25 Қараша, 2011

Шаңырақ. Пырақ. Көк аспан

1088 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Еліміз Тәуел­сіздік алғаннан кей­ін іштей толға­нысқа түсіп, жас мемлекетіміздің негізгі рәміз­де­рі­нің бірі саналатын Герб туралы ойлана бастадым. Қазақ елінің Ел­таң­басы бұрын қайталанбаған тың ойлармен бейнеленуі керек деп есептедім. Шынында да осынау рәмізден ұлысымыздың қазіргі жағдайы көрініс тауып, келешекте қандай болатыны паш етілуі тиіс-тін. Одан ең алдымен халқымыз­дың қабыр­ғалы қасиеттері көрінуі керек-тін. Ата-бабаларымыз ғасыр­лар бойы бостандық үшін күресті. Кенесары хан, Амангелді батыр, Алаш арыс­тары, басқа да қаншама боздақтар осы жолда бастарын құрбандыққа тікті. Олай болса, халқымыздың еркіндікке, еркін ел болуға деген ұмтылысы Гербімізден ұғылып тұрғаны мақұл емес пе. Сонымен бірге ол елдің тәуелсіздігіне, одан әрі гүлденуіне қызмет етуі тиіс еді. Міне, Елтаңба жобасы мен но­байын жасау барысында осы жайларға көңіл бөлдім. Біз жасаған Елтаңба жобасының идеясы мен мазмұны айқын. Зеңгір көк аспан аясында шаңырақ орна­лас­қан. Ол туған ұямыздың ныша­ны. Жалпы көшпелі халықтардың дәстүрлі ұғымында бүкіл ғалам күмбез түрінде кейіптелген ғой. «Шаңы­рағың биік болсын!» деген терең мағыналы ақ тілек, міне, осыдан шыққан. Кейбір ағай­ын­ға қазақ: «Шаңырақ­қа қара!» дер еді. Бұл – ескерту. Төріме шығарсам да, төбемде секіртпеймін деген сөз. Негізінен алғанда шаңырақ: «Үйіңе, отбасы­ңа бейбітшілік, аман-саулық тілеймін. Осы кең әлем сияқты өсіп, өркен жай», деген ниетті де аңғар­тып тұрған тәрізді. Елтаңбада бес­бұрышты жұлдыз, аңызға айналған ай мүйізді пырақ және «Қазақстан» деген жазу алынған. Дәстүрлі қанатты тұлпар – пырақ бейнесі биік самғауды, болашақ туралы ар­манды білдіргендей. Тұлпардың көк­ке сермеген қанат­тары ортақ отауымыз – шаңыра­ғымызды қор­ғап тұр. Пы­рақтың аңыздағы ши­ра­тылған ай мүйізі қайсар­лықты, қай­ратты­лықты көрсеткен­дей әрі  көне тари­хымыз­дан да хабар бергендей. Міне, эскиз түріндегі осы жоба­ны жуырда ғана бақилық болған  аяулы абыз ағамыз, академик Са­лық Зиманов басқарған Үкіметтің арнайы конкурстық комиссиясы мақұлдап, менің жұмысыма бірінші орын берген еді. Сөйтіп ол Қазақ­стан Республикасы Жоғарғы Кеңе­сінің VІІІ сессиясының қарауына ұсынылған болатын. Елдігімізді бей­нелеген Елтаңбамыз өмірге осы­лай келіп еді. Шот-Аман УӘЛИХАН, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.