Аймақтар • 02 Наурыз, 2018

Алғыс айту күні Өскеменде қалай аталып өтті?

704 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алғыс айту күнін өскемендіктер биыл кең ауқымда, бірқатар тағылымды шаралармен атап өтті. 

Алғыс айту күні Өскеменде қалай аталып өтті?

Қаладағы мерекелік шаралар легі Өскеменнің іргесіндегі Ахмер ауылындағы Балалар ауылынан басталды. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сайрангүл Жұмаділова мейірім мекеніне арнайы барып, ата-ана қамқорлығына зәру бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді. Ә.Нүсіпова мұндағы тәрбиеленушілерге Сара Алпысқызының құттықтауын оқып беріп, облыстық білім басқармасының атынан моноблокты сыйға тартты. Балалар ауылының тәрбиеленушілері де қарап қалмай «Алғысым шексіз, туған ел» атты концерттік бағдарламасын ұсынды. Бүгінде мұнда 69 бүлдіршін тәрбиеленіп жатқаны белгілі. «Бізді естен шығармай қамқорлық танытып жүрген үлкен жүректі азаматтарға алғысымыз шексіз. Көңілі ашық, дархан мінезді 79 мекеме басшысы бар, олар басқарып отырған 105 ұлт пен ұлыстың өкілдері жылына бір рет біздің балалардың есепшоттарына бір айлық еңбекақыларын аударып келеді. Бес жылдың ішінде балалардың шотына 80 миллион теңгеге жуық қаражат жиналды, қазір 26 миллион теңге «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банктегі» шоттарында жатыр, болашақта 23 жасқа толғанда олар баспаналы болады», - дейді Балалар ауылының директоры Аман Ислямов.

Мерекенің ажарын кіргізген игі шараның бірі - облыстық ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен тұңғыш рет ұйымдастырылған «Ақ бата – асыл мұра» атты байқау. Дуалы ауыз қарттардың өнер додасына аудандар мен қалалардағы іріктеу сайысынан іркілмей өткен 22 батагөй қария келіпті. «Сіздерді 1 наурыз - Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын. Біздің ең үлкен байлығымыз – еліміздегі тыныштық, тұрақтылық пен береке-бірлік. Бүгін тек алғыс айтатын күн ғана емес, тарихқа көз жүгіртіп, елімізге сырттан көшіріліп әкелінген халықтардың көрген қиындығын, шеккен мехнатын санамызда бір жаңғыртып, оларға біздің ата-бабаларымыздың көрсеткен құрмет, жасаған қамқорлықтарын еске алатын күн. Бүгінде біздің облыста 14 Достық үйі, 123 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Өңірімізде 105 ұлттың өкілдері тату-тәтті тұрмыс кешуде. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазір біз жеті үлкен бағытта жұмыс істеп жатырмыз.  Бұл бағдарлама – елімізді мекен еткен барлық этностардың мәдениеті мен тілдерін сақтауға, дәстүрлерін жаңғыртуға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Бүгінгі өткізіліп отырған шара - соның дәлелі», – деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова сайыстың ашылу салтанатында сөйлеген құттықтау сөзінде. Үш кезеңнен тұрған байқау қорытындысында бас бәйгені (100 мың теңге) ұландық Рашитбек Мұхамеджанов ақсақал иеленсе, бірінші орынды жармалық батагөй Мұрат Жармұхамет қанжығасына байлады. Екі екінші орынды көкпектілік Шахан Тұрсынханов пен семейлік Қайымхан Бейсенбаев, жүлделі үш үшінші орынды Абай ауданынан келген Ақанғали Мақаев, аягөздік Ақаш Көксегенов пен тарбағатайлық Серік Бексайынов өзара бөлісті.

Қаладағы Достық үйі-қоғамдық келісім орталығында өңірдегі этномәдени бірлестіктердің ұйытқы болуымен Алғыс айту күніне орай мерекелік шара ұйымдастырылып, жұрт назарына концерттік бағдарлама ұсынылды. Шара барысында қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға құрмет көрсетіліп, алғыс хаттар табысталды. 

Сонымен қатар шаһардағы «Ана мен бала» орталығында ашық есік күні ұйымдастырылып, білікті дәрігерлер болашақ аналарға тегін ақыл-кеңес берді. Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев бұл күні 10 баланың анасы Күлия Кенемолдина мен 7 баланың анасы Ольга Ранееваны мерекемен құттықтап, «Алтын алқа» белгісін салтанатты түрде табыс етті.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН