Тарих тұлғалар есімінен тұратынындай, әлемнің ақыл-парасат өлшемі дүния сырын ұғынған ұлы жаратылыстың пайым таразысына тәуелді. Бізге қызығы: адамзат ақыл-ойының алып арнасына сан тарау жолдан келіп қосылған ойлар ағыны қай тұстан екпіндеп соғады? Батыс пен Шығыс ақыл-ойының озығы мен тозығы қайсы? Соның ішінде, қазақ топырағы тапқан ұрпақ алып арнаға тамшыдай болсын үлес қоса алды ма? Және ол несімен құнды? Ойлай берсең, түпсіз сұрақтың шылауына шырмаласың...
Әлем бізді кім деп таниды? Адамзаттың ортақ қазанына қай қазынамызды салдық? Ғылым мен техника, басқа да түрлі салаларды айтпағанда, әдебиет пен мәдениетіміздің шыққан биігі қайсы?
Абайды арқа тұтамыз. Мағжанға мойын бұрамыз. Әуезовті көмекке шақырамыз. Күллі әлем таниды деп кеуде қағамыз. Шынтуайтында, қазақ әдебиетінің шеңбер бұзып, шетел шарлап кетпегенін мойындаған жөн. Қазақ жауһарларын әлемді айтпағанда, түркі елдері түгел танып болған жоқ. Бар кінәні аударма саласының жүйелі жұмыс жасамауынан көрерсіз. Ол да бар. Енжар биліктің құлықсыздығына өкпе артқаннан қайран не?..
Руханияттан ірге бөлудің зардабы маңдайға тигенде ғана бағдар айқындай бастадық. Қазақты жаһанға әйгілеудің жоспары құрылды. Әрине, Елбасы тапсырмасымен. Тура мағынасындағы «рухани жаңғырудың» қажеттілігін анық сезіндік. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы іске аса бастады. Сең қозғалғандай болды. Қазақ әдебиеті әлем тілдеріне аударылмақ-дүр. Қаламгерлеріміз БҰҰ-ның алты тілінде (ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз) сөйлеуі керек. Қамал алардай қарқынымыз бар. Жұмыс тобы өкілдері «тәуелсіздік жылдарындағы ең озық шығармаларды іріктеп аламыз» деп білек сыбана кірісіп те кетті. Арасында алыптар шоғыры да бар. Хош. Бізді алаңдататыны: Кімді аудару керек? Кімге аударту керек?
* * *
Кеше ғана жарты әлемді кітаппен жарылқап отырған Амазон дүкендерін шолып шықтық. Қазақ авторларының қаншасы тұр дейсіз ғой. Саусақпен санарлық. Әбді-Жамил Нұрпейістің «Соңғы парызы» (Final Respects) мен «Қан мен тер» (Blood and Sweat) романы, Зәуре Батаева аударған Дидар Амантайдың шығармалар жинағы, Герольд Бельгердің, Бердібек пен Мұқағалидың аудармасын ғана көзіміз шалды. Бұның өзі бірнеше жыл бұрын аударылған шығармалар. Әрине «әлем таныған қазақ әдебиеті» үшін бұл өте аз. Бәлкім біз дұрыс бағамдай алмадық. Күні кеше Оралханның «Кісі киік» атты кітабы ағылшын тіліне аударылды. Қазақ ПЕН-клубы Махамбет пен Қасымның, Қадыр Мырза Әли мен Мұхтар Мағауиннің шығармаларын тәржімалауға талаптанып отыр екен. Іске сәт дейміз. Тек аударма сапасына салғырт қарамай, ыждаһаттылықпен жұмыс жасаса дейсің. Әйтпесе Кеңес кезінде бірнеше мәрте аударылған авторларды қайталап баса беруден абырой тапқан жоқпыз.
Шетел тіліне аударылатын авторларды іріктеуде ашықтық керек. Бармақ басты, көз қыстылықпен тамыр-таныстыққа ту ұстату – әп-әсем бастаманың берекесін қашырады. Керек болса, «қызыл шекпенін» желбегей жамылып, ескі сүрлеудің етегіне сәжде қылған жазармандарды күресінге тастауға тура келеді. Арнайы комиссияға артылар жүк ауыр. Жері мен тегіне қарамай-ақ, қазақ ақыл-ойын әлемге танытар тұлғаларды топқа қосуы қажет. Тізімге Әуезов бастаған алыптарымыз, 1960-90 жылдардағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері енері анық. Одан кейін жастардың жақсы шығармалары сұрыпталады. Тізім мейлінше қысқа болса да, әлем оқырмандарына ұялмай ұсынар дүниелеріміз аударылса болғаны.
