Аймақтар • 02 Наурыз, 2018

БҚО-да тасқынның алдын алу мәселесі жіті назарда

363 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы көктем қалай болады? Ақжайық өңірінде су тасқыны қаупі жоқ па? Батыс Қазақстан облысындағы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен мәслихатта осы мәселелер сөз болды. 

БҚО-да тасқынның алдын алу мәселесі жіті назарда

Су тасқынынан сақтану жұмыс­тары жаз айларынан-ақ басталады, – дейді Батыс Қаза­қстан облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев. Жанар-жағармай, арнайы жабдықтар, өрт сөндіруші, іздеу-құтқарушы көліктер алын­ған. Қажет жағдайда төтен­шеліктер бір күн ішінде шатырлы қалашық тіге алады. Бұрын өзен мұздарын жарылғыш затпен бұзатын болса, биыл арнайы мұз кесетін аппарат сатып алынған. Бұл құралдың жарылғыш заттан ең басты артықшылығы – өзендегі балыққа зиян тигізбейді. 

– Биылғы қыстың ерекшелігі – тоң жылдағыдан 1,5 есеге дейін қалың түсті. Осы ақпан айындағы бақылау жұмыстары Тасқала ауданында тоңның қалыңдығы 53 см, Шыңғырлау ауданында 130 см-ге дейін жеткенін көрсетті. Өзен бетінің мұздары да биыл өте қалың. Қар күрт ерісе немесе көктем жаңбырлы болса, су сіңіп үл­гер­мей, еріген су арнадан асуы, ел­ді мекендер мен жолдарды басу қау­пі бар, – дейді «Қазгидромет» РМК Батыс Қазақстан облыстық филиа­­лының директоры Нұржан Шияп.

Мамандардың айтуынша, өңірдегі 57 гидротехникалық қон­дырғының барлығы тексе­ріліп, жөндеуден өткен. Бұл қон­­­дырғылардың 24-і респуб­ли­калық, 30-ы облыстық ком­му­­нал­­дық меншікте. Өткен жы­лы 103 млн теңгеден ас­там қар­­­жыға Шолақаңқаты өзені су қой­­масына жөндеу-қал­пы­на кел­­тіру жұмыстары жүр­гі­зілген. Зеле­нов ауданында Дер­күл өзені аңғарындағы суа­ғар қон­­дырғылар құрылысы жа­са­­лыпты. Көктемгі еріген судан зардап шегіп келген Орал қа­ла­­сының Сарытау ауданы тұр­ғын­дары да биыл бұл ма­ша­қат­тан құтылатын болыпты. 

Облыс аумағындағы респуб­ликалық және облыстық маңызы бар автожолдардың бойында су өткізетін 439 құбыр орналасқан. Соның өзінде республикалық ма­­­ңызы бар күре жолдардың 37 жерінен, облыс жолдарының 54 тұсынан тасқын су өтуі мүмкін екен. Темір жол бойында да осындай 34 қауіпті аймақ бар. 

– Мұндай аймақтың бәрі біздің айрықша бақылауымызда болады, кезекшілік қойылады, – дейді генерал-майор Жасұлан Жұмашев. 
Батыс Қазақстан облысы Ре­сей Федерациясының 5 облы­сы­мен шектеседі. Су тасқы­ны­ның негізгі қаупі де өзендердің жоғарғы жағынан, Ресей аума­ғы­нан келеді. Сондықтан да батыс­қазақстандық төтен­ше­ліктер ресейлік әріптес­тері­мен тығыз қа­­рым-қатынас орнатқан. Қазір­гі болжам бойынша Ресей аума­ғын­да да биыл су тас­­қыны қаупі аз, қар жамылғысы жыл­­­да­ғыдан анағұрлым жұқа кө­рінеді. 

– Ресей биыл Жайық өзеніне қанша су жіберсе де біз дайынбыз. Жайықтың Ямбулат, Быков, т.б. салаларының арнасын тазалап, Көшім су жүйесін жаң­ғыртып алдық. Сондықтан қандай көлемде су келсе де қа­былдап ала аламыз, – дейді Жас­ұлан Жұмашев.  Жалпы, облыста көктемгі су тасқынының алдын алу үшін 1 млрд 300 мың теңге бөлініпті.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы