Фото: azattyq.org
Жалынды жастар қарияның үй-жайын тазалап, ішкі жақтауларын ақтап, іші жылы болу үшін терезелерін мақтамен бітеп, ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізді. 74 жасты алқымдаған Болысбай ата бұрын еш жерде жұмыс істемеген. Бұл үйде 1968 жылдан бері тұрады. Тағдырдың тауқыметіне тап болған жан. Өзі Ақтау қаласында ауруханада жатқандықтан туысы Орысбай балалардың қайырымды істеріне қатты риза болды. Әсіресе, есіктің алдына үйіліп қалған күл-қоқыс пен үйдің артқы жағында жыл бойы жиналып қалған тұрмыстық қалдықтарды тазалауда, аула ішін ретке келтіру ісінде жастардың қуатына сүйсініп, алғыс айтты.
Бұл іргелі істер жүйелі түрде ұтымды ұйымдастырылып келеді. Қарт – қазына. Бағзы заманнан қалыптасқан, ұрпақтан ұрпаққа ұштасқан өмірлік мақсаты – ел бірлігіне, жер тұтастығына бас-көздік, халықтың бірлігі мен ынтымақтастығын берік дәнекерлеу, ұлттық бай рухани қазынаны шашау шығармай сақтау және молайта түсу еді. Олар қай кезде де осы міндетті жүзеге асыруда ақылшы бола білді.
Өскелең ұрпаққа үлкенге құрмет көрсету, жалғызбасты қарттарды құрметтеу, оларға барынша жақсылық жасау мен жастарға патриоттық тәрбие беруді мақсат еткен бұл акция жалғасын табады.
«Біз бұл бастаманы әрі қарай жалғастыратын боламыз. Бүкіл шығындарды жастар өз қалталарынан шығарды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, біреуі әк әкелсе, енді бірі терезе жапқыш, ал қайсыбірі кілем, төсеніштер, киім кешектер, дәрі-дәрмектермен қолұшын созды. Шараға ұзын саны 15 - ке жуық ерікті қатысып, белсенділік танытты. Әсіресе, Шетпе гимназиясы, Шетпе лицейі, М.Атымов атындағы орта мектеп пен Б.Жұмалиев атындағы орта мектептердің 9-11 сынып оқушылары, Маңғыстау техникалық колледжінің 1-курс студенттері жоғары белсенділік көрсетіп, жанашырлық танытты», дейді еріктілер тобының белсендісі, Б.Жұмалиев атындағы орта мектептің 10 сыныбының озат оқушысы Руслан Әнетов.
Қалампыр ҚҰЛМЫРАТОВА,
Аудандық жастар орталығының маманы
Маңғыстау облысы,
Маңғыстау ауданы