Тікелей кейіпкеріміздің өмірбаянына үңілсек, Кенжекең желмаяға мініп жерұйықты іздеген Асанқайғы секілді. Тыным жоқ. Жерұйық – оның кешегі Ақмола, бүгінгі Астанасы. Биыл өзінің 20 жылдығын атап өткелі отырған Астанаға сіңірген оның еңбегіне қарап, ұлт мүддесіне қызмет етуші тәлімгер-қаламгер ретінде танимыз. Бұл ұзақ жылдар бойы үздіксіз ізденіп, өз еңбекқорлығының арқасында жеткен жетістігі. Сондықтан осы Кенжекеңнің бірнеше ерекшелігін атап айтуға болады.
Біріншіден, басты бағытты айқындау, оның өміршең, мәңгілік мәселеге арналуы оның өзі қалаған мамандығына бет бұрған әрбір жанның алдында тұрған маңызды таңдау. Бүгінгі кейіпкеріміздің жетістіктері көп жылдар бұрын нысанаға алған жерінен шыққанын көрсетеді.
Екінші бір айтарымыз – ізденіс барысындағы тұрақтылығы. Орта жолда таңдаған бағытынан ауытқып, басқа жаққа көз сүзіп, әрнәрсеге әуестік танытпады. Бойындағы ұйымдастырушылық қабілетін байқаған ұстазы Темірбек Қожекеев университет бітіргесін, сонау 1985 жылы Сарыарқаға аттандырса, артынша телевидениемен қанаттанды. Бұл қазақ телевизия саласын жандандырудағы бастау ғана емес, жас журналистің талпынысына, ізденгіштігіне, қызығушылығына ерекше жігер берген уақыт болды. Бұл жылдары Кенжекеңнің көптеген телехабарлары, бейнесюжеттері, телеочерктері облыстық, республикалық телеарналардан экранға шығып жатты.. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтқандай бүгінде өзі де ұстазға айналды. Шәкірттерге ұстаздық етіп, үйретуді үзіліссіз жалғастырып келеді.
К.Қақатайұлының адами табиғатына тән тұрақтылық бұқаралық ақпарат құралындағы ізденістерінен де көрінеді. Ұзақ жылдар бойы қалалық «Ақмола ақиқаты» газетін басқарды. Газет жарық көріп, тасқа басылғаннан кейін осымен болды деп тоқырамады. Керісінше, оны жан-жақты толықтырумен болды. Бұл бағытта тек бүгінгі күннің шеңберінде қалып қоймай, басылымды республикалық дәрежеге көтерді. Сөйтіп мерзімді басылым ісіне тамаша үлгі ете білді.
Үшінші, қаламгердің шығармашылығындағы бір ерекшелік – мәселені бір жағынан ғана емес, жан-жағынан көре алуы. Жасаған хабарлары мен жазған мақалаларын бастан аяқ толық қарап шыққанда осыған еріксіз көз жеткіземіз. Мысалы, Ақмоланың Астана болу төңірегінде өрбіген мәселелер бірін-бірі толықтырып тұр. Алдағы уақытта бұл еңбектерінің басын біріктіріп, бір кітапқа топтастырады деген ойдамыз.
Мерзімді басылымға баса назар аударған қаламгер әркез журналистиканың жанрларын есте тұтады: бұл турасында «Еуразия университеті» газетінің бір емес, бірнеше санын мысалға алуға болады. Студенттермен қоян-қолтық шығармашылық байланыс жүргізетіні бір бөлек әңгіме. Бұл ізденіс жемісі. Нәтижесінде, алдыға қойған мақсат орындалды. Жазылған еңбектің елеусіз күйде қалмай, оқырманның игілігіне айналуын басты парыз санайды. Мұнда да тәрбие беру, жанашырлық дағдысынан жаңылған жоқ.
Кенжекең осы жасқа дейін телерадиода көптеген хабарларға қатысып, өмірде жинақтаған тәжірибесін де ортаға салып жүреді. Бос уақытты тиімді пайдалана отырып, туған жер, өскен өңірге үлкен көңіл бөледі. Сол сапар үстінде айтылған құнды ойлар мен пікірлер дер кезінде қағазға қатталды ма, жоқ па, білмеймін. Егер сол өзі ауызша айтып жүретін әсерлі кездесулер топтастырылса, ол да бір құнды еңбекке айналары сөзсіз.
Тағы бір қыры, астаналық ақын-жазушылардың шығармашылық қабілетін дамытуда, кәсіби біліктілігін қалыптастыруда елеулі еңбек ете білді. Жаңа көрініп келе жатқан әнші, жыршы, термеші, журналистердің жанашыры, ақын-жазушылардың қамқоры ретінде де танылды. Ербол, Гүлмира, Қалқаман Сариндерді айтпағанда, Кенжекеңнің шапағатын көрген Сағыныш Әбікей, Амангелді Қияс, Ерлібай Қыдырбай, Орынбай Балмұрат сынды тілші-журналистер қарасы бір төбе.
