
Ал, моңғол дереккөздерінде, манжы-қытай әскеріне қарсы күресуші ойрат нояны Әмірсанаға екі мың әскермен Қожаберген батыр көмекке келгені жайлы айтылып, қазақ батырына риза болған Әмірсана өзінің Мұлтыр деген ұлын Қожабергенге өкіл бала етіп бергені жайлы баяндалады. Бір қызығы, осы Мұлтырдан (Қазақбай) тараған ұрпақ қазір үлкен әулетке айналып, бүгінде Моңғолия мен Қазақстанда өмір сүріп жатыр.
Сонымен қатар қазақ батырлары арасында артында ең көп жәдігер сақталып қалған да осы Қожаберген батыр Жәнібекұлы екен.
Атап айтсақ, оның жорықта ұстаған ақ туы Бай-өлкедегі қазақтардың қолында сақтаулы болса, шапаны Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Қаршығалы ауылдық округіне қарасты Көктас ауылында тұратын батыр әулетіне жиеншар Бақыт Теңселұлы деген азаматтың үйінде сақталыпты. Үй иесінің айтуына қарағанда, бұл жәдігерді осы әулетке алып келіп, сақтап-қорғап, аманаттап кеткен әжесі Шамшия Кемиекқызы екен.
Кеше Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери тарихи музейіне жоғарыдағы құнды жәдігер – Қожаберген батырдың шапанын тапсыру рәсімі өтті.
Маңызды жиын қонағы һәм Абылай дәуіріндегі қазақ батырлары жайлы толымды зерттеу жасап жүрген тарихшы Жамбыл Артықбаев, орыс-қытай жазбаларында ең көп дерек сақталған осы Қожаберген батыр екенін айтып, көп жағдайда бүгінгі тарихшылар аталмыш тұлғаны ордабасы Қожаберген Толыбайұлымен шатастырып алатынын ескертті, сондай-ақ болашақта Бай-өлкедегі батырдан қалған туды да осында әкелу қажет деген пікірін жеткізді.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»