Медицина • 02 Наурыз, 2018

Хат қоржын

650 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Оқырман...

Хат қоржын

...ой қозғайды

Атын өзгерттік, затын қайтеміз?

Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Егемен Қазақстан» газетінде «Қазақстан» (әзірше осылай жазайық, себебі біздің қолданыстағы компьютерде латын таңбасы жоқ) корпорациясына қарасты арналардың атаулары өзгергені туралы хабар шықты.

 Әлқисса, атын өзгерттік, енді затын қайтеміз? Себебі телеарналар­дың қайсысын ашпайық, көретініміз жылдап бітпейтін сериалдар, атыс-шабыс, өлім-жітім, табиғи апат, құлаған ұшақ, бір сөзбен айтқанда –  жан шошырлық көріністер. Қазір еліміздің жасөспірімдері арасында неше түрлі қылмыс өршіп тұрса, оның белгілі бір мөлшерлік пайызының өсуіне еліміздің телеарналарының да үлес қосып отырғанына ешқандай күмән жоқ. Ол жөнінде белгілі қоғам қайраткері, жазушы Қали Сәрсенбай да ашына айтқан екен. 

«Айта айта Алтайды, әнші апай қартайды»  дегендей, бұл айтылмай жүрген мәселе емес. Егер Елбасымыздың бағдарламалық мақаласында айтылған рухани кемелділікке қол жеткізу керек десек, онда барлық телеарналарымыз да бағыт-бағдарын түбегейлі өзгерту керек. 

Закария СИСЕНҒАЛИ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Батыс Қазақстан облысы,
Жаңақала ауданы

 

...мақтан тұтады

Шалқар – шаттық мекенім

Шұғылалы атымен танымал Ақтөбе облысындағы үлкен аудан­дар­дың бірі – Шалқар кең жазық, бұйрат құм, мөлдір көлімен ерекше. Бабаларымыз аңсап өткен егемендікке қол жеткізген уақыт ішінде Шалқар ауданы да өркендеді, өзгерді. Бейнеу-Жезқазған темір жолы халқымыздың әлеуметтік жағдайының одан әрі көтерілуіне, жаңа бекеттердің салына бастауына игілігін тигізіп жатыр. Теміржолшы мамандығын алған жастарымыздың жаңа бекеттерге үлкен мақсатпен жұмысқа орналасуы – халықтың қуанышы. Сонымен бірге халыққа қызмет көрсететін жаңа үлгідегі емхана, аурухана, мектептер, қосымша білім беру мекемелері, мейрамханалар, сауда, басқа да қызмет көрсету орталықтары әр ауылда және қала орталығында жыл сайын бой көтеріп келеді. Ауылдың ажары төрт түлік мал, жайқалған егіс болса, бұл кәсіпті де кәсіпкерлеріміз ыңғайын келтіріп шаруасын шалқытып отыр. 

Өз елін, өз тілін, өз тарихын терең білетін білімді де, білікті жастарымыздың әлемді аралап өз мүмкіншіліктерін көрсетіп жан-жақты абыройлы қызмет етіп жүргені әр мектептің жетістігі, әр ұстаздың мақтанышы. Шалқар қаласындағы №6 орта мектеп-интернаты – білім айдынында өз сара жолын қалыптастырғанына 30 жыл ғана уақыт өткен мектеп болса да мақтан етер шәкірттеріміз жеткен жетістіктер көп. Білімге құштар, өнерге бейім, еңбекке адал, спортқа шебер жас ұрпақ Шалқар атын  аймаққа айғақ, республикаға белгілі, әлемге әйгілі етеді.

Шолпан МҰҚАНОВА

Ақтөбе облысы 

 

...әсерімен бөліседі

Жәдігерлер жігерлендірді

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру аясында және ішкі істер органдары қызметкерлерінің рухани адамгершілігін, мәдени тәрбиесін, патриоттық сезімін арттыру мақсатында Жамбыл облысы Ішкі істер департаменті басшылығының бастамасымен аталмыш мекеме қызметкерлері облыстық тарихи-өлкетану мұражайына екі апталық экскурсияға барды.