Кенжекеңнің ұйымдастырушылық талантына тәнтімін. Басқалар барды ұқсата алмаса, ол жоқтан бар жасап жүреді. Ойдан ой туындайды. Бұрынғы Целиноград, кейінгі Ақмола, қазіргі Астана қаласының соңғы жиырма жылдан асқан тарихына көз жіберсек, сол тоқсаныншы жылдардың басында қалыптасқан ауыр кезеңде жаңадан қазақ тілінде газет ашып, осы газетті он жыл басқарған оның қаланың өсіп-өркендеуі кезеңіндегі атқарған қызметі мен қосқан еңбегінің нәтижесіне тоқталмай өту мүмкін емес. Өйткені, Кенжекеңнің «Ақмола ақиқаты» газетіне тағайындалуы қайта құру кезеңіне тұспа-тұс келген болатын. Бір күні қалалық партия комитетінің хатшысы Марат Жақыпов өзіне шақырып алып, редактор болып келуін сұрайды. Ол кезде Кенжекең облыстық телерадиокомитетте аға редактор және республикалық телерадиокомитеттің «Қазақстан» ақпараттық бағдарламасының облыстағы тілшісі болып қызмет атқарып жүрген шағы. Күнделікті эфирге шығып, елге таныла бастаған кез. Комбайнның астында жатып, механизаторлармен бірге сюжет беріп жүрген тұс. Өз жұмысы өзіне қатты ұнайтындықтан Марат Қалиұлына әртүрлі сылтау айтып, үй кезегінде тұрғанын көлденең тартады, бірақ ол кісі бірден «Жүр, қазір Аманжол Бөлекбаевқа барамыз, бұл мәселені шешіп береді» деп Аужекеңе алып барады.
«Біз сізді жақсы танимыз. Осы қаладағы көше атауларының қазақша нұсқасының жоқтығын, автобус, тролейбустарда қазақша хабарландырулар берілмейтіндігін, қазақша мектеп, театрдың жоқ екендігін, Абай, Жамбыл көшелерінің қаланың шетіндегі жеті-сегіз үйден тұратындығын сынап, бүкіл Қазақстанға көрсетіп жатқан сен емессің бе? Телевидениеден қай күні, қай уақытта өткенін айтып бере аламын. Осының бәрі бізді де қинайды. Осы мәселелерге жаны ашитын адамның қалалық газетке міндетті түрде басшы болып келуі керек емес пе?! Үй мәселесіне алаңдама, жақын арада шешіледі», – дейді де қала басшысы қолын алып, арқасынан қағып, бүкіл мәселені сол мезетте шешіп береді. Қазіргі Кенжекеңнің тұрып жатқаны сол төрт бөлмелі үйі Аужекеңнің көзіндей көрінсе, Кенжекеңнің арқасында ол кісінің жақсылығын мен де көріп қалған жандардың бірі екенімді несін жасырайын.
Көзкөргендердің айтуынша, Кенжекеңнің оң қасиеттері коммунистік партия тақтан кетіп, қаладағы билік кімнің колында екендігі белгісіз кезеңде ерекше байқалған. Үш жүз мыңға таяу халқы бар қаланың күнделікті тіршілігінен басқа саяси мәселелер бірінші орынға шығып, көптеген партиялар құрылып, ел өмірінде демократиялық өзгерістер белең алып тұрған кез. Тәуелсіздік пен қазақ халқының жоғын жоқтаған «Азат», «Тіл және мәдениет» «Парасат» секілді партиялар мен қоғамдық ұйымдар бір жақ, қаладағы қалың орыс арқа сүйеген казак атамандары мен «Лад» орыс қоғамы «Солтүстік облыстар (бұрынғы Целинный край) Ресейдің қол астында болу керек» деп екінші жақ болған текетірестердің басталған кезі. Сол бір ауыр тұста қала басшысы Аманжол Бөлекбаевпен бірге саяси мәселелерді шешуде белсенділік танытқан, саяси топтардың көтерген талаптарына байланысты әрқайсысымен жеке-жеке кездесіп, ұлтаралық қақтығыстардың өршіп кетуіне жол бермеуге үлес қосқан да осы – Кенжекең.
Мінезді жігіт. Бір кемшілігі болса, онысы кеңшілігі болар. Мен Кенжекеңнің құзырында әр жылдары қызмет еткен замандастарының бірімін. Жақсылардың жанында жүре білудің өзі де бір бақыт екенін онымен бірге болған күндердің барысында түсіндім: әсіресе Аманжол Бөлекбаев, Қадыр Жетпісбаев, Рафаэль Жұмабаев, Нұрғожа Ораз, Жомарт Әбдіхалық секілді елге танымал ағалармен бірге отырып әңгімелесу қандай ғанибет еді десеңізші! Өткенге көз жіберіп, оның бәрін санамалап, қайталап жатудың қажеті жоқ та шығар, маңыздысы Кенжекең кез келген ортада ағаға – іні, інілерге – аға бола біледі. Ең бастысы жүрегі таза, өтірікке жаны қас, қашан көрсең шындық үшін шырылдап жүргені.
Базарбек ТҮКІБАЙ,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі