Қазақстан • 05 Наурыз, 2018

Депутат сауалы: Тұқым өсіруші шаруашылықтарды қайта аттестаттаудан өткізу қажет

299 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылғы Жолдауында Елбасы Н.Назарбаев 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңдел­ген ауыл шаруашылығы өнімінің экс­пор­тын кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тап­сыр­ғаны белгілі. 

Депутат сауалы: Тұқым өсіруші шаруашылықтарды қайта аттестаттаудан өткізу қажет

Қазіргі таңда ауылшаруашылық дақыл­дарының өнімділігі басқа факторлары­мен қатар тұқым шаруашылығына тіке­лей байланысты. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру оның ішінде қажетті көлемде жоғары ре­про­д­укциялы тұқымдарды өндіру мен сату және оған ауыл шаруашылығы тауар өн­діру­шілерінің қолжетімділігін қамта­ма­сыз ету тұқым шаруашылығының бас­т­ы мақсаты болып табылады. Осыған орай тұқым шаруашылығындағы кей­бір мәсе­лелерге тоқталып кеткенді жөн көреміз. 

Еліміздегі барлық шаруашылықтарда сұрыптарды жаңарту мен алмастыру па­йызы төмен, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің отандық селекция жетістіктерін пайдалану, сорттық сынау және тұқым шаруашылығы саласындағы инновациялық қызметті қабылдау деңгейі жеткіліксіз болып отыр.

Аттестатталған тұқым өндірушілер негі­зінен дәнді дақылдар тұқымын өндіру­мен айналысады, ал дәнді-бұршақты, майлы дақылдар, біржылдық және көпжылдық шөптердің тұқымдарын өндіру бүгінгі күні ауылшаруашылық тауар өндірушілер (АШТӨ) қажеттілігін қамтамасыз етпейді.

Материалдық-техникалық және техно­логиялық базаның ескіруі, селекция­ның кадрлармен қамтамасыз етілуі, сұрып сынау және тұқым шаруашылығы базалары­ның ескіргені селекциялық процесті тиім­ді жүзеге асыруға және жоғары сапалы тұ­қым­­дар өндіруді қамтамасыз етуге мүм­кін­дік бермей келеді. Селекциялық ғылы­ми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын жас ма­мандар мен ғылыми дәрежесі бар ғалым­дар жеткіліксіз. 
Селекциялық мекемелердің материал­дық-техникалық базасы жылдар бойы жаңартылмай, кенжелеп қалған. Сала мамандары мен ғалымдардың қолданыстағы барлық селекциялық техникалары мен құрал-жабдықтары моральдық жағынан ескі және заманауи талаптарға мүлдем сәйкес келмейді. 

Тұқым шаруашылығында қордалан­ған мәселелерді шешу мақсатында шаруа­­шы­лықтар тұқым себу кезінде элиталы және жоғары репродукциялы тұқымдар­ды пайдалануға мүдделілік білдіруі керек, түпнұсқалы және элиталы тұқым­дар­ды, бірінші ұрпақтағы будандар (гибридтер) мен бірінші репродукция­дағы тұқымдарды (басым дақылдар бо­йынша) алу үшін субсидия түрінде мем­ле­кеттік қолдау жасау жұмыстарын, мем­лекеттік бақылауды, төмен репродукциялы тұқымдарды пайда­­ланғаны үшін әкімгершілік жауапкер­шілікке тартуды күшейту қажет. 

Сонымен қатар жоспарлы сорттық жаңартуды жүргізу үшін субсидиялан­ған тұқымдарды мақсатты пайдалануға бақы­лау жүргізуді қамтамасыз ету керек. Бүгін­гі таңда «Тұқым шаруашы­лығы туралы» заңға сәйкес бұл сал­адағы мем­­ле­кет­тік бақылауды облыстар­дың жер­­гі­лікті атқарушы орган­дарының тұқым шаруашылығы бойынша мем­ле­кет­­тік инспекторлары іске асырады. Бірақ аудан­дардың жергілікті ат­қару­шы орган­дарының құзыреттілігі қарал­мауы, тұқым шаруашылығы саласына аудан­дық деңгейде бақылау жүргізуге қиын­дық­тар тудыруда. Сондықтан, бақы­лау тиім­ді­­лігін арттыру мақсатында тұқым шаруа­шы­­лығында аудандардың (об­лыстық маңыз­дағы қалалардың) жергі­лікті атқару­шы ор­ган­дарының құзырет­тілігін қарастыру керек.

Ғылыми-өндірістік орталықтар мен АШТӨ егіс алқаптарында үздік отандық сорттар мен гибридтерді кең ауқымда сала мамандарына көрсетуді ұйымдастырған жөн. Мемлекеттік сортсынау учаскелерінде мемлекеттік сынау әдістемесі мен сортттық технологияны қолдануды сақтай отырып нақты аймаққа бейімделген қолданыстағы агротехникаға сәйкес дақылдар мен сорттарды зерттеуді жүргізу керек. 

2015 жылғы 27 наурыздағы № 4-2/226 тиісті ережелер шеңберінде тұқым өсіруші шаруашылықтарды аттестаттаудан немесе қайта аттестаттаудан өткізу қажет деп санаймыз.

Біз Премьер-Министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің атына депутаттық сауал жолдап, осы мәселелердің шешілуіне назар аударуды сұрадық. 

Абзал ЕРАЛИЕВ,
Мәжіліс депутаты