Шараға жиналған журналистерге аталмыш басқосудың маңызы жайлы қысқаша баян еткен Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, қазіргідей ғаламдық интеграция етек жайған заманда, мұндай үдерістен біздің қоғамның тыс қалуы мүмкін еместігін атап өтіп, осындай ықпалдастық аясында құрылған халықаралық дербес ұйым Түркі академиясының болашағы аса зор дегенге тоқталды.
Сонымен қатар академияның жұмысы жайлы кең көлемде таныстырым жасаған халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі, әуелі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған TWESCO ұйымының атқарған істерін баяндап шықты.
Атап айтқанда, ұйымға 2015 жылы Түркі кеңесінің V саммитінде жүктелген тапсырма бойынша – жуықта «Аталар мирасы» атты электронды мультимедиалық жаңа портал іске қосылып, оған түркі халықтарының рухани-материалдық мәдениетіне қатысты қор жинақталыпты. Сонымен қатар XV ғасырға дейінгі «Ортақ Түркі тарихы» оқулығы, «Ортақ Түркі географиясы», «Ортақ Түркі әдебиеті» оқулықтарының тұжырымдамалары әзірленіп, тараптардың талқысына жіберілген екен.
Академия соңғы екі-үш жыл көлемінде түрлі деңгейде 80-нен астам ғылыми іс-шара өткізіп, оған әлемнің 20-дан астам мемлекетінен 200-ге жуық ғалым-зерттеуші мен сарапшылар қатысып, осы аралықта 55-тен астам шетелдік ғылыми ұйымдармен ынтымақтастық меморандумына қол қойылыпты. Әсіресе Кеңес тарапынан алты түркі мемлекетінің тұрғындарына жүргізілген «Түркі барометрі» әлеуметтік-зерттеу жобасын айтпай кетуге болмайды.
Өткен жылдары ұйымға мүшелік мандатқа ие төрт мемлекеттің бірі – Әзербайжан астанасы Бакуде түркология конгресінің 90-жылдығына орай халықаралық конференция ұйымдастырылып, Бішкекте қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығы салтанатты түрде атап өтіліп, «Манас энциклопедиясы», «Манас сөздүгү» атты ғылыми жинақтар жарық көріпті. Сонымен қатар Түркия елінде Қожа Ахмет Ясауидің өмірден озғанына 850 жыл толуына байланысты маңызды ғылыми-зерттеулер жүргізіліпті.
– Халықаралық Түркі академиясының назарындағы рухани-тарихи нысандар қатарында Моңғол даласындағы көне түркі жәдігерлері айрықша орын алып отыр, – деген Дархан Қуандықұлы, өткен жылдары Өтүкен аймағындағы «Шивээт улаан» ғұрыптық нысанына археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, радиокарбондық тәсіл арқылы кешеннің 670-710 жылдарға тиесілі екендігі және Көк Түркі империясының көсемі Елтерістің құрметіне тұрғызылғаны анықталғаны жайлы көпшілікті хабардар етті.
Соңғы жылдары TWESCO Орталық Азия аймағына баса назар аударып отырған көрінеді. Атап айтқанда, академия мен Өзбекстан Ғылым академиясы арасында ынтымақтастық меморандумын бекітуге дайындық жұмыстары жүріп жатса, Түрікменстан және Тәжікстанмен ғылыми байланыс жанданып келеді екен.
Бұл бағытта ресейлік ғалымдармен де тығыз шығармашылық байланыс орнаған. Мәскеулік танымал шығыстанушы Әмір Нәжіптің «ХIV ғасырдағы түркі тілдерінің салыстырмалы-тарихи сөздігі» атты төрт томдық іргелі еңбегі, Дмитрий Насилов, Игорь Кормушин, Анна Дыболардың «Древнетюркский словарь» атты әлемге әйгілі еңбегінің академия тарапынан жарық көруі осының айғағы.
Сол сияқты түркі халықтарының ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтап, әсіресе, қазақ фольклоры үшін аса қымбат қазына қалдырған әрі Ресей түркітану мектебінің негізін қалаған көрнекті ғалым Василий Васильевич Радловтың биыл дүниеден өткеніне 100 жыл толуына байланысты академия 2018 жылды «Радлов жылы» деп жариялап, ғалымның «Түркі халықтары ауыз әдебиетінің үлгілері» атты көптомдығын алдағы уақытта жаңа сериямен жарыққа шығармақ.
