Парламент • 01 Наурыз, 2018

Сенаттың жалпы отырысында бірқатар заң жобасы қабылданды

226 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста Еуразиялық экономикалық одақтың жекелеген ережелеріне және кеме қатынасының қауіпсіздігіне қатысты заң жобалары талқыланып, қабылданды. 

 

Сенаттың жалпы отырысында бірқатар заң жобасы қабылданды

Сенаторлар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық эко­но­микалық одақ жөніндегі шартқа Қырғыз Республикасының қосы­луы туралы 2014 жылғы 23 жел­тоқсанда қол қойылған шарттың жекелеген ережелерін қолдану туралы хаттаманы ратификациялады. 

Осы мәселеге байланысты Ұлт­тық экономика министрі Ти­мур Сүлейменов баяндама жасады. Ведомство басшысының ай­туынша, құжаттың негізгі мақсаты – ЕАЭО мемлекеттерінің баждарды бөлудегі бірдей тәсілін қамтамасыз ету және мүше елдер үшін кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлу нормативтерін қайта қарау. 

«Хаттаманы іске асыру ке­ден­дік әкелу баж салығының сома­сын бөлу нормативін азай­тады. Болжам бойынша, респуб­ликалық бюджеттен кететін шартты шығынның сомасы 2018 жылы 1,9 миллиард, 2019 жылы екі миллиард теңгені құрайды. Хаттаманы ратификациялау бір­дей тәсілді және ЕАЭО мемле­кеттерінің бюджеттеріне баж­дарды тұрақты бөлу мен есеп­ке жатқызуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Т.Сү­лей­менов.
Сенаторлар заң жобасындағы кейбір тұстарды нақтылау үшін министрге сұрақ қойды. Т.Сү­лейменов аталған мәселелерге қатысты жан-жақты жауап берді. Бұдан кейін Экономикалық сая­сат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі Мұратбай Жолдасбаев қосымша баяндама жасап, заң жобасының маңыздылығына тоқталды. 

Ұлттық экономика министрі «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өнер­кәсіптік тауарларға қатыс­ты өзіндік ерекшелікті субси­дияларды Еуразиялық эконо­микалық комиссияға ерікті ке­лісу және ЕАЭО-ға мүше мем­лекеттердің өзіндік ерекшелікті суб­си­дия­­ларды бе­руіне байланысты тал­қы­лау­лар­ды ЕАЭК жүргізу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде де баяндама оқыды. 
Министрдің сөзіне қарағанда, 2017 жылғы 26 мамырда Қазан қа­­ласында қол қойылған келісім Еу­разиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің эко­но­микасын тұрақты әрі тиімді да­мы­туды қамтамасыз етуге, Еу­ра­зиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ара­сында өзара сауда мен адал бәсе­кені қар­қындатуға арналған. 

Құжат Еуразиялық эконо­ми­калық одаққа мүше мемле­кет­тердің және Еуразиялық эконо­микалық комиссия арасындағы өнеркәсіп тауарларына қатысты ерекшелігі бар субсидиялардың берілуіне байланысты құқық­тық тетіктердің өзара іс-қи­мы­лын реттейді. Еуразиялық экономикалық комиссияның өзіндік ерекшелігі бар субсидия­ларды мүше мемлекеттерге бері­луінің ерікті келісу тәртібі, сон­дай-ақ Комиссияның өзіндік ерек­шелікті субсидиялардың мүше мемлекеттерге берілуіне бай­ланысты талқылауларды жүр­гізу тәртібі түзілді. 

Келісім Комиссияның қа­был­данған шарттарға байланыс­ты ерекшелігі бар субсидияларға қол жеткізу немесе қол жеткізуге болмайтыны туралы шешімдерді қабылдау тәртібін бекітеді. Қол жеткізу шарттары Қазақстан Рес­публикасындағы қазіргі субсидиялау тәжірибесіне сай келеді. Комиссияның басқа мүше мемлекеттер берген ерекшелігі бар субсидиялардың ұлттық эко­номика саласына зияны туралы дәлел болған жағдайда, оған қа­тысты талқылау жүргізуге хақы бар. 

Бұл заң жобасына қатыс­ты Экономикалық саясат, инно­вациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы Сәрсенбай Еңсегенов қосымша баяндама жасап, әріптестерін заң жобасын қолдауға шақырды. 

Бұдан кейін «Теңіз кеме қаты­насы қауiпсiздiгiне қарсы ба­ғыт­талған заңсыз iс-әрекеттермен күрес туралы конвенцияға 2005 жылғы хаттаманы ратификация­лау туралы» заң жобасы таныстырылды. Осы заң жобасы бойынша Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады. 

Ведомство басшысының ай­туын­ша, хаттама теңіз кеме­леріне террорлық шабуыл­дар­дың жиілеуіне байланысты ха­лық­аралық террорлық актілер­дің алдын алу және болдыр­мау үшін халықаралық қоғам­дас­тықтың күш-жігерін күшейтуге шақырады. Құжат конвенцияға халықаралық теңіздегі кеме қаты­насында халықаралық террор актілерін болдырмауға және одан қорғалуына қатысты, сондай-ақ конвенцияның тиімділігін арт­тыруға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көз­дейді.

«Бүгінге дейін 40-тан ас­там мемлекет хаттаманың қа­ты­сушысы болып табылады. Олар­­дың ішінде Қара теңіз бен Балтық теңізі маңындағы барлық мем­лекет бар. Қазіргі таңда Қазақ­­станның сауда кемелері ашық теңіздердегі порттарға де­йін­гі бағыттарды белсенді түр­де игере бастады. 2017 жылы Ақ­тау портынан Түркия порттарына дейін 35 мың тонна негізгі жүктер тасымалданды. Биыл бұл тасымалдың көлемі үш есеге артады. Сонымен қатар биыл­дан бастап Қара теңіз бен Бал­тық теңізінен Теңізшевройл зауы­тының құрылысына қажетті көлемді емес жабдықтарды тасымалдау жоспарланып отыр», деді Ж.Қасымбек.

Теңіз кеме қатынасының қа­уiп­­сiздiгiне қарсы заңсыз iс-әре­­кет­термен күрес туралы 1988 жылғы негізгі конвенцияны Қа­зақстан 2003 жылы ратифи­­ка­циялаған болатын. 2005 жылы қазанда Лондонда Халық­аралық теңіз ұйымының заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы шарттарды қайта қарау жөніндегі конференциясында Теңіз кеме қатынасының қауіпсіздігіне қарсы заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы конвенция хаттамасына қол қойылды. 

Сонымен қатар құжатта лауазымды және заңды тұл­ғалар­дың қылмыстық, әкімшілік, азаматтық-құқықтық жауапкер­шілігі, сондай-ақ қатысушы­ла­рдың ақпаратты беру сала­сындағы тығыз ынтымақтас­ты­ғын реттеу туралы ережелер бар. Осы заң жобасына қатысты Ха­лықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Нұржан Нұрсипатов қосымша баяндама жасады.

Отырыс барысында сенатор Дариға Назарбаева елі­міз­дің банк секторын мемле­кет тарапынан қолдау бағдар­ламасын іске асыруға қатысты мәселе көтерді. Сондай-ақ Мұ­рат Бақтиярұлы, Манап Көбе­нов, Аңсар Мұсаханов, Ғұмар Дүй­сембаев, Сәрсенбай Еңсегенов, Ерік Сұлтанов, Нұржан Нұр­си­патов, Бекмырза Еламанов және Нариман Төреғалиев өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»