Халықпен дәстүрлі ауқымды интерактивті әңгіме құру – Ұлттық Банктің жүйелі түрде іске асыратын, мәселенің ашықтығы мен болжамдығын арттыруға бағытталған саясатының құрамдас бір бөлігі. Елдің бас банкінің басшылығы азаматтардың барлық сұрақтарына ашық та шынайы және кәсіби тұрғыдан жауаптар берілген жағдайда түрлі әңгімелер мен өсек-аяңдарға және басқа да жел сөздерге орын қалмайды деген қағидатты негізге алады.
Ағымдағы жағдай туралы
Данияр Ақышев өзінің кіріспе сөзінде Ұлттық Банк жүргізіп отырған ақша-кредит саясаты, сондай-ақ қаржы нарығындағы ағымдағы жағдай туралы айтып берді. Ол қаңтарда жылдық инфляцияның төмендеуі жалғасқанын және айдың соңында 6,8% болғанын атап өтті. бұл 2018 жылға белгіленген жаңа дәлізге (5-7%) сәйкес келеді. Қаңтардың қорытындысы бойынша инфляциялық болжамдарды бір жыл бұрын сандық бағалау 6,6%-ды құрады және іс жүзіндегі инфляцияның көрсеткішіне сәйкес келетін деңгейде белгіленген.
– Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері, алдын ала деректер бойынша, қаңтарда 31,7 млрд АҚШ долларын құрап, 3,2%-ға ұлғайды. Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері 58,3 млрд АҚШ доллары болды. Елдің жалпы халықаралық резервтері 90,1 млрд АҚШ долларына немесе ІЖӨ-нің 57%-ына жуықтады, – деді Данияр Ақышев.
Сонымен бірге ол 16 қаңтардан бастап базалық мөлшерлеменің 9,75%-ға дейін төмендетілгенін еске салып, енгізілген сәттен бастап алғаш рет оның деңгейі бір мәнді шамаға жеткенін атап өтті. Содан кейін ол ақша нарығында артық теңге өтімділігі сақталып отырғанын, оны алу үшін Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттары пайдаланылатындығын айтып берді. Қаңтардың соңында айналыстағы ноттар көлемі 4 трлн теңге болған.
– Валюта нарығында Ұлттық Банк еркін өзгермелі айырбастау бағамы режімін ұстануда. Биыл теңгенің нығаюы байқалып отыр. Жыл басынан бері теңге 4%-ға, 1 доллар үшін 318,99 теңгеге дейін нығайды. Бұл мұнай нарығындағы жағымды конъюнктура аясында мүмкін болуда. Ақпанда салық төлемдері кезеңіне орай теңгеге сұраныс ұлғайды, – деп түсінік берді Ұлттық Банк басшысы.
Ол сондай-ақ банктердің экономикаға кредит беруі қалпына келіп жатқандығын атап көрсетті.
– Үстіміздегі жылғы қаңтарда жаңа кредиттерді беру көлемі 830 млрд теңге болды, бұл 2017 жылғы қаңтардағы көрсеткіштен 44%-ға көп. Қаңтарда кредиттер бойынша мөлшерлеме – 14,7%, бизнес кредиттері бойынша 13,4% болды. Қаңтарда тартылған салымдар көлемі өткен жылғы қаңтармен салыстырғанда 21%-ға ұлғайды. Теңгемен салымдардың жалпы көлемі 2,1%-ға артып, 9,4 трлн теңгеге дейін өсті. Керісінше, шетел валютасымен салымдар 7%-ға, яғни 7,8 трлн теңгеге төмендеді. Нәтижесінде депозиттерді долларландыру 45,4%, оның ішінде жеке тұлғалардыкі – 51%, заңды тұлғалардыкі 40% болды, – деді Данияр Ақышев.
Банк секторының тұрақтылығы туралы
Сонымен бірге Ұлттық Банк басшысы өзінің сөзінде қаржы секторын «қайта іске қосу» шеңберінде Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді шешу бойынша өзі басқаратын мекеменің жұмысы туралы да әңгіме қозғады. Бұл саладағы жұмыстың басты бағыты Банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасын іске асыру болып табылады.
– Бүгінде дағдарысқа қарсы шараларды табысты іске асырғаннан кейін біз Ұлттық Банк тарапынан қадағалауды күшейтуге көшеміз. Банктердің жоғары деңгейде сақ болу саясатын ынталандыру тәуекелге бағдарланған қадағалау мақсатынан туындап отыр. Заңнамаға тиісті түзетулерді біз Үкіметпен де, Парламентпен де белсенді түрде талқылап жатырмыз, – деді Данияр Ақышев.
