Барлығымыз білетіндей, жуырда Иран Ислам Республикасының Ұлттық кітапханасында Қазақстан әдебиеті және мәдениеті орталығы ашылған болатын. Орталықты ашу жұмыстарына белсене қатысқан шетел әдебиеттері орталығының кітапханашысы Сайран Рахымжанованың айтуынша, жоғарыдағы ынтымақтастықтың алғашқы жұмысы ретінде осы «Құран тәпсір» бірегей қолжазбасын қалпына келтірген. Алты айға созылған реставрация жұмысы жуырда аяқталып, құнды қолжазба кеше ғана Ұлттық академиялық кітапханаға жеткізілген. Сирек қолжазбалар қатарына жататын парсы тіліндегі Құранның қолжазбасы кітапханаға 2015 жылы жеке қордан келіп түскен. 800 бетке таяу қасиетті кітаптың салмағы 9 келі.
Құнды жәдігер алдымен атақты Кембридж университетінің ғалымдары, атап айтқанда «Шахнаме» Кембридж орталығының парсы зерттеулері бойынша жетекшісі Фируза Мелвилл мен Чарльз Петрдің көзіне түсіп, олар «Құран тәпсірге» «ғылым әлеміндегі нағыз сенсацияға айналуы мүмкін кітап» деген баға берген. Ғалымдар аталмыш құнды қолжазба графика-орфографиялық, кодикологиялық сараптаманы және реставрациялық жұмыстарды қажет ететінін айтқан. Нәтижесінде, Ирандағы Қазақстан әдебиеті және мәдениеті орталығы тағы бір тарихи жәдігерді оқырмандар олжасына қосып отыр. Ал келешекте ұлттық академиялық кітапханасының сирек кітаптар мен құнды қолжазбалар коллекциясы Кембридж университетінің ғалымдарымен және Қазақстан ғалымдары, сондай-ақ кітапхана қызметкерлерімен бірлесіп, халықаралық кодикологиялық ұйымдарымен ынтымақтастықта жұмыс жасауды жоспарлап отыр. Айта кетейік, Иран Ислам Республикасы кітап мәдениеті дамыған ел ретінде қолжазбаны қорғап қалуда ұқыптылықпен тер төккен. Кітапты тек қалпына келтіріп қана қоймай, оның электронды нұсқасын да қатты дискіге көшіріп, елордамыздың алда келе жатқан мерейтойына тарту еткен.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»