Қазақстан • 01 Наурыз, 2018

Америкалық сарапшылар: мылтықты артта отырған адам атқан

288 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде Тараз қаласында өтіп жатқан «Қазстройстекло» мекемесінің бұрынғы басшысы Мұратхан Тоқмәдиге қатысты сот процесі жұрттың назарында. Белгілі бизнесмен Мұратхан Тоқмәди «ТұранӘлем» банкінің бұрынғы басшысы Ержан Тәтішевті өлтіру ісі бойынша айыпталғанын, бизнесменнің өзі банкирді өлтіруге атышулы Мұхтар Әблязовтың тапсырыс бергенін мойындағанын бұрын айтқан болатынбыз. 

Америкалық сарапшылар: мылтықты артта отырған адам атқан

Осы уақытқа дейін отандық мамандар бұл іс бойынша 4 рет сараптама жүргізген. Енді жәбірленуші тарапынан шақыртылған америкалық мамандардан құралған бесінші топ Жамбыл облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында өткен Тоқмәди ісіне байланысты сотқа қатысып, өздері жасаған сараптама қорытындыларын жария етті.

 Сот барысында америкалық тәуелсіз криминалист сарапшы Ирис Делли Мұратхан Тоқмәди Ержан Тәтішевті 12 сантиметр қашықтықта атып өлтіргенін мәлімдеді. Жиырма жылдан бері кісі өлімін тергеуде тәжірибелі маманға айналған Ирис Делли көлік ішіндегі кісі өлімін анықтау үшін моделді анимация жасап, көлік салонының көлемін сызған. «Қару көліктің артында отырған адам арқылы қолданылған. Нақты айтсам, оқ тиген адамның басы мен атылған қарудың қашықтығы 12 сантиметр. Бұл максималды өлшем. Тым жақын дегеннің өзінде 6 сантиметр болады», деді Ирис Делли.

 Айта кетейік, шетелдік мамандар Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Отар жазығындағы қылмыс болған жерде зерттеу жұмыстарын жүргізген екен. Алайда сараптама тобының жетекшісі Майкл Патрик сот барысында «Зауэр» маркалы неміс винтовкасының өздігінен атылмағанын айтты. Тәуелсіз криминалист сарапшы 12-ші калибрлі винтовка өте қымбат қару екенін, оның өздігінен атылмайтынын, сондай-ақ қару тазалайтын адаммен тілдескенін, ол қарудың жағдайының жақсы болғанын айтқанын да жариялады.

«Біз бұл істі компьютерлік модульдер арқылы зерттедік. Ержан Тәтішевті көліктің артында отырған адам атқан. Өлтіруге әдейі әрекеттенген. Ал жанындағы адамның бұл іске қатысы жоқ. Рөлдегі адам алдына қарап келе жатқанда атып өлтірілген. Бұған оқтың ұшуы мен марқұмның ми сұйықтығының шашылу бағыты дәлел», деді ширек ғасыр бойы кісі өлімінің себептерін ашуға маманданған Майкл Патрик.

 Америкалық сарапшы мамандардың пікірі осындай. Жамбыл облысында Мұратхан Тоқмәдидің ісіне қатысты сот процесі әлі жалғасуда. Жәбірленуші тараптың арнайы шақыртуымен келген шетелдік мамандардың пікірінше, Тәтішевке оқ артынан атылған болып отыр. Еске сала кетейік, Тоқмәди КТК арнасындағы арнайы деректі фильмде де Тәтішевті көліктің артында отырып атқанын айтқан болатын.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы