Қазақстан • 01 Наурыз, 2018

Басқа жер жүрегімді тербетпейді

388 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасының Жарлығымен осыдан екі жыл бұрын белгіленген Алғыс айту күні кешегі сұрапыл күндері қазақ жерін, қазақ ұлтын пана тұтқан өзге ұлт өкілдерінің бір сәт болса да ойланып, осы бір азат күнге жеткізіп, туғанындай бауырына басқан елдің өкілдеріне ризашылығын білдіріп, мейір­бандығына мейірімділік көр­сету заңдылық деп бағалаймын.

Басқа жер жүрегімді тербетпейді

Қазақ­стан халқы Ассамблея­сының құ­рыл­ған күнімен тұспа-тұс келетін бұл күні мен қатты тол­ға­намын. Өйт­кені мен қазақ хал­қы­ның мейі­рімі мен жүрек жылуын үш жасым­нан бастап күні бүгінге дейін көріп келе жатқандар­дың бірімін. Қазақ жерінің маған жаттығы жоқ, алай­да, тағылы­мы мол, киелі де мейі­рім­ді мекен, құт­ты қонысым болған Оңтүс­тік Қазақ­­стан өңірінің орны дара. Өт­кен жылы Елбасының «Бола­шақ­қа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдар­ла­масын жүзеге асыру мақсатында Оңтүстік өңірінің басшылары менің ағаш бесікте жатып, кіндік қаным тамған Қап тауының баурайындағы Хаветтің топырағын бастырып, ауа­сын жұтып, суын ішіп, ата-анам­ның ізі қалған жерге баруыма мүм­кіндік жасады. Бұл менің өңім түгіл түсіме енбеген, ойыма кел­меген танымдық та тәрбиелік мәні бар, қоғамды көріктендіретін жақсы­лық болды. Бұл сапар өткен ауыр күн­дер­ден хабардар етіп, тарихты таны­тып, санаға сәуле түсіріп, жан дү­нием­ді тебірентті. Туған жерді көру деген менің арманым болмаса да, ата-анамның өздерімен бірге кеткен армандарының бірі еді. Оңтүстік өңірдің азаматтары сол ата-анама арман болған дү­ниені баянды бағы өрлеген маған бұ­йы­р­­тып, аруақты риза етті. Күллі жұр­т­­тың көңілдеріне күн орнат­қан оң же­місті іс болды. Алыптар­ды өмір­ге әкелген киелі Оңтүстік өңірі зия­лы­ның кені, күні көкте күлімдеп, шапа­ғатты шуағын төгіп тұратын Тұрар­дай тұлғаны өмір­ге әкелген, құт дарыған, Қыдыр қонған берекелі Түлкібасты мақтан тұтамын. Осы сапар барысында Хаветтегі жартылай тастан, жартылай топырақтан салынған үйлерді көріп көкірегім қан жылады. Жол бойы күйзел­ген, күңіренген ел, күрсінген дала, түнер­ген тауды көрсем де өмір жолы өте күрделі әрі қатерлі менің санам­да­ғы қазақ деген жалғыз ұғым жүре­гімді тербеп, Қазақстанға жер жет­пей­тін­дігін, басқа жердің жүрегімді тер­бет­пейтіндігін ұғындым. Отан от­тан да ыстық, мен үшін бір ғана Отан, бір ғана жұрт бар ол қазақ жұр­­ты екендігін, жүрегімде туған жер­­ге емес, тұрған жерге деген махаб­­бат­­тың басым екендігін сезін­дім. Аялы жа­нарынан адам бала­сына деген жылы­лық пен мейі­рім оты ұш­­қын­даған қазақты қадір­леп, қас­тер­леу адами парызымыз, азамат­тық боры­шымыз деп баға­лай­мын. Со­нау 1944 жылғы қиын-қыстау кезең­де Қазақстаннан жылы ұя тауып, қазақпен бас түйістіріп жыл­ға болып басталған өміріміз қа­зіргі күні арналы өзенге айналып, қазақ топырағында тату-тәтті өмір сүріп жатқан этнос өкіл­дерінің тірі қал­ғандарының ұр­пағы өзеннің саға­сына айналып, тамыр тартып, жа­пы­рақ жайып ба­қыт­ты өмір сүріп келе­ді. Бұл бейбітсүйгіш мемлекет­те теңдікте, бірлікте бөлінбей, жа­ры­лмай бір-бірімізді қолдап, тәуел­­сіздігімізді баян­ды етудің жемісі.

