Спорт • 01 Наурыз, 2018

Ескіліктің естелігі еді...

400 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақтан шыққан тұңғыш спорт комментаторы Сұлтанғали Қаратайұлы 82 жасқа қараған шағында фәниден бақиға аттанды. Сұлтанғали Қаратайұлы 1936 жылы 23 маусым күні Ақтөбе облысында дүниеге келген. Еліміздегі көптеген басылымдарда еңбек етті.

Ескіліктің естелігі еді...

70-жылдары Қазақ телевидениесінде және Қазақ радиосында комментатор болып жұмыс істеді. Ана тілімізде барлық спорт түрлерінен репортаж жүргізді. Алматының Орталық стадионынан тікелей эфирде алғаш рет қазақша репортаж жүргізіп, есімі қазақ спорты тарихында қалды. Спортты жан-тәнімен сүйетін, қазақ тілін айрықша құрметтейтін аға буын өкілі еді. Ана тіліміз үшін шыж-быж болып жүргенін талай рет көрдік. Негізі, Сұлтанғали аға тіл маманы болатын. Лингвистиканы өте жақсы меңгерген еді. Бір ғана «бет» сөзінің 24 синонимі бар деп, қазақ тілінің өте бай екендігін нақты деректермен дәлелдеп отыратын. Соның арқасында қазақ комментаторлығы мен спорт журналистикасына көптеген тың терминдер енгізген. Сұлтанғали Қаратайұлының спорт журналистикасындағы еңбегі – ұшан-теңіз.

Сонымен қатар, сазгерлігі де бар. Өлең де шығаратын. Өмірінің соңғы кезінде ғана патриоттық тұрғыдағы ән-жырларын көпшіліке ұсынып жүрді. Қолына бір іс алса, соны соңына дейін жеткізуге тырысатын. Өте тиянақты, кіршіксіз адам еді. Үлкенді, аға буынды құрметтеп, қатты сыйлайтын. Жастарға «аға буынды қадірлеңдер, алдынан өтпеңдер» деп өсиетін айтып отыратын. Өте қарапайым, ақкөңіл, ақжарқын адам еді. Елдің бәрімен күліп сөйлесуге тырысатын. Әзіл-қалжыңы қандай еді?! Жастарға ақылын айтып отыратын. Қош, аға! Тұрлаусыз мынау өмірден Сұлтанғали ағамыз да озыпты. Жаныңыз жәннатта болсын! Сіздің есіміңіз қазақ спорты тарихында мәңгілікке сақталып қалады. Оқырмандарымыздың атынан тума-туыстарына, жақындарына және отбасына қайғырып, көңіл айтамыз.