Сондай-ақ ол бағалы қағаздар нарығының тартымдылығын арттыру шеңберінде Үкімет пен Ұлттық Банктің қор нарығын дамыту жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданғанын хабарлады.
– Біз қандай да болсын бағдарламалық мәлімдеме жасаудан аулақ болуға тырысып, қор нарығын реттеуді ырықтандыру, мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту, осы саладағы нарықтық бәсекелестік бойынша баға белгілеу мәселесінде нақты ағымдағы міндеттерді шешуге баса назар аудардық. Бірқатар шара іске асырылды. Эмитенттердің қор нарығына шығу және бөлшек инвесторлар үшін сауда-саттыққа қолжетімді болу рәсімдері айтарлықтай жеңілдетілді, брокерлердің қызметін ырықтандыру және банк холдингтерінің инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту KASE-де бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жандануына алып келді, – деді Данияр Ақышев.
Сұрақтар мен жауаптар сессиясына көшкеннен кейін пікірталас интерактивті сипатқа ие болды. Модераторлардың көмегімен Ұлттық Банк басшысына интернет-пайдаланушылардан түрлі арналар бойынша келіп түскен сұрақтар қойылды. Бұдан басқа, Алматыдағы Ұлттық Банктің офисінде онлайн-конференцияға қатысқан журналистер, сондай-ақ өңірлік БАҚ өкілдері Ұлттық Банктің аумақтық бөлімшелеріндегі бейнебайланыс арқылы өз сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.
Банктер – экономиканың бет-бейнесі
Интернет-пайдаланушыдан алғашқы сұрақ та банк секторына қатысты қойылды. Оған жауап бере отырып, Данияр Ақышев 2017 жылы іске асырылған Банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасы туралы айтып берді. оның шеңберінде бес банк үстеме капиталдандырылып, сондай-ақ Казкоммерцбанкті қалыпқа келтіру жүргізілген. Сонымен қатар ол банк секторындағы ахуалдың әдетте экономикадағы жағдайды көрсететінін еске салды.
– Банктер экономиканың бет-бейнесі болып табылады. Егер экономикада қандай да бір дағдарыстар немесе проблемалық құбылыстар байқалса, банктер экономиканың кез келген субъектісі сияқты бұл қиындықтарды сезіне бастайды, – деді Данияр Ақышев. Сондай-ақ ол банктер өздерінің салымшыларымен есептесе алу үшін олар сыртқы және ішкі күйзелістердің теріс әсерінен қорғай алатын түрлі тосқауылдардан капитал түрінде резервтер құруға тиіс екендігін баса айтты.
Бұл ретте қазіргі уақытта банктердің көпшілігінің жеткілікті беріктік қоры бар екендігіне екпін түсірілді және банк секторын одан әрі дамыту өзіне жағымды тұрғыдан көрінетінін білдірді.
Сын өте орынды
Ұлттық Банк басшысы сондай-ақ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қаржы реттеушісінен банктердің проблемаларын түпкілікті шешуді талап еткен сыни ескертулеріне түсінік берді.
– Біріншіден, Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған сыны өте орынды. Ұлттық Банк реттеуші ретінде банк секторының 2008-2009 жылдардан бастап жинақталған проблемаларын шешу мәселесінде көп кешікті. Статистикаға сәйкес, банктердің проблемалық портфелінің 90%-ы олардың 2006 – 2012 жылдар аралығында берілгенін көрсетіп отыр. Яғни ақшаны асыра мақсатсыз пайдалану көп анықталған банктердегі кредиттік белсенділік ұзақ жыл бойы жүргізіліп, бұл келеңсіз жайт таяу уақытта ғана анықталды, – деді Данияр Ақышев.
Ол 2009 жылғы дағдарыстан кейін банк-
тер шетелдерден қаржы тарту мүмкіндігін жоғалтқан кезде, олар квазимемлекеттік сектордың айтарлықтай ақшасын өз баланстарында жинақтағанын еске салды. Бірнеше жыл ішінде банктердің шоттарындағы мемлекеттік қаражат 2,5 трлн теңгеден 7 трлн теңгеге дейін өскен.
– Алайда, өкінішке қарай, 2016 жылға дейін көптеген банктер сараланған кредиттік саясатсыз бұл ақшаны өз қалауы бойынша пайдаланды. Жалпы алғанда, квазимемлекеттік сектордың ақшасы сенімсіз банктерге, не біз лицензиясын қайтарып алған банктерге қалай және неліктен түскенін жеке қарастыру қажет, – деп толықтырды ол.
Ұлттық Банк басшысының айтуынша, барлық қазақстандық банктерді шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Бірінші топқа дағдарыстан кейінгі кезеңде қорландырумен жағдайдың жақсаруына қарамастан сақ кредиттік саясатты жүргізуін жалғастырып, өз тәуекелдерін барабар бағалаған банктер кіреді. Олар өткен жылдардың проблемаларын уақтылы шешіп, өздерінің кредиттік портфелін барынша әртараптандырды. Тиісінше, 2015 жылғы құнсызданудан кейін оларда елеулі проблемалар байқалмады, сондықтан да мемлекеттік қолдаудан үміттенген жоқ.
Екінші топ – бұл ірі банктер, олар кредиттеудің дұрыс саясатын ұстануға тырысты, алайда өткен кезеңдерден бастап баланстарында жинақталған нашар портфельдің ауқымына қарай және экономиканың жекелеген секторларына тәуелді болуына байланысты жеткіліксіз капиталдандыруға ұшырады.
– Өкінішке қарай, бұл мәселені осы банктердің акционерлері тез әрі дербес шеше алмады. Бұл банктердің жоғары әлеуметтік мәніне, депозиттердің ауқымды көлеміне, баланстарындағы квазимемлекеттік сектордың ақшасына байланысты қаржы секторын қалыпқа келтіру бағдарламасы арқылы бұл банктерге көмек көрсету туралы шешім қабылданды, – деп айтып өтті Ұлттық Банк басшысы.
Банктердің көбінесе орта және ұсақ банктер кіретін үшінші тобы кезінде акционерлерді кредиттей отырып БТА Банк жүргізген саясатты жалғастырды. 2015 жылғы құнсызданудан және квазимемлекеттік сектор қаражатын орналастыру саясатын қатаңдатқаннан кейін осы банктер жасырған барлық проблемалар жария бола бастады. Бұл проблемалардың ауқымы да айтарлықтай болды.
– Ұлттық Банк саясатының қандай да бір проблемаларды болдырмау жөніндегі косметикалық іс-қимылдарға емес, проблеманы нақты шешуге бағытталуы дәл сол 2015 жылы күшейді. Біріншіден, біз бұл проблеманы бірден мойындадық. Яғни шындығына келгенде, оны біз өзіміз анықтап, оны шешу жөніндегі шаралар кешенін айқындадық. Сондықтан да осы уақыт бойы Ұлттық Банктің қадағалау және реттеу саясатын қайта қарау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді, – деп атап өтті Ұлттық Банк төрағасы.
Болашақта банктерде осындай проблемалар туындамас үшін Ұлттық Банк өзінің реттеу және қадағалау құралдарын банктердегі ахуалдың нашарлауының алдын алу үшін ден қою бөлігінде күшейтпекші. Атап айтқанда, Ұлттық Банк, егер банк өзіндегі жағдайдың нашарлауына әкеліп соғуы мүмкін тәуекелі жоғары саясат жүргізіп отырғанын байқаса, онда ол оның қызметіне араласу құқығын алуды жоспарлап отыр.
– Өкінішке қарай, қазіргі құралдар бұл проблемаға ден қоюға мүмкіндік бермейді, біз оны орын алғаннан кейін ғана шешеміз. Сондықтан да біз Ұлттық Банктің қадағалау функцияларын күшейту жөніндегі заң жобасын дайындадық. Айтып өткенімдей, біз оны қазір Үкіметпен және Парламентпен бірлесіп қарқынды түрде пысықтаудамыз, – деп атап өтті Ұлттық Банк басшысы.
Бірқатар банктердегі жағдайға түсінік беру жөніндегі өтінішке Данияр Ақышев реттеушінің мұндай түсініктеме бере алмайтынын түсіндірді, себебі банктердің қаржылық жай-күйі туралы ақпарат өте нәзік мәселе, оны жария ету қалыпты жұмыс істеп тұрған банктің өзін де дағдарысқа соқтыруы мүмкін. Дегенмен де, ол банктерді жауапкершілікке тарту туралы хабарларды Ұлттық Банк өзінің сайтында үнемі жариялап отыратынын атап өтті.
