Дегенмен, Алғыс айту күнінің айтулы жаңалығы – Орал қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ерекше үйдің салынатындығы туралы хабар болды.
Толықтай меценаттардың ғана күшімен тұрғызылатын екі қабатты кешенде мүгедек жандардың барлық талап-сұранысы ескерілетін болады. Жобалық құны 100 млн. теңгеге бағаланған бұл кешенде мүгедек жандарды сауықтыру, өмірге бейімдеу жұмыстары жүргізілмек. Тағдырдың қиын сынағына тап болған адамдар бұл жерде толыққанды өмір сүруді үйренеді: жаңа мамандық алады, ортамен араласады, өзіне өзі қызмет көрсетеді, тамақ пісіріп, кір жуып, шаруашылығын жүргізеді. Бос уақытын тиімді пайдаланып, демалысын мәнді өткізуге дағдыланады. Әдетте өз қиындығымен оңаша қалып қоятын мүгедек жандар бұл жерде жаңа өмір бастайтыны сөзсіз.
Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалып жатқан шара. «Туған жер» бастамасы бойынша толығымен жергілікті демеушілердің күшімен тұрғызылады. Қазір тиісті құжаттамалар рәсімделіп жатыр, құрылыс жұмысы осы көктемде басталады. Бірақ біз бүгінгі 1 наурыз – Алғыс айту күніне орайластырып, құрылыс іргетасына «Естелік капсуласын» салып отырмыз. Мұның терең мағынасы бар, - дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.
Мүгедектерді өмірге бейімдеу үйі – Батыс Қазақстан облысындағы тұңғыш жоба. 50 адамға арналған кешенде жеке-жеке жатын бөлмелері, ас үй, медициналық кабинет жəне шеберхана жобаланған.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ
Орал қаласы