Қазақстан • 06 Наурыз, 2018

Жерді жалға беру мұқият қадағаланады

670 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында «Жер қатынастарын реттеудің кейбір мәселелері туралы» Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Жерді жалға беру мұқият қадағаланады

Жиын барысында вице-министр 2016 жылдың мамыр айында Елбасының Жарлығымен және тиісті заңмен Жер кодексінің жекелеген нормаларына 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін мораторий енгізілгенін, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қазақстандықтарға жекеменшікке және шетелдіктерге жалға беруге мүлдем тыйым салынғанын тілге тиек етті.

«Парламент депутаттарының, орта­лық уәкілетті органдардың, қоғам қайраткерлері мен азаматтық қоғам белсенділерінің қатысуымен арнайы Жер реформасы бойынша комиссия құрылып, тиісті жұмыстар атқарылды. Комиссия мүшелері, еліміздің жергілік­ті тұрғындарымен өткізілген кездесулер нәтижесінде берген ұсыныс­тарын, мәселелердің қоғамдық маңызды­лығын ескере отырып, келесі шешімдер қабылд­ады. Олар: ауыл шаруашылығы жер­лерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру, қазақ­­стандықтарға ауылшаруа­шы­лық жерлерінің жалға берілетін мөл­шерлерін шектеу, шекара аумақ­тарын­дағы ауылшаруашылық жерлерін пайдалану талаптарын күшейту, тұр­ғындардың жайылым алқаптарына деген қажеттіліктерін қамтамасыз ету. Аталған ұсыныстардың негізінде Жер кодексіне өзгерістер мен толық­тырулар енгізу бойынша заң жобасы дайындалып, Парламент Мәжілісінің екі оқылымында қаралып, бүгінгі таң­да Сенатта қаралуда. Заң жобасы қоғам­дық кеңес отырыстарында, басқа да қоғамдық алаңдарда жұртшы­лық­пен, ауылшаруашылық тауар өндіруші­лермен кеңінен талқыланған. Сонымен бірге аталған заң жобасы нормативтік-құқықтық актілердің ашық порталында, Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтында 2016 жылдың қараша айынан бастап орналастырылып, оның Парламентте қаралу барысы туралы ақпараттар үнемі жаңартылып отырады», деді Е.Нысанбаев.

Сонымен қатар ол заң жобасының негізгі нормаларына толығырақ тоқта­лып өтті.

«Біріншіден, ауылшаруашылық жер­лерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетіл­діру мақсатында жалға берудің жаңа әрі бөлек тәртібі қарастырылып отыр. Жер беру тәртібінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету және жемқорлықты болдырмау үшін конкурсқа қойылатын жерлер тізбесін бекіту, оны міндетті түрде қоғамдық кеңестермен және үкіметтік емес ұйым­дармен келісу, жер комиссиясының құра­мына 50 пайыз қоғамдық кеңе­с­тер мен ұйымдардың өкілдерін енгізу қарастырылған. Сонымен бірге кон­курстың жариялылығы мен оған барлық қатысушылардың тең қолжетімділі­гін қамтамасыз ету мақсатында жаңа тәртіп бойынша конкурс өткізілетіндігі туралы хабарландыру тек аудандық қана емес, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында орналастырылады. Екіншіден, ауылшаруашылық жерлерінің үлкен көлемде «бір қолға» берілуін болдырмау мақсатында, заң жобасында әр облыстың әкімшілік аудандары шегінде ауылшаруашылық жерлерінің шектік мөлшерін белгілеу көзделген. Бір қолға берілетін жерлер­дің мөлшерін мәслихаттар мен әкім­дік­тердің бірлескен ұсынысының негі­зінде Үкімет бекітеді. Бұл шектік мөл­шерін айқындау үшін тиісті есептеу әдіс­темесі әзірленді», деді вице-министр.

Е.Нысанбаевтың сөзінше мемле­кеттік шекараның шекара­лық белдеуінде орналасқан ауылшаруашылық алқап­тары ешкімге берілмейді.

«Мемлекеттік шекараның шек­ара­лық белдеуінде орналасқан ауыл шаруашылық алқаптары ешкімге беріл­мейді, тек жергілікті халы­ққа жайы­лым, шабындық ретінде ғана пай­далануға рұқсат етіледі. Ше­кара­лық аумақта орналасқан жер учас­ке­лерін шетелдіктерге, Қазақстан Республикасының шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарына немесе құрамында шетелдіктер бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына беруге тыйым салынады. Бұл аумақта орналасқан ауылшаруашылық жер­лері тек қазақстандықтарға ғана жалға берілетін болады. Төртіншіден, жер­гілікті тұрғындардың жеке аула малы­ның саны жыл сайын өсуіне байланыс­ты заң жобасында жайылым жетіспеу­шілі­гін шешу мақсатында елді мекендер айналасында жайылым алаңдарын айқындайтын норма көзделуде. Осы мақсатта айқындалған жайылымдарды жалға беруге тыйым салынатын болады. Сонымен бірге елді мекендердің маңындағы жайылымдардың көбі жеке және заңды тұлғаларға беріліп кеткендігін ескеріп, әкімдіктерге ол жерлерді қайтару үшін халықтың жайылым жерлерге мұқтаждығын мемлекеттік қажеттілікке жатқызу қарастырылып отыр.

Осы заң жобасында ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке сату және шетел­діктерге жалға беру туралы енгізіл­ген мораторийдің шеңберін кеңейту қарастырылып отыр, онда 1 пайыз болса да шетелдік үлесі бар қазақ­стандық заңды тұлғаларға жер беріл­мейтін болады. Бұл ретте, заң жобасы нормаларының барлығы Жер комиссияның жұмысының қоры­тындысы бойынша әзірленген және ауылшаруашылық жерлерін тек қазақстандықтарға ғана жалға беру институтын жетілдіруді көздейді.

 

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»