Егер анықталған бұзушылықтар реттеушіге уақтылы ұсынылмаған есептілік немесе қандай да бір нормативті орындамауға қарағанда барынша маңызды болса, Ұлттық Банк бұл жағдайда ақпаратты құқық қорғау органдарына береді.
– Заңнаманың бұзылуы, корпоративтік басқару қағидаларын менсінбеу орын алған барлық материалдарды, егер банктердің ақшаны акционерлердің немесе менеджменттің пайдасына шығаруына қатысты күмән болса және бұл банк салымшыларымен ахуалдың нашарлауына әкелсе, біз, әрине, ондай материалдарды құқық қорғау органдарына жібереміз, – деп атап өтті ол.
Теңге бағамы туралы
Қазақстандықтарды қызықтыратын тағы бір мәселе теңгенің айырбастау бағамының өзгеруіне болжам жасау болып табылады. Осы тақырыпқа тоқтала келе, Данияр Ақышев Қазақстанда 2015 жылғы тамыздан бері еркін өзгермелі айырбастау бағамы қолданылатынын қаперге салды.
– Бұл теңге бағамының көптеген факторларға байланысты қандай да бір жаққа қарай күнде ауытқып отыратынын білдіреді. Бағамның күнделікті ауытқуы – болмай қоймайтын құбылыс. Мұндай жағдайларда көптеген жылдар бойы белгіленген бағамға үйренген қоғам айырбастау бағамы туралы кез келген ақпаратты қиын қабылдайды. Бұл тақырып қоғам үшін де маңызды, сондықтан да сарапшылар мен осындай атақ иеленгісі келетіндер көбейіп кетті, – деп атап өтті ол.
Данияр Ақышев 2015 жылғы құнсызданудан кейін қоғамның дәл осы жағымсыз ойлар мен жарияланымдарды қабылдауы айтарлықтай арта түскенін атап көрсетті. Мұндай «сарапшылардың» көпшілігінің біліксіздігін уақыттың өзі көрсеткеніне қарамастан, ахуалдың нашарлауын ғана болжайтын пікірлерге деген сұраныс жоғары, – деп толықтырды ол.
– Біздің ойымызша, фактілер, айғақтар мен қалыптасқан шынайы ахуалға қарамастан, жағдайдың жағымсыз дамуын болжайтын сарапшылардың мақсаты Ұлттық Банк саясатының ғана әрекеттерін сынамай, тұтастай алғанда, қоғамды тұрақсыздандыру болып табылады, – деді ол.
Қаржы реттеушісі басшысының пікірінше, ақша-кредит саясатының жаңа режіміне үйренісу үшін қоғамға уақыт қажет.
– Қазір ақша нарығы толығымен қалпына келтірілген, қатысушылар ашық әрі түсінікті ойын ережелеріне үйренген. Ақша-кредит саясатының құралдары және трансмиссиялық тетік біртіндеп қалпына келуде. Теңге бағамы әлемдік тауар нарықтарындағы ахуал және Қазақстанның негізгі сауда әріптес елдері валюталарының бағамдары сияқты іргелі факторлардың өзгеруіне барабар жауап қатуда. Ұзақ мерзімді және орта мерзімді болашақта барлық мәлімделген заңдылықтар расталды. Жекелеген сарапшылардың қысқа мерзімді уақыт аралығында ахуалдың тұрақсыздығын пайдалану ниеттері іске аспады, – деп атап өтті Данияр Ақышев.
Бұл ретте ол үстіміздегі жылы айырбастау бағамы бойынша айтарлықтай өзгерістердің күтілмейтіні туралы болжамымен бөлісті.
– Қазіргі уақытта ахуал ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да қолайлы. Тұтастай алғанда, 2018 жылды айтарлықтай тыныш әрі Қазақстан экономикасы үшін тәуекелдер тудырмайтын жыл болады деп бағалаймын. Тиісінше, айырбастау бағамы бойынша қандай да бір айтарлықтай өзгерістер болады деп күтпеймін, – деп атап өтті Данияр Ақышев.
Ипотека мәселесі туралы
Онлайн-конференцияға бейнебайланыс жүйесі арқылы қатысқан Ақмола облысы журналисінің өтініші бойынша Данияр Ақышев ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының кеңейгендігі туралы айтып берді. Ол ипотекалық қарыз алушылардың, оның ішінде валютамен кредиті барлардың проблемасымен Ұлттық Банк сонау 2015 жылдан, ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы қабылданғаннан бері айналысып келе жатқанын еске түсірді. Дегенмен, бұл бағдарлама бірқатар факторға, атап айтқанда, ресурстардың шектеулі болуына байланысты проблеманың бір бөлігін ғана шешті.
