Қазақстан • 27 Ақпан, 2018

Алматы мектептері кеңжолақты интернетпен толықтай қамтылды

278 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап көрсеткендей мектептерді кең жолақты интернетке қосу және бейне құралдармен жабдықтау, сондай-ақ цифрлік білім беру ресурстарын дамыту мәселелерінің маңызы зор. 

Алматы мектептері кеңжолақты интернетпен толықтай қамтылды

Алып шаһар Алматыда бұл бағыт бойынша едәуір ілгерілеу бар. Оның бір ғана дәлелі қаладағы барлық мектептер кеңжолақты интернетке қосылған.

Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап мектептерде «Kundelik.kz» электронды күнделік және журналдар жүйесі енгізілген. Бұл жүйе мұғалімдерге электронды форматта журнал толтыруға мүмкіндік тудырса, ата-аналар қауымы үшін баласының үлгерімін онлайн режимінде қашықтықтан ақ қадағалауға жол ашқан. Мамандар жүйе жұмысын бастағалы бері оқушылардың үлгерім сапасы мен тәртібінде оң өзгерістер байқалғанын айтады.

Мектептер мен мектептен тыс ұйымдарда іске қосылған робототехника және 3D модельдеу үйірмелері 2692 оқушыны қамтыған. Ағымдағы жылы Оқушылар сарайы базасында балалар мен жасөспірімдер күшімен инновациялық бизнес жобаларды  енгізуге арналған бизнес-инкубатор құрылмақ. Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Гулнар Ходжабергенованың айтуынша, бұл балалардың ерте жастан зерттеушілік дағдысын қалыптастыруға және мектеп бітірушілердің болашақта әлемдік бәсекелестік ортада лайықты орын алуларына мүмкіндік бермек. Педагогтардың біліктілігін арттыру мен мәртебесін көтеру әрдайым басты назарда деген қаланың бас мұғалімі осы бағытта қолға алынған бірқатар шаруаларды жіпке тізіп берді.

– Орта білім беру деңгейінде жаңартылған мазмұнды білім беруге кезеңдеп өту белгіленді және бұл 2020 жылы аяқталады. Осы ретте жаңартылған мазмұнды білім беруге 2016 жылы 1-інші сыныптар, 2017 жылы 2, 5, 7-інші сыныптар өтті. Ағымдағы жылы кезеңдеп өту ісі 3, 6, 8-інші сыныптарды қамтыса, 2019 жылы, 9, 10-ыншы сыныптар, 2020 жылы 11-інші сыныптар жаңа мазмұнды білім беруге толықтай өтеді. Елбасының халыққа Жолдауында атап көрсеткендей, жаңа мазмұнды білім беру жүйесіне өткен мұғалімдердің жалақысы 30 пайызға өседі. Санаты мен еңбек өтілі жоқ жас мұғалімдерге 18 696 теңге, жоғары санатты мұғалімдерге 27 мың теңгеден аса  үстемақы қосылады. Жаңартылған мазмұнда білім беру бойынша 2016 жылы 1-інші сыныптың 2786 мұғалімі, 2017 жылы 2,5,7, сыныптардың 3846 мұғалімі курстан өткізілді. Биылғы жылы Білім басқармасының және білім беру ұйымдарының сайттарына қаладағы үздік мұғалімдердің бейне сабақтарын орнату бойынша жұмыстар басталды. Білім беру жүйесінің тиімділік көрсеткішінің маңызы оның нәтижелілігінде, – дейді Гүлнар Ходжабергенова.

Алматы қаласының білім беру жүйесінде 1078 білім беру ұйымы жұмыс істесе соның 700-і мектепке дейінгі білім беру ұйымы. Мәселен, соңғы екі жылдың өзінде қалада 10,4 мың адамға арналған 262  мектепке дейінгі мекеме ашылған. Мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеумен 3 жастан 6 жасқа дейінгі 81,2 пайыз  балалар қамтылған. 296 мектепке дейінгі ұйымның базасында 13 712 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған. Жалпы қаладағы орта білім беру ұйымдарында 243 348 оқушы білім алады. Жуырда ғана халық алдында есеп берген шаһар басшысы  жастардың жақсы білім алуына оңтайлы көңіл бөлінетінін тілге тиек еткен еді. Бұл ретте оқушылардың сапалы білім алуы үшін, мұғалімдерге қойылатын талап та күшейтілмек.  

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024