Жалпы алғанда, 2016-2017 жылдары академия ағылшын, әзербайжан, қазақ, қырғыз, мажар, моңғол, түрік тілдерінде жаңадан 83 кітап басып шығарса, ұйымның кітапхана қорындағы туынды саны – 50 мыңнан асыпты. Ал музей экспонаттары 700-ге жеткен.
– Алдағы уақытта Халықаралық Түркі академиясы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасымен ұштаса іс атқарады» деген академия басшысы: – Алдағы 30 сәуір күні ЮНЕСКО штаб-пәтерінде «Рухани жаңғыру және мұраны насихаттау: жойылу қаупі төнген түркі тілдері» атты халықаралық форум-фестиваль өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді. Парижде өтетін бұл шараға әлемнің 16 мемлекетінен тілдері жойылу қаупіне ұшыраған түркі халықтардың өкілдері қатысады деп күтілуде.
Осылай жыл өткен сайын ауқымы кеңейген академия биыл қытай ғалымдарымен бірлесіп, көне түркілік этнос сары ұйғыр тілін зерттеп, «Сары ұйғыр ауыз әдебиеті» және «Сары ұйғырлардың музыкалық мұрасы» атты туындыларды жарыққа шығармақ. Бұдан басқа Түркия ұлттық комиссиясының қолдауымен Ахмет Йүгінекидің, «Ақиқат сыйы» шығармасының жарияланғанына 100 жыл толуын атап өтеді. Осыған орай академия екі томдық ғылыми-монографияны баспаға әзірлеп, ЮНЕСКО деңгейінде «Халықаралық түркі тілдері күнін» атап өту шарасын жоспарлауда.
Сонымен қатар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әлемдік ғылымның дамуына үлес қосқан, адамзат тарихында із қалдырған «Түркі әлемінің 100 тұғырлы тұлғасы» атты жобаны іске асыру жоспарда тұр. Бұл тұлғалар халықаралық сауалнама жүргізу арқылы анықталады.
Академия тарапынан өткен 2017 жыл «Алаш жылы» деп жарияланса, 2018 жылды құрылғанына 100 жыл толған «Әзербайжан Демократиялық Республикасының жылы» деп жариялауда. Осыған байланысты мамыр айында Бакуде, кейін Астанада маңызды жиындар өтіп, «Әзербайжан әдебиетінің антологиясын» баспаға әзірлеу ісі қолға алынбақ.
Абайдың және Алаш қайраткерлерінің рухани ұстазы жәдитизмнің негізін қалаушы ғұлама Шиһабутдин Маржанидің 200 жылдығына орай академия ұжымы татарстандық әріптестерімен бірлесіп биылғы жылды «Маржани жылы» ретінде белгілеп, тағы да жақсы істер атқармақ.
Сол сияқты, көрші қырғызстандық әріптестермен ортақ жоба-жоспар да бар екен. Атап айтқанда, биыл заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығы қарсаңында, екі томдық үлкен монография баспаға әзір тұрса, атақты манасшы Сағымбай Оразбақовтың 150 жылдығына орай бірқатар халықаралық іс-шаралар өткізу шарасы қарастырылуда. Алдағы 2019 жылы атқарылатын тағы бір маңызды оқиға тарихшы Рашид ад-Диннің «Жами ат-тауарих» атты сүбелі еңбегі қазақ және моңғол тілдеріне тәржімаланатын болады.
Сөзімізді қорытындылай айтсақ, қазақ жұрты үшін сүйінші сұрарлық дүние – түркі дүниесіне ортақ ақын Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай халықаралық Түркі академиясы үстіміздегі жылды «Мағжан жылы» деп жариялап, осы бағытта бірнеше ірі шаралар өткізу жоспарланыпты. Атап айтқанда, ақынның шығармаларын өзбек тіліне белгілі ақын Музафар Ахмад, моңғол тіліне ақын-аудармашы Жүкел Хамай, алтай тіліне шығыстанушы ғалым, ақын Бронтай Бедюров, әзербайжан тіліне Фузули Меджидлилер аударып жатыр. Мұның сыртында ақын жырларын қырғыз, мажар тілдеріне аудару жоспарда тұр.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»