– Мемлекет басшысының бұл мәселелерден хабардар болуының арқасында, ол Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде осы мәселені түпкілікті шешу туралы тапсырма берді. Біз бүгінгі күні қолданыстағы қайта қаржыландыру бағдарламасын кеңейтудеміз. Бұл қосымша қаржы ресурстарын, оның ішінде Ұлттық Банк бюджетінің қаражаты есебінен қаржы қажет ететіні түсінікті. Соған қарамастан, қазірдің өзінде біз қоғамдық бірлестіктермен де, екінші деңгейдегі банктермен де негізгі тәсілдерді талқыладық. Жалпы алғанда, біз қандай да бір проблемаларды көріп отырғанымыз жоқ, жақын уақытта барлық осы түзетулерді нормативтік-құқықтық деңгейде қабылдауды жоспарлаудамыз. Ұлттық Банк Басқармасының не жақындағы, не келесі отырысына бұл бағдарлама енгізілетін болады, – деп хабарлады Ұлттық Банк басшысы.
Оның айтуынша, бағдарлама қабылданғаннан кейін жылжымайтын мүлік кепілімен валюталық кредиттері бар ипотекалық қарыз алушылардың проблемасын осы жылы түпкілікті шешу үшін реттеуші Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі осы шаралар кешенін айтарлықтай жылдам іске асыруға ниетті.
Цифрландыру туралы
Белгілі болып отырғандай, Қазақстан басшылығының ерекше бақылауында тұрған елді дамытудың басым бағыттарының бірі экономиканың әртүрлі саласын цифрландыру болып табылады. Қаржы секторында цифрлы технологияларды пайдалану перспективалары туралы Данияр Ақышев қаржы жүйесіндегі цифрландыру қалыптасқан факт деп түсіндірді. Қолма-қол ақшасыз жасалатын төлемдердің өзі жеке тұлғалармен емес, олардың банктердегі электрондық шоттардағы жазбалар түрінде көрсетілген цифрлы баламаларымен операциялар жүргізуді білдіреді.
– Банк секторы осы бағыттағы алғашқылардың бірі болып табылады. Қаржы технологиялары мәселесі қалай болса да қолма-қол ақшасыз жасалатын төлемдердің алуан түрін пайдалануға байланысты. Осы тұрғыда қаржы нарығындағы цифрлы қызметтер үнемі алда жүретін болады, олар экономиканың ақша ағындарына қызмет көрсетуге байланысты басқа секторлары үшін де өз әсерін тигізеді, – деді Данияр Ақышев.
Прогрестің тағы бір қыры
Қаржы секторындағы цифрлы технологиялардың дамуына, онлайн-төлемдердің танымалдығының өсуіне және интернет-банкинг жүйелерін пайдалануға қарай қаржы мекемелерін арам пиғылдағылардың кибершабуылдарынан қорғау мәселесінің маңыздылығы барынша артуда.
– Бір жағынан алғанда, сіз өз ақшаңызға қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, қаржылық қызметтерді алудың қолайлы тәсіліне ие боласыз, бірақ, өкінішке қарай, осы ақшаны осы шотқа рұқсаты жоқ адамдар пайдалануы мүмкін. Осыған байланысты бұл – прогрестің басқа қыры. Және де бір жағынан алғанда біз осы прогресті қамтамасыз етуіміз, біздің азаматтарымыз үшін осы технологиялардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз қажет, – деді Данияр Ақышев.
Оның айтуынша, қазіргі кезде Ұлттық Банк қаржы нарығының қатысушыларымен киберқылмысқа барынша тиімді түрде қарсы тұру үшін жағдайлар жасау бойынша тығыз жұмыс істеуде.
Криптовалютаға инвестициялау тәуекелдері туралы
Онлайн-конференция барысында Данияр Ақышев криптовалюталарға қатысты өзінің теріс көзқарасын кезекті рет растады және қазақстандықтарды осы тәуекелді құралға инвестициялаудан сақтандырды.
– Криптовалютаның ешқандай құндылығы жоқ, нақты құны және қандай да бір тұлғалардың міндеттемелері жоқ. Криптовалюталар нарығын толық тиімді реттеу мүмкін емес, себебі олардың трансшекаралық сипаты бар. Тиісінше, осы процесті ұлттық реттеуші тарапынан реттеудің ешқандай мүмкіндігі жоқ. Және де олар жекелеген елдердің юрисдикцияларының шеңберінен тыс болады. Мен біздің азаматтарымызға криптовалюталарға ақша салмауды тағы да ұсынамын, салынған инвестицияларды жоғалту тәуекелі өте жоғары, салынға ақшаның сақталуына ешқандай кепілдік берілмейді, – деді ол.