Тәуба, тәуелсіз елім, сол елдің Көш­­басшысы, мәңгілік мұраттарға жетелеп келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтай Елбасымыз бар. Қазақ жұртын бүгінде дүйім дүние таниды. Қайда барсақ та, Қазақстан азаматы екендігіңді мақтан тұтасың. Менің туған жеріме барып, тәу етіп қайтуым да осы тәуелсіздігіміз­­­­­дің ар­қасы, осы тәуелсіз елде тұрып жат­­­қ­ан халықтардың тату-тәтті өмірі мен тіршілігінің жемісі. Қазақ­қа Жа­рат­қан ие бар игіліктерді өзі­нің пейілі мен ниетіне қарай берген деп бағалаймын. Тәуелсіздік алға­нымызға жиырма жеті жылға жуық­тады. Жер-Анамыздың бауыры бүтін, еліміздің іргесі тыныш. Мына қауіп-қатерлі, сын сағат­тары көп уақытта тыныштықта өмір сүрудің өзі зор бақыт. Осындай елге, оның халқына алғыс айтпау азаматтығымызға сын болар еді. Алғыс айту күні шын мәнінде бізді бұрынғыдан да жақын­дасты­рып, бір-бірімізге деген мейі­ріміміз­ді арттыра түсері хақ. Мен осы күн­ді пайдалана отырып, мені жал­ғызындай бауырына ба­сып келе жатқан қазақ жұртына пер­зенттік алғысымды айтамын. Мені Асылы Осман деген дәрежеге жеткізіп, төріне шығарып, табанымнан сыз, арқамнан жел өткізбей, маң­дайым­нан сипап келе жатқан осы қазақ жұрты. Сондықтан да мен өле-өл­ген­ше қазаққа қарыздармын деген сөзімнен жаңылмаймын. Қазақ – алысты жақындатып, аразды тату­­лас­тыратын, үлкенді сыйлайтын ілти­патты, кішіге қамқор, адал, аңғал халық. Ешкімге тиіспеген, ал тиіс­кенге басын имеген батыр ха­лық. Бізді осы күнге жеткізген қаза­ғым­ның сол өр рухы.

 Қазағымның ұлыларынан маған ұлылық бұйырмағанмен, ұла­ға­ты бұйырды. Сол ұлағатын бойы­ма дарыта отырып, халім жеткен­ше, қаза­ғымның жоғын жоқтап, тіле­гін ақтап өтемін. Осы бір Алғыс айту күні мен Көк­­те Аллаға, сол Алладан бір жас кіші қазақ халқына, оны бас­­­­­­қа­рып отырған қазақ даласы­ның са­ма­­л­ы маң­дайына, дәмі таң­да­­­йына тиген Елбасы, Тұң­ғыш Прези­денті­міз Нұрсұлтан Назарбаевқа, туған жеріме барып келуіме мүмкін­дік жасап, жақ­­с­ы­лыққа кенелткен Оң­түстік өңір­­дің басшысы Жансейіт Түй­­ме­баев­қа, осы ұсынысты жаса­ған Түлкі­бас ауданының әкімі Нұр­бол Тұраш­бековке, аудан бас­шы­сы­ның бір ауыз ұсынысын қол­да­ған мә­с­лихат депуттарына, Қазақ­стан Пре­­зи­денті Н.Назарбаевтың сая­саты­ның беріктігін танытып, Гру­зияны таңдандырып, Ахысқаны ара­ла­тып, Боржомиде жүрген қаза­ғ­ым­мен қауыштырған «Айғақ» кор­по­рациясының құрылтайшысы, қоғамдық кеңес мүшесі Дулат Әбіш бауырыма, оның ұжымына хал­­қым­ның алдында бас иіп, рақ­метім­ді айтып, алғысымды біл­ді­ремін. Жұртым сүрінбей, жаман­дық­қа ілін­­­бей, жақсылық жандарына серік бол­­сын. Алла Арыстың ағысын, тұл­пар­дың шабысын берсін. Ал мен қайда жүрсем де бар күшімді Қазақ­стан­ның бағы мен бақыты, еркі мен еркіндігі жолында сарп етпекпін. Тір­лі­гіміздің тірегі – татулықты ту етіп,­ төбеме көтеріп, қазағымның рухын биіктетемін. Қазағымды аялаймын анамдай, арқасүйер панамдай. Жасап, жаңара бер 130 ұлт пен ұлыстың ұрпағын бауыры­на басқан, азаматтық келісімді тұғыр етіп, түрлі мәдениеттер мен дін­дер­­ді тоғыстырып, көп ұлттың татулығын ту етіп отырған зайырлы мемлекетім – Қазақстаным, Қазағым!

Асылы ОСМАН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоғам қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі