Сенаторлар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы 2014 жылғы 23 желтоқсанда қол қойылған шарттың жекелеген ережелерін қолдану туралы хаттаманы ратификациялады.
Құжаттың негізгі мақсаты ЕАЭО мемлекеттерінің баждарды бөлудегі бірдей тәсілін қамтамасыз ету және мүше елдер үшін кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлу нормативтерін қайта қарау болып табылады. Хаттаманы ратификациялау бірдей тәсілді және ЕАЭО мемлекеттерінің бюджеттеріне баждарды тұрақты бөлу мен есепке жатқызуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік тауарларға қатысты өзіндік ерекшелікті субсидияларды Еуразиялық экономикалық комиссияға ерікті келісу және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өзіндік ерекшелікті субсидияларды беруіне байланысты талқылауларды ЕАЭК жүргізу тәртібі туралы келісім ратификацияланды.
2017 жылғы 26 мамырда Қазан қаласында қол қойылған келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің экономикасын тұрақты әрі тиімді дамыту үшін жағдайды қамтамасыз етуге, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің арасында өзара сауда және адал бәсекені дамытуға жәрдемдесуге арналған.
Құжат Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің және Еуразиялық экономикалық комиссия арасындағы өнеркәсіп тауарларына қатысты ерекшелігі бар субсидиялардың берілуіне байланысты құқықтық тетіктердің өзара іс-қимылын реттейді. Еуразиялық экономикалық комиссияның өзіндік ерекшелігі бар субсидияларды мүше мемлекеттерге берілуінің ерікті келісу тәртібі, сондай-ақ Комиссияның өзіндік ерекшелікті субсидиялардың мүше мемлекеттерге берілуіне байланысты талқылауларды жүргізу тәртібі реттелді.
Келісім Комиссияның қабылданған шарттарға байланысты ерекшелігі бар субсидияларға қол жеткізу немесе қол жеткізуге болмайтыны туралы шешімдерді қабылдау тәртібін бекітеді. Қол жеткізу шарттары Қазақстан Республикасындағы қазіргі субсидиялау тәжірибесіне сай келеді. Комиссия басқа мүше мемлекеттер берген ерекшелігі бар субсидияларға қатысты, егерде ұлттық экономика саласына зияны туралы дәлел болған жағдайда талқылау жүргізуге хақы бар.
Теңiз кеме қатынасы қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған заңсыз iс-әрекеттермен күрес туралы конвенцияға 2005 жылғы хаттама ратификацияланды.
Теңiз кеме қатынасының қауiпсiздiгiне қарсы заңсыз iс-әрекеттермен күрес туралы 1988 жылғы негізгі конвенцияны Қазақстан 2003 жылы ратифициялаған болатын.
2005 жылы қазанда Лондонда Халықаралық теңіз ұйымының заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы шарттарды қайта қарау жөніндегі конференциясында Теңіз кеме қатынасының қауіпсіздігіне қарсы заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы конвенцияға хаттамаға қол қойылды.
Хаттама теңіз кемелеріне террорлық шабуылдардың жиілеуіне байланысты халықаралық террорлық актілердің алдын алу және болдырмау үшін халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін күшейтуге шақырады.
Құжат Конвенцияға халықаралық теңіздегі кеме қатынасында халықаралық террор актілерін болдырмауға және одан қорғалуына қатысты, сондай-ақ Конвенцияның тиімділігін арттыруға бағытталған өзгерістер мен толықтыруларды енгізуді көздейді.
Одан басқа құжатта лауазымды және заңды тұлғалардың қылмыстық, әкімшілік, азаматтық-құқықтық жауапкершілігі, сондай-ақ қатысушылардың ақпаратты беру саласындағы тығыз ынтымақтастығын реттеу туралы ережелер бар.
Отырыс барысында сенаторлардың депутаттық сауалдары жария етілді. Сенатор Дариға Назарбаева – еліміздің банк секторының мемлекет тарапынан қолдау бағдарламасын іске асыруға қатысты; Мұрат Бақтиярұлы – қазақ тілін латын әліпбиінде оқыту және оны насихаттау туралы; Манап Көбенов – ауыл шаруашылығы өндірісіндегі кооперативтері; Аңсар Мұсаханов – зілзала мәселелері туралы; Ғұмар Дүйсембаев – «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-на мемлекеттік тапсырыс беру туралы; Сәрсенбай Еңсегенов – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру және композитор Құрманғазының 200 жылдығын мерекелеу туралы; Ерік Сұлтанов –Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы туралы; Нұржан Нұрсипатов – еліміздің Қарулы Күштерін, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды қаржыландыру қажеттігі; Бекмырза Еламанов – Қызылорда облысындағы автомобиль жолдарын жөндеуді, мектептер мен инфрақұрылымдар құрылысын қаржыландыру туралы; Нариман Төреғалиев – «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заң аясында тендерге қатысатын отандық кәсіпорындарды қолдау туралы сауал жолдады.