Данияр Ақышевтың айтуынша, Ұлттық Банк осы салаға қатысты бірқатар ұсыныс әзірледі және олардың көпшілігін Үкімет қолдап отыр.
– Біз теңгемен криптовалюталар сатып алуды, Қазақстанда криптовалюталарды жарнамалаумен, оларды шығарумен айналысатын осындай компаниялардың қызметін шектегіміз келеді, – деп атап өтті ол, азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін не жасалып жатқанын айта отырып.
Сонымен бірге ол базасында криптовалюталар жасалатын блокчейн технологиясына қатысты оң көзқарасын білдірді. Оның айтуынша, бұл технология кез келген тізілімді, дерекқорларды жүргізудің және қабылданатын шешімдердің айқындылығын арттыру үшін табысты түрде пайдаланылады.
Депозит – қауіпсіз құрал
Интернетті пайдаланушылардың сұрауы бойынша Данияр Ақышев халық үшін меншікті қаражатын қауіпсіз басқару бойынша бірқатар ұсыныстарымен бөлісті. Ұлттық Банк басшысының негізгі кеңестерінің бірі – ақшаны банкте сақтау және реттеушінің тиісті лицензиясы жоқ, азаматтардың қаражатын тартуға тырысатын компанияларға сенбеу. Данияр Ақышев Ұлттық Банктің өзінің сайтында қаржы пирамидаларының негізгі белгілерін бірнеше рет жариялағанын хабарлады. Жағдайды пайдалана отырып, онлайн-конференция барысында олар туралы еске салды.
• Клиенттердің ақшасын тартуға тырысатын компанияда Ұлттық Банктің депозиттерді қабылдауға лицензиясының болмауы;
• Жарғысының болмауы және мемлекеттік тіркелмеуі;
• Компанияның қаржылық жағдайы туралы ақпараттың болмауы;
• Салымның сақталуына кепілдіктің болмауы;
• Салынатын қаражаттың қарыз нарығы бойынша орташа деңгейден асатын, негізсіз жоғары кірістілігіне уәде беру;
• Тартылған әрбір жаңа қатысушыға бонустар төлеуге уәде беру;
• Міндетті кіру жарнасы;
• БАҚ-та жаппай жарнамалау;
• Қымбат сыйлықтар бере отырып, жарнама шараларын және таныстырылымдар ұйымдастыру;
• Кіріс көздерінің, қаражат айналымының, бизнес-процестердің айқын емес құрылымы және басқалар.
– Егер ұйымда осы белгілердің бірнешеуі болса, онда оған өз ақшасын сеніп беруге болатынын не болмайтынын ойлану керек. Сіздің ақшаңыздың сақталуы өзіңіздің пайымыңызға және қаржылық сауаттылығыңызға ғана қатысты болады, – деп атап өтті Ұлттық Банк басшысы.
Оның ақпараты бойынша, құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізілген осындай қаржы пирамидаларының қызметін тексеру тәжірибесі қаржы пирамидаларына инвестицияланған қаражаттың көп бөлігінің қайтаруға болмайтынын көрсетіп отыр.
– Алаяқтар осы ақшаны пайдаланды, елден шығарды, өздері жоқ болып кетті және адамдар ештеңесіз қалды. Сондықтан, жедел және тым көп табыстарды жарнамалауға беріліп кетпеуді сұраймыз. Осының барлығы сізді өз жинақ ақшаңыздан айыруы мүмкін. Екінші деңгейдегі банктермен жұмыс істеңіздер, – деп қорытындылады ол.
Уақыттың шектеулі болуына қарай, онлайн-конференция барысында Ұлттық Банктің басшысы өзінің атына келген барлық сұраққа түсінік бере алмады. Сонымен қатар іс-шараны ұйымдастырушылар осы сұрақтардың ешқайсысы да жауапсыз қалмайтынына уәде берді. Олардың барлығы Ұлттық Банктің ақпараттық ресурстарында және іс-шараның басты ақпараттық әріптесі болған «Қазақпарат» ақпарат агенттігінің сайтында жарияланады.
Самат МҰСА,
«Егемен Қазақстан»