Ынтымақтастықтың бұл жаңа форматында мажар үкіметі еуропалық континент шегінен тыс әріптес елдермен өзара іс-қимылды күшейту міндетін алға қоя отырып, «Вышеград біріктіреді» («V4 Connects») ұранымен өтетін Вышеград тобында бастама жасады.
Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов отырысқа қатысушыларға арнаған сөзінде Вышеград тобының интеграциялық тәжірибесі қазіргі кезде серпін алған Орталық Азиядағы өзара қарым-қатынас үшін өте пайдалы екенін атап өтті. Министр Президент Н.Назарбаевтың Орталық Азия елдерін өңірдегі өзекті проблемаларды шешу үшін күш біріктіруге шақырған іс-қимылына әріптестерінің назарын аударды.
Қазақстан СІМ басшысы Орталық Азия мен Вышеград тобының ықтимал өзара іс-қимылының нақты салаларын атады. Олардың қатарына білім беру мен адами капитал, цифрландыру мен озық технологияларды пайдалану, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің алаңында құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «жасыл» технологияларды дамыту орталығы мен ІТ-стартаптар паркі шеңберіндегі ынтымақтастық кірді.
Министр «Вышеград тобы» брендінің табысқа жетудегі маңызды факторының бірі басқа мемлекеттермен және бірлестіктермен диалог жүргізу және ынтымақтастық орнатудағы ашықтық екені жөнінде пікірін білдірді.
Отырыста қатысқан барлық мемлекеттердің өкілдері ұсынылған форматтағы өңіраралық өзара іс-қимыл мен қарқынды диалогты жалғастыруға ерекше мүдделік білдірді.
«Егемен-ақпарат»