Аймақтар • 05 Наурыз, 2018

Қостанайда әйелдер автошеруі екінші рет өтті

204 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ерекше автошеруді облыстағы Жастар ресурсы орталығы облыстық ішкі істер департаментімен бірлесп өткізді. Оған биыл батылдық көрсеткен 23 әйел ынта білдірді. 

Қостанайда әйелдер автошеруі екінші рет өтті

Акцияға қатысу үшін әйелдер машитнасын көркемдеп, безендіруі тиіс болатын. Машинасын әйелдер түрлі образда безендірді. Осы  жарыста  бас жүлдені алған  Екатерина Кожевина өзінің темір тұлпарына көйлек пен шляпа «кигізді».

«Ең бастысы мақсатымыз, әйелдердің ынтымақтасып, бірігуі, араласуына мүмкіндік жасау, жол ережесін сақтауды насихаттау және көпшілікке   мерекелік көңіл күй сыйлау болды» дейді Жастар ресурсы орталығының директоры Айгүл Абдуллина.

Әйелдер жүргізген темір тұлпарлар шеруі қала ортасындағы Жеңіс саябағынан  орталық Абай даңғылы арқылы қаланың бір шетіндегі «Астықжан» сауда орталығына дейін жүріп өтті. Шеруді көрген қалалықтарды машиналардың безендірілуі ерекше қызықтырды. Мысалы шеруге  қатысқан  Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкері Ғалия Қасымова өзінің  «Лада Приорасын»  «Рухани Жаңғыру» бағдарламасына орай  ұлттық  оюлармен және ұлттық киім киген  қуыршақпен  безендіріпті. Ғалияның рульге отырғанына 10 жыл болды. Осы жылдар  ішінде ол ешқашан  жол ережесін бұзып  немесе жол-көлік оқиғасына ұшырап көрмепті. Оған бұл істе өзінің жолдасы  көмектеседі.

 Шеруге Қостанай қаласындағы жолаушылар тасымалы кәсіпорнынан бес әйел-таксишілер қатысты. Автошеруге қатысушылардың барлығы да жолда жылдамдықты сағатына 40 шақырымнан асырмауды, бірін бірі басып озбауды, керуенше тізіліп жүріп отыруды  нақты орындады.

«Рульге арулар отырған автошерудің тағы бір мақсаты,  әйел машина айдай алмайды деген қалыптасып қалған түсінікті жоққа шығару еді. Қайта ең ұқыпты және жол ережесін қатаң сақтайтын әйел жүргізушілер екенін айтқым келеді» дейді  жергілікті полиция бастығының орынбасары Әлібек Бермұқанов. Шеру мәреге жеткен соң, ұйымдастырушылар  жүргізушілер үшін  викториналық сұрақтар қойды.   Жүргізуші арулардың барлығы да  мереке алдындағы сыйлықтарға ие болды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай