28 Ақпан, 2018

Қариялық жол

677 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Адам қанша уақыт өсіп, қай шамада тоқтайтынын ғылыми-зерттеу орталықтары көрсеткіш бойынша анықтап, қорытындысын реті келгенде шығара жатар. Задында артық-кем айтылған сөздер, жедел де желікпелі пікірлер, жазатайым туындаған одағай ойлар қым-қуыт дүниедегі анталасқан алуан-алуан көпшілікті елестетіп қарасаң – қазақтың ұлы даласы, орыстың сыңсыған орманы, араб сахарасының суырылған құмы осы күнгінің жарнамасы іспеттеніп, жанар аумағына тұтас сыйып кете беретінін үйреншікті әдетке айналдырып алғанымыз қашан. 

Қариялық жол

Astinfo.kz

Шарттылықты шетпұш­пақ­татып уақыт оздырғанша нақ­тылыққа қарай ақырын-ақырын жылжыған сайын өмірлік тә­жірибе жарықтыққа еріксіз иек артасың. Өткен-кеткен жайларды есіңе ала ойлансаң – дү­ниені ұстап тұрған тетіктерді тізбектеп саралай бастайсың. Адуын да әулекі мінездердің ауа жайылған сөздерінен гөрі қапылыстағы жүрекжарды сәттер жадыңа оралып, соның қадірін дер кезінде сезбегеніңе өкінетін жайға ертелі-кеш ұшыраспай тұрмайды екенсің. Жұмырбасты пенде біткен өмір өтпелілігін ойшыл тұрғыдан терең түсінбесе де, дүниенің жалғандығына көз жеткізген әр мезетінде қилы әре­­кет­терге барып, соңына өзін­­­дік ізін қалдыруға тырысаты­ны белгілі. Шыр етіп жерге түсіп, жасарын жасап, кәрі қой­­дың жасын түгесіп барып, демі үзілердің алдында ғана сонау өрістегі жылқысына алаң­дап, шала бүлінген қарияның дү­ниеден түйгені не сонда?! Жұм­бағы ашылмаған қазақ жаратылысының бір ерекшелігі осында жатыр-ау деген ішкі ұйға­рымың ойдың жүлгесіне сыйымды нәш көрінетін себебі сол шығар. Өйткені қазақ қария­сы төңкеріс пен кәмпескені, ашар­шылық пен қуғын-сүргінді, Екінші дүниежүзілік соғысты басынан өткерсе де, адам баласын жатырқап қоймайтын қалыбынан жаңылмаған жайсаң жаратылыс иесі еді.

Қазақ қариясы болу былай айтқанда мәртебе саналатын. Бүгін­гі біздер сол жолдан жаза басқанымызды мойындамасқа ама­лымыз қайсы. Оқу мен тоқудың ұлттық құнарынан айы­рыл­ған соң-ақ өзгенің ойшыл­дарына жүгіну басымдық алып, бүткіл өнеге соларда жат­қандай бас-көзге қарамай қай­талай беретінімізге не жорық? Өзде­рінен кейінгілердің дүбә­ра­лығынан шошынған қазақ қарияларының кейіптерін көзі­міз көріп тұрып, оны көрі­неу қараңғылыққа ұйғара салға­нымыз түсінбестік пе, жоқ, нем­кеттілік пе, төрелігін кесіп-пішіп айту қиындау. Өзіміз енді сондай жасқа келіп тұрсақ та, бізден бұрын өтіп кеткен қатардың қасиеті бойымызда жоқтығына қылайып қоймайтын тұрпатымыздың сұрқынан іштей шошынамыз. Қариялылыққа аттап басқысы келмейтін пиғылдың өргектігіне тоқтам жоқтығы дін уағыздаушыларының Жаратушы иеден алыстау деген нұсқауын қайталауға ұрындыратындай.

«Ұлпан» романы жазылып, жарыққа шыққан уақытта әде­биетші қауымның бірқатары құбылысқа балап, баспасөз бетін шулата жөнелгені есімізде. Аты-жөні жан баласына мүлде белгісіз қатардағы оқырманның сол кезде жасаған өзіндік кесімі көкейден кете қоймас сірә. Есенейді өзіне параллель ғып алған автор өмі­рінің соңына қарай жасаған әрекетін ақтап алуға тырысқан деген тоқтам қаншалықты шын­дыққа ұласқанын кім білсін – қазір осы романның рухани айналымда бар-жоғы беймәлім екені ақиқат. Қажылыққа аттанып бара жатқан Құнанбай бәйбішесі Ұлжанмен оңашада араздасатын екеуара диалогты жариялаған әлеуметтік желідегі үзіндіге жұрттың көбі керемет деп таңырқағанын әуелі елемей өте шығуға болатын еді. Соңынан барып бір-ақ аңғаратын қашанғы бір ғадетіміз, сөйтсек үн қосқандардың бірен-сараны болмаса, көбі «Абай жолынан» алынған үзінді екенінен хабарсыз болып шықты. Мұны ел аузындағы әңгімеге балап, дайын үлгіде қабылдай салатын дағды «аңқау елге арамза молда» кебіне ұрындырмай тынбайтын шығар.

