05 Наурыз, 2018

Сайлау өткізудің басты себептері

523 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осы жылдың 11 сәуірінде Әзербай­жанда кезектес тыс президенттік сайлау өтеді. Әсілі бұл елде сайлау биылғы жылдың қарашасында өтуі тиіс еді. Бірақ билік президенттік сайлауды мерзімінен жарты жыл бұрын өткізуді ұйғарған. Ал саяси науқанның басы-қасында жүргендер кезектен тыс сайлау өткізу бірқатар себептерге байланысты екенін алға тартады.

Сайлау өткізудің басты себептері

Ой елегенін өткізетін болсақ, заңды түрде сайланған елдің қазіргі басшысы Ильхам Әлиевтің конституцияда белгіленген президенттік мерзімі әлі аяқталған жоқ. Әзербайжандағы саяси-экономикалық жағдай орнықты, кейбір мемлекеттердегідей оппозициялық партиялар мен саяси ұйымдар ереуілдетіп, билікке талаптар қойып жатқан жоқ. «Түрлі-түсті төңкерістердің» иісі де сезілмейді. Қысқасы, билік елдегі барлық жағдайды бақылауда ұстап отыр. 

Сонымен ол қандай себептер? Бірін­шіден, кезектен тыс президенттік сайлау өткізу елде маңызды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформа­ларды іске асыруға қосымша мүмкіндіктер ашады. Екіншіден, жылдың басында сайлау өткізуге ұмтылу әлемдік тәжіри­беде бар. Өйткені ол жаңа қаржы жылында президенттің өз өкілеттігін орын­дап шығуына жағдай жасайды. Әсіресе бұл экономикалық себептерге қатысты. Үшіншіден, биылғы жыл­дың мамыры мен желтоқсан айлары аралы­ғында Әзербайжанда халықаралық маңыз­дағы көптеген ірі іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр. Олардың қата­рында Әзербайжан мен Ресей елдері басшыларының қатысуымен өтетін халықаралық гуманитарлық форум бар. Аталған форум Әзербайжан демо­кра­тиялық республикасының құрылғанына 100 жыл толу құрметіне арналады.

Әзербайжан президентінің қоғамдық-саяси мәселелер бойынша көмекшісі Әли Гасановтың мәлімдеуінше, билік президенттік сайлау еркін, ашық және әділ өтеді деген сенімде. Сондай-ақ сая­си науқан елдің ұлттық заңнамалары мен халықаралық нормаларына сәйкес келуі тиіс. Жергілікті сарапшылардың болжамына қарағанда, өз өкілдерін кан­дидаттыққа ұсынған оппозициялық пар­тиялардың ешқайсысы қазіргі президент И.Әлиевпен бәсекелесе алмайды. Еуропалық әлеуметтанушылардың мәліметтері бойынша, қазіргі үкіметтің саясатын Әзербайжан азаматтарының 81 пайызы, ал И.Әлиевтің жеке өзін республика халқының 85,2 пайызы қолдайды.

Әзербайжанның орталық сайлау комиссиясы 27 ақпанда «Ени Азербайджан» партиясынан ұсынылған Ильхам Әлиевті президенттікке кандидат ретінде ресми тіркеді. Бес жылда бір өтетін бұл саяси бәсекеге, сондай-ақ «Народного фронта целостного Азербайджана» партиясынан Гудрат Гасангулов, «Национального движения воздрождения» партиясының өкілі Фарад Гулиев, өзін-өзі ұсынушы Асиф Мамедов және басқалар қатысуға ниет танытып отыр. Президенттік сайлауда қазіргі президенттің сайлаушылар қолдауына көптеп ие болатынын елдегі саяси партиялардың, оның ішінде билікке оппозиция партиялардың жетекшілері де іштей сезетін сияқты.

Сайлаудың қалай өткенін, кандидат­тардың қанша пайыз дауыс алғанын халықаралық байқаушылар мен елдің ресми орындары баға беріп, нәтижесін айта жатар. Дегенмен... Кейбір халық­аралық ұйымдар тарапынан баспасөз бостандығына байланысты сыни пікір­лерде жоқ емес. Алайда ресми Бакудің бұған қарсы келтіретін уәждері жет­кі­лікті. Мысалы, елде сөз бостандығы және ақпарат тарату мәселесі қамтамасыз етілген. Қоғамда БАҚ-тың рөлі мен ережелерін реттейтін заңнамалар базасы жетілдірілген. Бірнеше жүздеген газет басылып шығады, ондаған телеарналар мен ақпарат агенттіктері жұмыс істейді. Интернетті пайдаланушылар саны 80 пайыздан асады. Өзге мемлекеттердегідей, БАҚ қызметкерлері заңнама талаптарын бұзған жағдайда, ол заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуы тиіс.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Әзер­бай­жанда кезекті президенттік сайлау­ды осы жылдың қарашасында өткізу жоспарланған еді. Ильхам Әлиевтің сайлауды 11 сәуірде өткізу туралы өкімі көпшілік күтпеген оқиға болғаны рас. Бірақ мұндай сөз 2016 жылдың қара­шасында-ақ айтыла бастаған-ды. 
Ал Baku Network сарапшылар кеңесінің жетекшісі Эльхан Алес­керовтің пікірінше, президенттік сайлауды күз маусымынан көктем мезгіліне ауыстыру сайлаушылардың дауыс беруге көптеп келуіне оң ықпал етеді. «Cайлау өтетін күнге дейін әлі бір айдан астам уақыт бар, – дейді ол осы мәсе­ле­ге қатысты. – Бұл өз кан­ди­дат­­тарын ұсынған партиялардың ұйым­шыл­­дық танытып, сайлауалды насихат жұ­мыс­тарын жүргізулеріне жеткі­лікті. Екінші жағынан, Наурыз мейрамынан кейін ел аумағы ерекше құлпырады, көктем келіп, тал-теректер бүршік жарады. Осы да сайлаушылардың өз таңдауларын жасау белсенділігін арттыра түседі».

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»