* * *
Бірде ақын Гүлнәр Салықбай жастармен кездескенде: «Цветаеваның «Я тень теней» деген өлеңін мен «көлеңкенің иесімін» деп аудардым. Әйтпесе оны тікелей «көлеңкенің көлеңкесімін» деп аудара салуға болады. Менің аудармамды оқыған әдебиетші Амантай Шәріп: «Көлеңкенің иесімін» дегенің керемет қой. Цветаеваға қалай қия салдың?» – дейді. Қызығып, Цветаеваның 5-6 өлеңін аудардым. Кейін оның кітабын қазақша шығаратын болып, өлеңдерін тапсырыспен аудардым. Арнайы аударғандарым өзіме ұнамайды. Негізі аударма жасау қиын. Ақынның мінезі көрініп тұруы керек, қазақ оқыса жатық оқылуы да шарт» дегені бар. Аударма жасау – туындыны өзге тілге қотара салу емес. Соңғы кезде менің кейбір замандастарым жиі аударма жасап жүр. Әрине қазақ оқырманы үшін жақсы олжа. Алайда мәтіннің мағынасынан ауытқып, авторға қиянат жасамаса дейсің. Сөзді аудару мен ойды аудару – екі бөлек жүк артады. Сайып келгенде, бұдан автор зардап шегеді, бүтін туынды бүлінеді.
Бұдан келіп, аударма сапасы туралы өзекті мәселе бас көтереді. Жабылып жүріп жақсы шығармаларды таңдап алармыз-ау, олардың өзге тілде кібіртіктемей көсіліп кетеріне кім кепілдік береді? Жауапты орган жазушыларымыздың өз деңгейінде аударылуына «қорған» бола ала ма? Әлде науқаншылдықпен тапсырма орындаудың озық үлгісін көрсетер «пысықайларға» иек артамыз ба? Қазақ болмысын түсінбей, тілдің мәні мен мағынасына бойлай алмайтын делитант аудармашыларға тізгін берсек, сонша тыраштанудан қандай қайыр болмақ?!
Кінәні өзгеден іздеуге пейілдіміз ғой. Қарапайым қағидаларға жауапкершілікпен қарамай, жұмысымыздың жемісін көргіміз келеді. Қазақты әлемге танытудың жаңа сатысына түстік екен, аянып қалар түгіміз жоқ.
Тіліміздің байлығын айтып жиі мақтанамыз. Туындыларымыздың басқа тілде сайрап кетпегеніне соны қалқан тұтқымыз келеді. «Қазақ сөзі аудармаға қиын» деп үкім шығаратындар да бар. Рас, өзге тілге көшкенде өңі қашып кететін сөздеріміз көп-ақ. Бірақ бұл бізге сылтау болмау керек. Пышақтың екінші жүзінен қарасаң, сөзі көп, ойы көмескі, сюжеті солғын сондай бір шығарманың қаңқасын көресің. Әлем оқырманы үшін қызыл сөзден гөрі қызықты туынды қажет екені айтпаса да түсінікті.
Әлемнің үздік аудармашыларымен, редакторларымен байланыс орнатып, қаржы мен қажырды аямай, «шедеврлеріміздің» шырағы жанбайды. Шығарманың нәрі мен сөлі солғын тартпасы үшін, әр сөзге Әбді-Жәмилше кірпияздық таныту қажет.
Өзгеге сенбесек, өзімізде дайын кадр жоқ. Қазақ дүниетанымын қалпын бұзбай, тамырынан ажырамай, өзге тілде сөйлететін өз аудармашыларымыз жоқтың қасы. Әдеби модернизацияны әріден ойламаудың кесірі. Әйтпесе жас әдебиетшілерді «эмиграцияға» жіберу туралы аз айтылған жоқ.
P.S. Қазақтың мойнында әлі толық өтелмеген қарыз бар. Ол – адамзат ақыл-ойына қосар қарыз. Қарыз өтелмей, парыздан құтыла алмайсың. Енді кешігуге болмайды.
Шерхан ТАЛАП