Отыз мыңнан астам экспонатпен жабдықталған облыстық мұражай – рухани құндылықтарымыздың бірден бір сақтаушы қоры екені белгілі. Сонау сақ дәуірінен бастап бүгінгі заманға дейінгі тарих тереңінен сыр шертетін жәдігерлердің мұражайда сақталуы  баба мұрасына адалдығымызды дәлелдейтіндей. Ел тыныштығы мен жарқын болашақтың жолында құрбан болған батырларымыздың естелік жазбалары мен ерлігі үшін иеленген марапаттары да осы жерде көздің қарашығындай қорғауға алынған. Соның бірі – 2012 жылдың қаралы қарашасында қандықол террористі кеудесімен жауып, ерлікпен қаза тапқан Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың естелік заттары. 

Елбасының бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған экскурсияға облыстық ішкі істер органдарынан 1000-ға жуық қызметкер қатысып, тарихи жәдігерлермен танысып қайтты. Қатал тәртіп пен ережеге бағынған  полиция қызметкерлерін бір сәт рухани ортамен де  танысуға мүмкіндік берген департамент басшылығының бұл игі бастамасы баршаға   үлгі боларлық іс. 

Ботакөз БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ,
Жамбыл облысы ІІД баспасөз қызметкері

...пікірін жолдайды

«Балапан» былдырласын, міңгірлемесінші!..

Таңертең «Балапан» телеарнасын  қарап отырған ұлым: «Әке, мына қыз не айтып жатыр? Сөзін түсінбедім. Айтып беріңізші» – деп жаналқымнан алды.  Қарасам, «Алғыр алтау» деген бағдарламаны көрсетіп жатыр екен. Кадр сыртындағы мәтін. Ұлымның айтқаны рас екен, әлгі қыздың (не журналист, не диктор болуы мүмкін) сөзін түсіну мүмкін емес. Әр сөзін мұрынға сүйеп, міңгір-міңгір етеді. Шай ішіп отыр едім аузымдағы асты жұта алмай қалдым.

«Балам, сен де қай-қайдағыны сұрайды екенсің» – дедім ана мұрынға тығылып шыққан дауыстан түк түсінбей. Кадр сыртындағы мәтін аз емес, қойдың ішегіндей ұзақ сөйлем. Соны басынан аяғына шейін мұрынмен міңгірлеп отыр, міңгірлеп отыр. Естіген мыңдаған балапан құлақты емес, оқып отырған тілшіге жаным ашыды. «Тұмау тиіп қалған сияқты ғой» – деді жолдасым. «Тұмауын білмеймін, шайың шай болмады» – деп орнымнан тұрып кеттім.

Қу шөппен ауыз сүртуге болмас, «Балапанды» көріп, балалары­мыздың тілінің түзелгені рас. Бірақ сондай тәтті арнаның «міңгірін» естігім келмеген еді. Басқа-басқа, «Балапан», сен былдырлашы, міңгірлегеніңді естімей-ақ қояйық!..

Жарас КЕМЕЛЖАН,
журналист
Алматы

 

...жақсылығын жеткізеді

Жаңа мешітке ел риза

Өткен жылдың аяғына таман Ақмола облысының Аршалы кентінде пайдалануға берілген жаңа мешітке бұл күндері ел риза. Исі мұсылмандар үшін қасиетті мейрам күндері сый ретінде тарту етілген  «Нұралы би» мешіті 250 адамға арналған. Салтанатты шараға аудан əкімі, Нұралы бидің ұрпақтары мен аудан тұрғындары қатысты. Шара барысында ұлттық спорт ойындары мен түрлі мəдени шаралар ұйымдастырылды.

Мешіт құрылысына жоба бойынша 50 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған және аудан тұрғындары мен демеушілердің қаражатына салынған. Алдағы уақытта мешіт қасынан 200 орындық медресе ашу жоспарда бар.

Аслан ОСПАНОВ
Ақмола облысы