Қазақстан • 05 Наурыз, 2018

Сенаторлар су қауіпсіздігі мәселелерін талқылады

394 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатында Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мен Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері су қауіпсіздігі мәселелері бойынша мемлекеттік мүдделі органдар басшыларымен кездесті.

Сенаторлар су қауіпсіздігі мәселелерін талқылады

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева кездесуді аша келіп, шектеулі әрі шағын су ресурстары жағдайында су қауіпсіздігі мәселелері біздің елімізде ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі ретінде қарастырылатынын айтты. Жаһандық және аймақтық табиғат өзгерістері, су қатынастарындағы мемлекетаралық келіспеушіліктер, су шығыны көп технологияны және суды реттеу мен бөлуде артта қалған техникалық жабдықтарды пайдалану елімізді сумен қамтамасыз етудегі басты қауіп болып табылады.

Сенатор көктемгі су тасуы жыл сайынғы өзекті мәселе болып отырғанын атап өтті. Мемлекеттік органдар жұмысындағы жүйелі қателіктердің салдары дағдылы таситын судан күтпеген апаттарға душар етіп отыр.

Сөз алған Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин ІІМ орталық және жергілікті атқарушы мүдделі органдармен бірлесе отырып, «2017-2020 жылдарға арналған тасқын су қаупін болдырмау және жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасын іске асыруды жалғастырып жатқаны туралы хабардар етті.

Ю.Ильин көктемгі жайылма суға дайындықта төтенше жағдайлар жөніндегі орталық және аймақтық комиссиялар қабылдаған шараларға қарамастан бірқатар өзекті мәселелер сақталып отырғанын, олардың ішінде ең алдымен, судан қорғау кешендерінің жағдайы, елді мекендерді қорғау жұмыстарын ұйымдастыру, бөгеттер құрылысы мен өзен арналарын тазалау, көпірлерді жаңғырту бар екенін атап өтті.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Рүстем Құрманов республикалық меншіктегі судан қорғау кешендерін биылғы су тасқынын өткізуге дайындау және тасқын судың ықтимал зардаптарынан болатын зияндардың алдын алу жөніндегі ескерту шаралары бойынша ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдаған шаралар туралы баяндады.

Кездесуді аяқтай келіп комитет төрағасы Д. Назарбаева талқылаудың қорытындысы бойынша әзірленген ұсынымдар үкіметке жіберілетінін және заң шығару жұмыстары барысында ескерілетінін айтты.