­хының асқақтығына куә болдым. 

Қайраткерлерді ұлықтаған қойылым

Авторы – белгілі жазушы-драматург Өтен Ахмет. Ал сахналаған «Ақ жол» ҚДП Маң­ғыстау облыстық филиалы Жастар қанатының әуесқой жас әртіс­тері – мектеп оқушылары, колледж студенттері. Режиссері – филиалдың жетекшісі, жас талап Әлия Исаева. Қазақ елі тарихындағы ең бір күрделі кезеңде үкімет басқарған Жалау Мыңбайұлындай, оның сенімді серігі Сұлтанбек Қожановтай, еріксіз шетел асқан Мұстафа Шоқайдай кез келген менмін дейтін әртістің өзі жүрексінетін ұлы тұлғалардың рөлінде ауыздарынан ана сүті кеппеген өрен­дер ойнайтынын білгенде, қазақта «Қарың көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген мақал бар ғой, сол естеріне түскендей, зал толы көрерменнің ә, дегенде іш тартып қалғаны анық-тын. Алайда сахнадағы көріністер басталған бетте-ақ ол күдікті ойды бірден ыдыратты да жіберді. Тар заманда қазақтың еркіндігі мен берекелі болашағы үшін жандарын шүберекке түйген кешегі ұлы тұлғаларды көрген көрермен кейіпкерлермен бірге толғанды, халыққа орны толмас нәубет әкелген уақыттың уланған ауасын бірге жұтты, запыран құсты.

Оқиға-тартыс алғашқы астанамыз Орынбордан Ақмешітке (Қызылорда) ауысқан күннен бастап үкімет басқарған Жалау Мыңбайұлы төңірегінде өрбиді. Небары 37 жасында дүние­ден өткен Жалаудың қысқа ғұмы­рын­да тындырған ісі қыруар. Бірақ спектакль авторлары қай­рат­кердің өмірбаян ізімен кетпей, оның адами қасиеттері барынша ашылатын мәнді тұстарын алған. 1919 жылы Каспий теңізі арқылы Мұстафа Шоқайды шетелге шығарып салуы, өзі редактор болып «Ауыл тілі» газетін ашқанда, үлкен үміт артып Міржақып Дулатұлының оған өзімсіне мұң шаққандай болып хат жазуы, Мәскеуден арнайы жіберілген Ф.Голощекин Қазақстанда кіші октябрь төңкерісін жасау керек, байлардың малын тәркілеп, ауылды ұжымдастыруға көшіруді тездету керек деп жаны шыға жаныққанда, Жалау Мыңбайұлы қарсы шығып қана қоймай, намысына күйген сәтте шыдамай кетіп, оны аямай жұдырықтап та тастауы әсерлі өріледі.

Жалау рөліндегі Рамазан Таңсықбаев сырт келбетімен де ішкі жан күйзелісін беру, сөз саптау мәнерімен де кейіпкеріне ұқсай білген. Оның Мұстафа Шоқайды шығарып саларда «большевиктен көмек болады деп қорықпай қалай келгенсіз, сіздің шетелде жүріп айтар сөзіңізді мұндағылар керек қылар деймісіз» деуі, ойындағысын бұлтақ­тамай тура айтатын жігер­лі де қайсар, бірбеткей жан екенін көрсетеді. Сұлтанбек рө­лін­дегі Жұмағазы Айдар бой тұр­қы шағындау болғанмен, түр әл­петі кейіпкерінің біз білетін су­ре­тіндегі келбетінен аумай қа­лып­ты. Сөйлей жөнелгенде, жү­ріс-тұрысына, қимылына сөзі сай келіп, іріленіп кетеді.

Қойылым аяқталғаннан кейін сахнаға көтерілген Сұлтанбек Қожа­нов­тың немересі Светлана Борисов­наның «алдымен атама сәлем берейін» деп, Сұлтанбек бейнесін сомдаған Жұмағазыны құшағына алып, бетінен сүйіп, көзіне жас алған сәті зал толы көрерменнің көңілін түгелдей толқытып жіберді. Және Жұмаға­з­ы­ның ойынына берілген әділ бағадай қабылданды. Мұстафа Шоқайды ойнаған Ғазиз Ізтұр­ғановты мен осыдан екі жыл бұрын осы сахнадан «Азаппен өткен өмір-ай» спектаклінде Ахмет Байтұрсынұлы рөлінде көрген едім. Байыптылығы, ойлылығы сүйсіндірген. Оның бұл жолғы ойынынан да ұлты үшін бойындағы бар қуатын сарқып беруге бекінген, ол үшін еркін көсіліп әрекет ететін ашық алаң іздеген, алдағыны болжай білген кемеңгер тұлға екенін таныдық. Жалаудың жары Күміс рөліндегі Нұргүл Бектұрсынова, ақын Иса образын сомдаған Наурыз Қайырбаев, қыр қазағын бейнелеген Рақымжан Ізтұрғанов спектакльдің бас-аяғы жинақы, жұмыр, әсерлі шығуына өз үлестерін қоса білді. Осындағы Қара кісі жалған ұранға құдайдай сеніп, біліп те білмей адасып сатқындық жолға түскен, ұлтын сүйген қазақ зиялыларының басына қара түнек орнатқан бел­сен­ділердің жиынтық бейнесі. Бұл күрделі рөлді жас театрдың талантты әуесқойларының бірі Шәміл Кенже сомдады. Қойы­лымның басынан аяғына дей­ін Жалау екеуінің екі түрлі көз­қа­рас тұрғысынан шарпысуы спек­такльдің тартысты, ширақ өтуінің кепілі болды.

Бұған дейін де «Азаппен өткен өмір-ай», «Жұлынқұрт», «Ана­ның ақ сүті», «Әке өкініші» спек­та­кль­дерімен, Маңғыстау аймағын сүй­сінткен, Қостанай, Астана көрер­мен­де­ріне де бір­ша­ма танылып үлгерген жас режиссер Әлия Исаева бұл жолы да қиын тақырыпты жақсы игерген.

Жалпы, әуесқой әртістердің соңғы бір жылда тындырған ісіне кәсіби театрдың өзі қызық­қан­дай. Филиал­дың басшысы, жастардың ақыл­шы ұстазы Жаң­бырбай Матаев­тың айтуын­ша, осы аралық ішінде бұлар 20 мың адамды қамтыған 61 рет спектакль көрсетіпті. Ойым­ды Алаш қайраткері Қошке Кемең­гер­­­ұлының тікелей ұрпағы, алаш­тану­шы ғалым Қайырбек Кемеңгер сөзімен түйіндесем, «Жалау Мыңбайұлының қай­рат­кер­лік тағдыры жайында керемет спектакльді көрдік» – деді ол.

– Сондықтан оқушылар мен сту­денттерден құралған әртіс­тер­ді әуесқой деуге келмейді. Олар күр­делі тақырыпты жақсы мең­геріп, образ­дарды кәсіби дең­гейде сомдай білді. Драма со­ңында қара киімді, қара ниетті кө­леңке төменде қалып, ақ киімді ер Жалау өзінің лайықты тұғырына көтерілді.

Қорыта айтқанда, үлкен кәсі­би театрлар бата алмаған та­қы­рыптарды игеріп, қалың кө­рер­меннің көкейіндегі отан­сүй­гіштік өр сезімдерін оята біл­ген әуесқой жас әртістердің бү­кіл елге үлгі боларлық бұл келелі ісі қайта жаңғырудың бір жарқын феномені – айтулы құ­бы­лыс деуімізге әбден лайық деп есептеймін.

Аманғали ШАМШАДИНҰЛЫ,
зейнеткер