Аманқос Ершуовтың жас­тау кезімізде «Жұлдыз» журналына жарияланған бір топ өлеңдерінің ішінен «Ақ бұлттар, ала бұлттар, көрдің бе, аспанда да алалық бар. Біреуде жас болса да даналық бар, біреуде қарт болса да шалалық бар» деген жолдар неге екенін кім білсін, өшпестей болып көкейге қонып қалыпты. Жолдарды ауыстырып, дұрыс қолданбай арасында шатасып қойсақ автордан әлбетте кешірім өтінеміз. Кеңес Одағы кезінде әскер қатарында болғандар оқу-жаттығу ісінің мән-мәнақасын жақсы біледі. Бірлі-жарым адам шығынына рұқсат етілетіні алдын ала ескертілетін бе еді, әл­де ұзынқұлақ арқылы естіп біл­­дік пе екен, әйтеуір соны жа­­ды­мызға мықтап түйіп қоя­тын­быз. Күндіз-түні «майдан етіп дүние төрін» тынбастан оқ жаудырып, «кішілігі болмаса құдды түйе» дегендей нағыз соғыстың үстінде қан кешіп жүр­­гендей сезінетінбіз. Оқу-жат­­тығудың тактикалық амал-айласы ма, шағын бөлімшенің жауынгерлерін ақырында қу да­лаға екі тәулікке тастап, құра­ма басқа жаққа мекен ауыстырып, жым-жылас жоғалғанда қыс мезгілі болатын. Екі тәулік деген ондайда екі айдан бетер артық көрінетінін кім біліпті. Қо­регіміз – екі-үш қалбыр ет нан мен су. Бізді алып қайтуға келген лей­тенант шеніндегі орыс жігіті арып-ашып, берекеміз қашқан ұсқынымызға назарын ұзақтау тоқтатып барып, күйзелісті райда тіл қатқаны күні бүгінге дейін есте.

«Жалпы жас адам мұндайды көргені дұрыс. Қиындықты бастан өткеріп, шынығады деген жай сөз. Әкелеріміздің қадіріне жетудің бір жолы осы екенін ұқсаңдар жетеді». Нешелеген ойға барып, жапа шегіп, қо­рын­ған халді алақанының қы­рымен сыпырып жайлап алып тастағандай жеңіл сезініспен ойда жоқта табысудың өзі біле-білген кісіге ат басындай алтын тапқан олжаға бара-бар екен. Одан бері көп заман өтті. Мызғымайтындай көрінген Кеңес Одағы құлайды деп кім ойлаған. Құндылық атаулы түп атасымен өзгермесе де, қазақ қауымының басқа қалыпқа ауысқанын күн өткен сайын біртіндеп аңға­рып келеміз. Нарықтық за­ман­­ның әлденеше ғасырға созыл­ған отарлық қамыттан да, құдай­сыздар қоғамы саналатын социализмнен де қазақ болмысына әкелген өзгешеліктерінің айырмасы анағұрлым айқын, көшпелі салттың ақынжанды ерекшелігінен арылу үдерісінің үстінде таныс-білістіктің ақ-адал ниеті әлдекімдердің түйетабан жалпақ танымына жапырылып, жарамсыз күйге түсуде. Әлдекім мұны заманақыр ақындарының сарынына ұқсатып, миығынан мыс­қылдап күліп отырған шы­­­ғар, мейлі ғой әркімнің өз еркі біледі. Қазір ұлттың қана­ғатшыл сезімі деген ескінің сар­қыншақ ұғымына айналып барады. Айналаңды анталап телмір­ген ашкөздікке алып-қашпа желбуаздық қосылған соң әді­летке жүгініп, сөзге тоқтайтын ата дәстүр жайына қалды. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты ар санамайтын беті қалыңдыққа тыйым салатын не бар. Жалғанға жария болып абыройы айрандай төгілсе де, намыс, ұяттан жұрдай қал­­­пымен қатардан қалмай қыл­миып тұратын ұсқындарға не дауа.

Ағайыншыл бауырмал сезім құрбандыққа астасатын ұғымнан алыстағалы қашан. Сөйте тұрып «Абай жолындағы» тартыстардан аумайтын ішкі иіріміне бойлау қиын нобай-кейіптердің ұлттықтан гөрі өңірлік сипаттан тұратын пиғылын туү алыстан айырасың. Ең таңқаларлығы, бұл қатардың көпшілігі ана тіліне шорқақ та, қазақы қалтарыстарды меңгеруге шебер. «Тілде бар да ділде жоқтың» кері сондықтан да ХІХ ғасырдың бел ортасына бір-ақ шегеріп тастағандай көрінеді. Мұншалықты түңілістерден сер­пілтетін жақсылықтың нышандары баршылық. Соның бірі таяуда көрсетілген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» хабары. Осы арада белгілі тұлғалар­дың жарған лебіздерінен қа­лың тұманнан түскен саңлау ар­қылы төгілген сәуле шуағына телміріп, үміт етіп үздігіп қарай бастайсың баяғы. Дүние жүзінің ең беделді құрылымдарында қазақ жастарының бірқатар тобы жауапты жұмыстар атқаратынын естігенде – осының өзі баянды болса екен деген қариялық тілек­пен сөзіңнің бір парасын тура осы арада аяқтағың келеді.

Бойында қуаты сарқылмаса да бұлданып, тұлданбаған, кейін­­гілерді бөліп-жармастан туған атасындай қамын жеген қазақта қариялар бар еді, ендеше Жаратқан ием, солардың жолын бере гөр!

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