Инженерлік-коммуникациялық жүйелер ауыстырылған. Рентген-телевизиялық тексеру құрылғылары, бейнебақылау камералары орнатылған. Бүгінгі күні кез келген санаттағы әуе кемелерін қабылдай алады. Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың әуежай есебіндегі арнайы техникалар ескі, ауыстыруды қажет етеді деген өтінішіне орай сатып алу мүмкіндіктері қарастырылатын болды. Әуежайға апаратын тасжолды қалпына келтіруге 985 миллион теңге жұмсалмақ.
Форум қонақтарының көпшілігі әуе және автомобиль жолдарымен келетіні ескеріліп, «Астана – Петропавл» жол дәлізі қалпына келтірілген. Енді ұзындығы 60 шақырым болатын облыс орталығы мен Ресей шекарасы арасындағы тасжол жөнделуде. Сондай-ақ қалаға кіреберістегі жол өткелін жөндеу қолға алынған. Оған «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде 1,2 миллиард теңге қарастырылған. Сиқы кеткен темір жол вокзалы жаңарып, лифт, эскалатор қойылады. Көшелерге электр қуатын үнемдейтін шамдар орнатылады. Осылайша қала абатттандырылып, өзгеше сәулетпен өрнектелетін болады.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасарына жаңадан бой көтерген «Жас өркен» шағын ауданында қызу жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының кешенді жоспары таныстырылды. Бұл аумақта 2700 пәтерді қолданысқа беру белгіленген. Спорт сарайы мен теннис орталығының құрылысы аяқталды. Қазақ театрының қазығы қағылып, іргетасы қаланды. Облыс әкімі биыл салынатын оқушылар сарайы IT-технологиялармен жарақтандырылып, балалардың ғылыммен шұғылдануына кең жол ашылатынын, танымдық және түрлі ойын-сауық қызмет түрлері құрылатынын баяндады. Дербес киностудия, киберқауіпсіздік және виртуалды кабинеттер, бағдарлау зертханасы, кинотеатр жұмыс істейді. Осы шағын ауданда Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі салымшыларына арналған 332 пәтерлі жаңа баспана, әрқайсысы 90 орындық екі шағын орталық өз есігін айқара ашады. Жобаның жалпы құны 3,7 миллиард теңгені құрайды.
А.Маминнің қатысуымен өткен жиында Қазақстан және Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына әзірлік шаралары жан-жақты талқыланды. Форумға «Қазақстан және Ресей туризмін дамытудың жаңа қырлары мен бағыттары» тақырыбының таңдап алынуы кездейсоқтық емес. Қазақстан бұл салаға үлкен көңіл бөліп келеді. Солтүстік Қазақстан да зор мүмкіндіктерге ие. Ішкі әлеуетті барынша пайдалануымыз қажет. Көрші елдің нарығына шығудың жолдарын қарастыру керек, дей келіп А.Мамин форумды жоғары деңгейде өткізу қазіргі атқарылып жатқан шаралармен тығыз байланысты екенін, қала инфрақұрылымына баса назар аудару қажеттігін, қажет болса қосымша қаражат қарастырылатынын атап көрсетті. Петропавл – Ресей шекарасы автожолын жедел аяқтауды тапсырды.
Қ.Ақсақалов өз сөзінде туризм саласы бойынша бірнеше ауқымды жобалардың жүзеге асырылып жатқанын, Имантау – Шалқар аймағында жаңа демалыс орындары мен автокарнинг іске қосылатынын жеткізді. Форумға бір мыңнан астам мейман келеді деп күтілуде. Бүгінде 750 орындық қонақүйлер дайын.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары ЗИКСТО, Петропавл ауыр машина жасау және С.Киров атындағы зауыттарда болып, ұжымдармен кездесті. Атқарылған істермен, алдағы жоспарлармен танысты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы