Қазақстан • 01 Наурыз, 2018

Аналарға мың алғыс

1338 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Аналарға мың алғыс

Қазақ халқы «ару» деген сөздiң өзiн әдемiлiктiң, әдептiлiктiң, инабаттылықтың, сұлулықтың белгiсi деп таныған. Әдемi, көрiктi, шырайлы, сұлу, ажарлы, ару деп сипатталатын қыздарымыздың жан дүниесі нәзік, адал махаббат иесі болғанын, дәулетке, байлыққа қызықпағанын, махаббат атты асыл сезімді айрықша қастерлеп, аялағанын жыр-дастандардан білеміз. Ару қыздың өмірдегі ең асыл мұраты – ана болу. Ана – дүниедегі ең аяулы сөз. Бұл сөзге бар әлемнің мейірімі мен махаббаты сыйып тұр. Ана – өмірдің, тіршіліктің тұнық бастауы. Тұнықтық та, мөлдірлік те, тазалық пен махаббат та Ана сөзінің астары, шынайы мағынасы.

Ұлы Даланы мекендеген халқымыздың бір тілде сөйлеп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің, мінез-құлық­тары­ның да ұқсас болып келуі бұрынғы өткен Дома­лақ ана, Айша бибі, Жаған бегім, Ұлпан, Зере, Ұлжан сынды аналарымыздан нәр алған тәрбиенің нәтижесі. Ерке қыз, иманды әйел, қасиетті ана солардан шыққан. Сөйтіп, қазақтың батыл, ақын, ақылды қыздары ұлтты тәрбиеледі. Олар еркіндік пен есерліктің аражігін ажырата білген парасатты, тапқыр, төзімді болды, қиын-қыстау күнде шашын төбесіне түйіп жауға шапты, ер азаматқа ақылшы, сенімді серік бола білді.

Өзін намыс пен ұяттың өкілі ретінде сезініп, соған сай бола алған қыз ғана арулық деңгейге жетеді. Демек арулықты ар қорғаған аналардан үйренетін болсақ, иманды, ождан мен абыройды, ар-ұятты ту ету – әр бойжеткеннің өмірлік мақсаты.

Ұлттың ұрпағын сол халықтың рухында өсіріп, әрбір кішкентай мемлекет – отбасының тыныштығын, береке мен бірлігін сақтап, жылылық пен жан шуағына бөлеп, сол арқылы елдің, мемлекеттің діңін ұстап отырған асыл аналарымызға мың тағзым, шексіз алғыс!

Аида Манап,

«Бөбек» ҰҒПББСО «Өзін-өзі тану» оқу-сауықтыру кешенінің қызметкері