01 Наурыз, 2018

Марк Мудидің өнегесі

428 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сол күні Алматыда біздің ана тілімізге сондайлық шынайы құрмет көрсетілді, сіз білесіз бе?!. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстанда тұңғыш ашылған өкілдігінің ширек ғасырлық мерейтой-жиыны өтіп жатқан... Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов пен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің БҰҰ-ның қызмет тілінде, яғни ағылшын тілінде еркін сөйлей алатындықтарына ешкімнің де күмәні болмаса керек-ті. Бірақ жаңа Қазақстанның білікті бұл азаматтары мінбеге шыққанда мемлекеттік тілде, қазақ тілінде төгілтіп баяндама жасады.

Марк Мудидің өнегесі

Ол табан астында орыс, ағылшын тілдеріне аударылды. Қазіргі таңда мұндай көп тілді аудиторияда синхронды түрде тез тәржімаланатын сөз тіркестерін бірнеше арнаға бір мезетте тарататын модулятор-аппарат дегеніңіз қат емес. Әрбір тыңдаушы осы құрылғыдан өзіне қажетті тілдік арнаны таңдап, дыбыстық аппараттың құлаққабын киіп, ұйып тыңдап отыра қалады. Бір кезде табанға тапталып теперіш көрген ана тіліміздің құдіреті шығар, халықаралық мысы мықты мәжілісте тәржімашылар қолды-аяққа тұрмай қызмет етті. Қазақшаны ағылшын және орыс тіліне немесе орысшаны ағылшын, қазақ тілдеріне немесе тіпті, керісінше дейсіз бе... әйтеуір, тәржімашылар айдында жүзген аққудай сусылдап ілеспе аударма жасап, тыңдаушының жанын рахатқа батырды.

 Шын масаттанады екенсің – қайран да менің ана тілім... қандай күйде едің, қандай күйге жеттің?! Тарих дөңгелегі қалай тез айналып кеткен?! Тәуелсіздіктің алтын бесігі атанған Алматыда БҰҰ-ның өзі 25 жыл қыз­мет етіпті! Қаншама қиындықтар, қан­­шама қызықтар артта қалған? Ұмы­­тылмас естеліктер айтылды, ше­жіре-шер ақтарылды! Мәртебелі жи­ын орта шеніне жеткенде ғой, сөз­деріне ұйытқан тәржімашылар сал­ды «кесірді»... әрине, жақсы ма­ғы­нада! Олар ағылшын тілінде кө­сі­лген ре­зи­де­нттердің сөздерін енді мо­дульдегі бір-ақ арнадан, біресе, қа­зақ­ша, біресе орысша, тіпті негізінен қа­зақ тіліне басымдық бере отырып аудара бастады. «Өзі де солай болуы керек емес пе?» деп ішіміз тағы жылып қалды. Сірә, СІМ жағынан қанттай етіп құнтталған талаптар шығар?! Мұндай «төтенше» құбылысқа қатар отырған орыс тілді әріптестерім де 90-жыл­дардағыдай «түсінбедік» деп, ер­тоқымын бауырына алып туламады. Құ­лақ­қаптарын шешпеді. Салтанаттың шырайы ашылып, тойдың жыры жарты белден асқанда тағы бір қызыққа кенелдік!..

Өз елі атынан мерейтойға құттықтау лебізін білдіру үшін мінберге шыққан Алматыдағы Бас консул Чжан Вей мырза орыс тілінде «Қытай тілі – БҰҰ-ның қызмет жасайтын 6 тілінің бірі, сондықтан да мен құттықтау сөзімді ана тілімде айтамын. Өздеріңіз байқап отырсыздар синхронды тәжірмашылар қамшы салдырмайды екен», деп бір қайырып, ыстық лебізін өзінің ана тілінде зуылдатып оқи жөнелді. Бұл пендешілік дегенді қойсаңызшы, әлгінде ғана жылып отырған ішіміз, енді аударманың жоқтығына ашып қалды! Қазір Алматыдағы аса танымал қытайлық «Яльянь» сауда орталығына бас сұға қалсаңыз, дүниежүзіндегі ең қиын қытай тілі деген уәжге күмәніңіз сейіледі. Өйткені ондағы кез келген сатушы қытай, қазақ, ұйғыр, дүнген сізге – қазақ, орыс тілінде зырылдатып жауап қатады. Содан соң ба, БҰҰ-ның «Қазақстан» қонақүйінің «Grand Ballroom» салтанат залында өткен
25 жылдығында қытай тілінен аудармашы табылмадыға сенгіміз келмей тұрды!..

Екінші болып мінбеге көтерілген француз Патрик Ренар да алдымен өзінің ана тілі БҰҰ-да әлемдік басымдық берілген 6 тілдің бірі екенін жұртқа естіртіп алды. Айтпаса да білеміз, бірақ айтты, өйткені Франция елінің Алматыдағы бас өкілі өзінің ана тілінің әлемдік қоғамдастық алдындағы құдіретін біледі, біле тұра онысын баршамызға тағы бір мақтанышпен жария етті. Қытай тілінен «сүрінген» ұйымдастырушылар ұялды ма, модулятордан французшаның ағылшынша аудармасын самбырлатып қойды... БҰҰ-ның тарихи құрылымында соңғы болып таққа жайғасқан орыс тілі де осал емес, әлгі 6-лыққа кіреді. Бас консул Алексей Демин ана тілінде сөйледі. Ал Бас консул Марк Муди (АҚШ) құттықтау сөзін қазақша айтты. Көсілді-ай дерсің!.. Мәртебелі мінберден қазақша сөйлеп тұрған – америкалық. Оның сөзі әлемдік ұйымның алты тілінің біріншісіне – ағылшын тіліне, одан соң орыс тіліне аударылып жатты...

Зал жарыла қол соқты. Сөйлеуші жағы да, көп тілді тыңдаушы жағы да сенің ана тіліңе мұндай құрмет көрсетсе, шыдай алмай, көпшілікке қосылып алақаның қызарғанша шапалақты ұра береді екенсің, ұра береді екенсің...