Жағдайын айтып, аудандық әкімдікке барғанмен, шығарыпсалма жауаптан мезі болып, тауы шағылған сияқты. Кәмелетке толмаған үш баланы асырап отырған жалғызілікті әкені қатты қинап тұрғаны – баспананың қазіргі жайы. Ескі үйді әлдекімнен қолхат арқылы сатып алыпты. Енді апатты деп танылған баспананың құжаттары болмағандықтан кезекке тұра алмай әбден әуре-сарсаңға түсіп жүр. Тиісті құжаттарды әкелсе кезекке еш кедергісіз қойылады. Жалғызілікті әке ретінде танылмаған. Бұрынғы әйелі аналық құқынан айырылмаған. Сондықтан заңды бұзуға еш қақымыз жоқ, дейді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары.
Күні бойы ауыр жұмыс атқарып, кешке қарай сүрініп жететін Жақсылықтың 25 мың теңге айлығы шайлықтан да артылмайды. Жалақысы қомақтылау жұмысқа ауысайын десе балаларына алаңдайды. Ұл-қыздарым мектепте оқиды. Әлеуметтік жағдайымыз өте қиындап кеткеннен кейін қайырымды жандардан көмек сұрағаным рас, дейді ол шарасыздықтан жаны сыздап.
Осыдан төрт жыл бұрын шиеттей балаларын тастап, өзге еркектің жетегінде кете барған көкек ананың алимент берешегі 1 миллион теңгеден асып кетіпті. Бірақ сот шешімінің жуық арада орындалатын түрі байқалмайды. Оған әлі күнге дейін заңды түрде ажыраспауы бөгет болып отырған тәрізді. Тіпті балаларға мемлекеттен тиесілі жәрдемақы да белгіленбеген. Мәселе тағы да құжаттық қағаздарға келіп тіреледі.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы,
М.Жұмабаев ауданы