Өз басым оны Үндеу деп емес, ел рухы мен тұрмысының қажыр-қайратын арттырудағы һәм экологияны гүлдендірудегі ширек ғасырдан астам уақыт бойы ұдайы, үзіліссіз-үздіксіз атқарылып келе жатқан мемлекеттік жаңғырудың Елбасы түзген саяси-әлеуметтік һәм экономикалық сатылы бағдарламаларының заңды жалғасы екендігін ұқтым. Көрегенділік пен іскерлік, салиқалы-сабырлы басшылық қабілет нәтижесінде сомдалған сондай сатылы бағдарламалардың арқасында біз әлемдегі аса қуатты елдердің соңғы екі-үш ғасырдай уақыт бойы жүріп өткен жолдарын барынша қысқа уақытта, біліктілік пен бірлікте абыроймен өтіп те үлгердік. Алда жаңа мақсаттар мен оларға жету жолдарындағы экономикалық, технологиялық, тағы басқа сандаған жағдаяттардың орасан алгоритмін шапшаң меңгеріп, жүзеге асыру міндеттері тұр.
Қош, Отан деген жай бір көркем атау емес, ол – баршамыздың ешқандай сауда мен дилеммаға салынбайтын киелі туған жеріміз, бабаларымыздан қалған байтақ атамекеніміз. Ал қалың қазақ үшін Атамекен-Отан ең әуелі «Өз үйім – өлең-төсегім» қағидасы бойынша қастер тұтылады. Әр отбасының өз үйі – «өлең-төсегі». Президентіміздің бұл жолғы тактикалық бағдарламасындағы «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты бірінші бастамасы – бабаларымыздың сол, «Өз үйім – өлең-төсегім» даналығына сай атқарылар қарекеттің ғылыми негіздері. Аталмыш бастамадағы «7 – 20 – 25» бағдарламасы» – сол алапат шаруаның абыроймен атқарылуына арналған әмбебап механизм.
«Екінші бастама: «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту». Бұл ретте «жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып,
1 процент қана салық салу» көзделінуде. Соның нәтижесінде «еліміздегі барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің ( бұл 2 миллионнан астам адам) жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болады». Ол да нақты дүние.
Сөз жоқ, ғылым мен техникалық, коммуникациялық киберүдеріс көз ілеспес шапшаңдықпен дамып бара жатқан қазіргі заманда отыз озық елдің соңында салпақтамай, қапталдаса ілгерілеу үшін білім мен ғылым саласында әлемдік стандарттарға сай өнегелі-өрісті реформалар іске асуда. Әрине оларды сын қырына алып, тезге саларлық тұстары да жоқ емес. Үміт пен сенім – «көштің жүре түзелетінінде». Десек те ол салада кезек күттірмейтін аса маңызды жағдаяттардың бірі – оқу орындарының жатақханалары мен грант мәселелері. «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» атты үшінші бастамасы» – дәл сол проблемалар шешімдерінің қысқа мерзімде оңтайлы іске асуын қамтамасыз етуге бағытталған құнды тұжырымдардан тұрады. Ол бойынша, «жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша, 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу (оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі) жоспарлануда».
Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де – өте күрделі жайт. Оны шешудің ең тиімді тәсілі – «сол мекемелер мен девелоперлік компаниялардың мемлекет пен жекеменшіктік серіктестігінің бірлестігі қағидасымен жатақхана салуды қолға алу». «Үшінші бастаманың» алтынқазық идеясы сонда. Тағы бір өте маңызды жаңалық – «мемлекет өз тарапынан, Білім және ғылым министрлігі арқылы, жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігінің біртіндеп қайтарылуына толық кепілдік береді». Сол бойынша, 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап, кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салу тапсырмасы нақты айқындалып отыр.
Бабаларымыздан қалған даналық бізге өмірдің «қарыз пен парыз айналайыны» екендігін де айтады. Оның негізгі формуласы: «Адамның күні – адаммен». «Шағын несие беруді көбейту» деп аталатын «төртінші бастаманың» идеялық ұстанымы да, негізінен алғанда, сол қағидат ережелері мен шарттарына сайма-сай. Ол орайда, Елбасы жауапты органдар мен мекемелерге 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырып отыр. Яғни шағын несие алатындардың саны былтырғыдан 2 есеге артып, 14 мың адамға жетпек. Алдағы уақытта белсенді түрде жалғасын табатын ол қызметтің қарқыны, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті барған сайын сапалы түрде дамыта түсу үшін айрықша маңызды рөл атқаратын болады деген ойдамыз.
Бесінші бастама: «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру». Ол бастама бойынша Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасын тездетіп жүзеге асыру міндеті тұр. Жоба нәтижесі 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға да ересен мүмкіндік беретініне, жалпы алғанда, қалаларымыз бен өзге де елді мекендеріміздің, Ұлы Даламыздың экологиясын жақсартуда да аса зор жетістіктерге қол жеткізетініне сеніміміз мол. Осы арада айта кетейік, бізде, Зайсан өңірінде газ өндіріледі. Қазіргі уақытта Зайсан қаласының өзі газбен толықтай қамтамасыз етілген. Енді көгілдір отынды ауылдарға тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Болашақта Зайсанның газымен көршілес аудандарды да қамту жоспарланған. Бірақ өкінішке қарай, жұмыс барысы өте баяу. Мына бесінші бастама сол істердің тезірек орындалуына өз ықпалын тигізеді.
Қош, осындай «бес бастамадан» тұратын бағдарлама еліміздің барша азаматтарының тұрмыс-тіршілігінде жиып-терген игілігінің одан сайын молая түсуіне кепіл болары сөзсіз.
Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бағдарлама ретінде заңдық тұрғыдан бекітілер болса, мемлекетіміз де одан сайын айбынданып, ынтымағымыз да нығайған үстіне нығая береді, қоғамымыз да гүлдене түседі.
Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
СЕМЕЙ