Қазақстан • 01 Наурыз, 2018

Өзара әріптестіктің әлеуеті зор

191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Париждегі Бурбондар сарайында Қазақстанның Франциядағы елшісі Жан Ғалиевті «Қазақстан-Франция» парламентаралық достық тобының төрағасы Пьер Кабаре қабылдады.

Өзара әріптестіктің әлеуеті зор

Кездесуге Франция парламенті төменгі палатасының вице-спикері Кароль Бюро-Боннар, Сыртқы істер жөніндегі комитеттің мүшесі Анни Шапёлье, сонымен қатар достық топ хатшылығы мен Қазақстан елшілігінің қызметкерлері қатысты.

Халықаралық саясаттың көкейкесті мәсе­лелері жөнінде барынша қызығушылық туды­ратын, сонымен қатар 2018 жылғы мау­­сымда 10 жылдығы аталып өткелі отыр­ған Қазақстан мен Франция страте­гия­­лық серіктестігінің болашағы мен жай-күйі туралы пікір алмасу болды. Тарап­тар ор­талықсыздандыру бойынша ын­ты­мақтастық пен парламенттік диплома­тиядағы өзара ық­талдастықты сөз етті.

Француз депутаттары ұлттық стратегия мен даму бағдарламалары шеңберіндегі Қазақ­стан қоғамында болып жатқан динами­калық даму мен батыл реформаларды қуаттады. Соның ішінде еліміздің адам құқықтары мен демократия қағидаттарын нығайтудағы жетістіктеріне баса назар аударылды.

Өз кезегінде К.Бюро-Боннар мен А.Ша­пёлье Қазақстанның әлем бойынша бітім­гершілік және ядролық қаруды сынауға тыйым салу мен жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау ісіндегі көшбасшылық рөліне жоғары баға берді. Сонымен қатар олар бұрынғы Семей полигоны мен Арал теңізі бассейніндегі техногендік зілзала ай­мағындағы экологияны қайта қал­пына келтірудегі белсенді жұмыстардың маңыз­дылығын атап өтті.

Франция парламентшілері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы­на арналған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көр­сетілген міндеттерге ерекше қызығу­шы­лық танытты. Қазақстандық елші Жол­дау­дағы бағыттарды Францияның әртүрлі аймағында орналасқан ірі, орта және кіші кәсіпорындармен ынтымақтастықты орнату көзқарасы тұрғысынан түсіндіріп берді.

П.Кабаре қазақстандық әріптесі Омархан Өксікбаевтың шақыруы бойынша осы жылдың екінші жартысында достық топтың басшысы ретінде біздің елге бару ниетін растады. Оның ойынша, Қазақстан фран­цуздарға тек сенімді экономикалық және саяси серіктестік ретінде ғана емес, сондай-ақ туристік бағыт бойынша әлі ашыла қоймаған Ұлы Жібек жолы өтетін әр алуан мәдениетке бай ел қалпында қызықтырады.

Франция ұлттық Ассамблеясының депутаттары 2017 жылдың 18 желтоқсанында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын көпшілік дауыспен қолдағанын еске саламыз. Биылғы 15 ақпанда аталған тарихи құжатқа Франция Сенат мүшелері де бірауыздан дауыс берген болатын. Алдағы уақытта заң елдің президентінің қол қоюы­мен бекітіледі деп күтілуде.

«Егемен-ақпарат»