В.Путин өз сөзінде мемлекеттің алдында тұрған маңызды міндет ретінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды атап көрсетті. Алдағы бірнеше жылдың ел болашағы үшін маңызды болатынын жеткізген Ресей президентінің сөзіне қарағанда, қазіргі таңда елге келетін басты қауіп – түрлі салаларда артта қалу. Ел экономикасының тұрақтылыққа бет алғанын айта отырып, В.Путин осы сәтті даму үшін тиімді қолдануға шақырды.
Мәселен, биылғы 1 мамырдан бастап Ресейде ең төменгі жалақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейіне теңестіру көзделген. В.Путиннің айтуынша, бұл төрт миллионға жуық тұрғынның жағдайын жақсартуға көмектеседі.
Сондай-ақ ол әлеуметтік көмек жүйесін қайта қарастырып, елдегі жұмыс күшін көбейтуді қолға алу керек екеніне тоқталды. «Былтыр еңбек жасындағы халықтың саны миллионға азайды. Алдағы жылдарда мұндай тенденция сақталып қала береді. Бұл өз кезегінде экономикалық өсімге кедергі келтіреді. Сондықтан Ресей халқының табиғи өсімін жолға қою керек», деді В.Путин.
Әлеуметтік саланы дамыту үшін Ресей президенті балабақшамен қамта-масыз етуді тапсырды. Оның айтуынша, алдағы үш жыл ішінде елде 270 мың орын ашылуы керек. Осыған байланысты өңірлерге қазынадан 50 миллиард рубль бөлінбекші. Бұдан бөлек ол қариялардың әлеуметтік жағдайына алаңдаушылық білдірді.
Сондай-ақ В.Путин халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету төңірегінде де әңгімеледі. Оның келтірген деректеріне қарағанда, 2017 жылы үш миллион адам жаңа баспанаға қол жеткізген. Осыған байланысты Ресей басшысы жыл сайын бес миллион тұрғынды үймен қамтамасыз ету қажеттігін мәлімдеді. Бұдан бөлек, қолжетімді баспананың деңгейін жоғарылату үшін маңызды үш мәселені атап көрсетті. Олар: халықтың табысын көбейту, ипотекалық несие берудің пайызын азайту және тұрғын үй нарығын кеңейту.
«Қазіргі таңда Ресейде жылына 80 миллион шаршы метр үй салынады. Ендігі жерде құрылыс көлемін арттырып, оны жылына 120 миллион шаршы метрге дейін жеткізу қажет. Бұл оңай шаруа емес, бірақ заманауи технологиялар мен құрылыс компанияларымыздың қарымын ескерсек, мұны еңсеруге мүмкіндік бар. 2024 жылы бүкіл ел аумағын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеміз. Халық саны 250-ден асатын елді мекендер арасындағы талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы аяқталады. Солтүстіктегі, Сібірдегі және Қиыр Шығыстағы ауылдарға ресейлік жер серігі арқылы интернет жеткізіледі», деді ол.
Алдағы басты басымдықтар ретінде В.Путин сапалы медицина қызметін дамытуды атап көрсетіп: «2019-2024 жылдары денсаулық сақтау саласын дамыту үшін ІЖӨ көлемінің төрт пайыздан астамын бөлуге тура келеді. Бірақ біз ол соманы 5 пайызға дейін жеткізуді көздейміз», деді РФ Президенті.
В.Путин елдегі инфрақұрылымды кеңейтіп, қайта жаңғыртудың басты міндеттердің бірі екенін мәлімдеді. Оның сөзіне сүйенсек, Ресей әлемдегі көлік тасымалының үздігіне айналуы тиіс. Осыған байланысты ол өңірлер мен қала басшыларына жол құрылысының сапасын жақсартып, жаңа технологияларды қолдануға тапсырма берді. Бұл мақсатты орындау үшін ел қазынасынан 11 триллион рубль қарастырылады.
«Еуразиялық жүк тасымалының тамырына айналуымыз қажет. Қазірдің өзінде «Еуропа – Тынық мұхиты аймағы» дәлізінің басты бөлігіне айналатын автокөлік жолы салынып жатыр. Қытай мен Қазақстандағы әріптестеріміз өз жұмысын толық аяқтады. Ондағы бөлік пайдалануға берілді. Біз жеделдетуіміз қажет», деді В.Путин.
В.Путиннің айтуынша, Ресей қазіргі таңда халықаралық ұйымдардың жұмысына белсене араласып келеді. Мәселен, ЭЫДҰ, БҰҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымдармен әріптестік аясы кеңейген. Сонымен қатар АҚШ және Еуропалық одақпен өзара ықпалдастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Тіпті кей мәселелерде көзқарастары сай келмесе де, әлемдік қауіпсіздік пен бейбітшілік үшін жұмыс істейтін серіктес болып қала беретінін де мәлімдеді.
«Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптестерімізбен бірге ұйымды бәсекеге қабілетті етуді көздейміз. Күн тәртібінде ортақ электр энергиясын, мұнай мен мұнай өнімдері, газ нарығын құрып, кедендік қызметті жақсарту тұр. Еуразиялық үлкен әріптестік орнату бойынша жұмысымызды жалғастыра береміз», деді В.Путин.
Сонымен қатар ол қорғаныс саласындағы жетістіктерге де тоқталды. Мәселен, америкалық зымыраннан қорғаныс жүйесінің күшейтілгеніне байланысты ресейлік баллистикалық зымырандар оны айналып өтетін жүйемен жабдықталатынын мәлімдеді. Бұдан бөлек, қанатты зымырандар және сүңгуір қайықтар платформасында әрекет ететін баллистикалық емес ядролық кешендердің жасалып жатқанын, олардың таяу уақытта қарулы күштер сапына қосылатынын жеткізді.
Сонымен қатар Ресей президенті кәсіпкерлікті дамыту мәдени-ағартушылық бағдарламалар, білім салалары, экономикалық саясат және жаңа технологиялар жөніндегі ахуалды баяндап, жоспарымен бөлісті.
Қорыта айтқанда, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның барлық бастамаларын қызу қолдап, саяси-экономикалық салада сенімді әріптесі болып келе жатқан, екіжақты ынтымақтастықтың дамуына барынша мүдделі, халықаралық және аймақтық ұйымдар шеңберінде елімізбен ауызбіршілігі жарасқан Ресейдің алдағы уақыттағы іс-қимылының жобасы В.Путиннің жолдауында осылайша көрініс тапты.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»