Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап мектептерде «Kundelik.kz» электронды күнделік және журналдар жүйесі енгізілген. Бұл жүйе мұғалімдерге электронды форматта журнал толтыруға мүмкіндік тудырса, ата-аналар қауымы үшін баласының үлгерімін онлайн режімде қашықтықтан-ақ қадағалауға жол ашқан. Мамандар жүйе жұмысын бастағалы бері оқушылардың үлгерім сапасы мен тәртібінде оң өзгерістер байқалғанын айтады.
Мектептер мен мектептен тыс ұйымдарда іске қосылған робот-техника және 3D модельдеу үйірмелері 2692 оқушыны қамтыған. Биыл Оқушылар сарайы базасында балалар мен жасөспірімдер күшімен инновациялық бизнес жобаларды енгізуге арналған бизнес-инкубатор құрылмақ. Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенованың айтуынша, бұл балалардың ерте жастан зерттеушілік дағдысын қалыптастыруға және мектеп бітірушілердің болашақта әлемдік бәсекелестік ортада лайықты орын алуларына мүмкіндік бермек. Педагогтардың біліктілігін арттыру мен мәртебесін көтеру әрдайым басты назарда деген қаланың бас мұғалімі осы бағытта қолға алынған бірқатар шаруаларды жіпке тізіп берді.
– Орта білім беру деңгейінде жаңартылған мазмұнды білім беруге кезеңдеп өту белгіленді және бұл 2020 жылы аяқталады. Осы ретте жаңартылған мазмұнды білім беруге 2016 жылы 1-ші сыныптар, 2017 жылы 2, 5, 7-ші сыныптар өтті. Осы жылы кезеңдеп өту ісі 3, 6, 8-ші сыныптарды қамтыса, 2019 жылы, 9, 10-шы сыныптар, 2020 жылы 11-ші сыныптар жаңа мазмұнды білім беруге толықтай өтеді. Елбасы халыққа Жолдауында атап көрсеткендей, жаңа мазмұнды білім беру жүйесіне өткен мұғалімдердің жалақысы 30 пайызға өседі. Санаты мен еңбек өтілі жоқ жас мұғалімдерге 18 696 теңге, жоғары санатты мұғалімдерге 27 мың теңгеден аса үстемақы қосылады. Жаңартылған мазмұнда білім беру бойынша 2016 жылы 1-ші сыныптың 2786 мұғалімі, 2017 жылы 2,5,7-ші сыныптардың 3846 мұғалімі курстан өткізілді. Биылғы жылы білім басқармасының және білім беру ұйымдарының сайттарына қаладағы үздік мұғалімдердің бейнесабақтарын орналастыру бойынша жұмыстар басталды. Білім беру жүйесінің тиімділік көрсеткішінің маңызы оның нәтижелілігінде, – дейді Г.Ходжабергенова.
Алматы қаласының білім беру жүйесінде 1078 білім беру ұйымы жұмыс істесе соның 700-і мектепке дейінгі білім беру ұйымы. Мәселен соңғы екі жылдың өзінде қалада 10,4 мың адамға арналған 262 мектепке дейінгі мекеме ашылған. Мектепке дейінгі білім берумен және тәрбиелеумен 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың балалардың 81,2 пайызы қамтылған. 296 мектепке дейінгі ұйымның базасында 13 712 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған. Жалпы, қаладағы орта білім беру ұйымдарында 243 348 оқушы білім алады. Жуырда ғана халық алдында есеп берген шаһар басшысы жастардың жақсы білім алуына лайықты көңіл бөлінетінін тілге тиек еткен еді. Бұл ретте оқушылардың сапалы білім алуы үшін мұғалімдерге қойылатын талап та күшейтілмек.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